Жемқорлық — әлемнің көптеген елдерінде белең алған ең ауыр қасіреттердің бірі. Шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлердің билікті, лауазымды және ортақ ресурстарды өз пайдасына асыруы мемлекеттің дамуын тежеп, қарапайым халықтың билікке деген сенімін жояды және елдің жасампаздық бастамаларына тұсау болады.
Өкінішке қарай, бүгінде көптеген мұсылман елдері де осы дертке қатты шалдыққан. Оның басты себебі — мұсылмандық тек формальды түрде болып, оның ішкі мәніне үңілмеуде. Төменде исламның жемқорлықпен қалай күресетінін және одан қоғамды тазартуды міндеттейтінін көрсететін 15 хадисті ұсынамыз.
Қоғамға қызмет ету – зор жауапкершілік
1. Жауапкершілік жүгі. Сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.) былай деп әңгімелейді: «Мен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін естідім: «Әрқайсысың бақташысыңдар және әрқайсысың өз отарларыңүшін жауаптысыңдар. Басшы — бақташы, ол өз халқы үшін жауапты. Ер адам — өз отбасының бақташысы, ол сол үшін жауапты. Әйел — күйеуінің шаңырағына бақташы, сол үшін жауапты. Қызметші — қожайынының мүлкіне бақташы және сол үшін жауапты... Сондықтан бәрің бақташысыңдар және сеніп тапсырылған аманат үшін жауап бересіңдер». (Бұхари)
2. Сатқын басшының үкімі.
Сахаба Мақил ибн Ясар (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мынадай хадис жеткізген: «Қол астындағыларға қиянат жасаған күйі (әділетсіздік қылғанкүйі) өлген кез келген басшыға Алла Тағала Жәннәтты харам етеді». (Сахих).
3. Билік — ауыр аманат.
Әбу Зарр (р.а.) айтады: «Бірде мен: "Уа, Алланың Елшісі! Мені бір іске басшы етіп тағайындамайсыз ба?" — деп сұрадым. Сонда ол иығымнан қағып: «Ей, Әбу Зарр! Сен әлсізсің, ал билік — аманат. Кім оны лайықты түрде иемденіп, міндетін толық атқармаса, Қиямет күні ол билік иесі үшін тек қорлық пен өкініш болады», — деді». («Сахих Мүслім»).
Жемқорлықпен күресу — бүкіл қоғамның парызы
4. Зұлымдықты тоқтату
Сахаба Әбу Саид әл-Худри (р.а.) риуат еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім бір жамандықты (күнәні) көрсе, оны қолымен тоқтатсын; егер оған күші жетпесе, тілімен (айтып) тоқтатсын; егер оған да шамасы келмесе, жүрегімен жек көрсін — бұл иманның ең әлсіз көрінісі», — деген. (Сахих)
5. Бір кеменің жолаушылары
Сахаба Нұғман бин Бәширден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алланың тыйымдарын бұзушылар мен оған бейжай қараушыларды кемедегі жолаушыларға теңейді. Төменгі қабаттағылар су алу үшін кеменің түбін теспек болғанда, жоғарғы қабаттағылар оларды тоқтатпаса, бәрі бірге батып кетеді. Ал егер қолдарынан ұстап, тоқтатса — бәрі де аман қалады. («Сахих Бұхари»).
6. Бауырыңа көмектесу
Әнәс ибн Мәлік (р.а.) былай деп хадис жеткізеді: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бауырыңа зұлымдық қылса да, оған зұлымдық көрсе де көмектес», — деді. Сахабалар: «Зұлымдық көрсе көмектесуді түсіндік, бірақ зұлымдық жасаушыға қалай көмектесеміз?» — деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Оны зұлымдық жасаудан тыю — оған берген көмегің!», — деп жауап берді. («Сахих Бұхари»).
Лауазымды асыра пайдалануға ақтау жоқ
7. "Сыйлық" кейпіндегі пара.
Сахаба Хумайд ибн Саад әс-Садид жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) зекет жинауға бір адамды тағайындайды. Ол қайтып келгенде: «Мынау мемлекеттікі, ал мынау маған берілген сыйлық», — деді. Сонда Алла Елшісі мінберге шығып: «Егер ол әке-шешесінің үйінде отырса, оған сол сыйлық берілер ме еді? Мұхаммедтің жаны қолында болған Алламен ант етейін, кімде-кім орынсыз бір нәрсе алса, Қиямет күні сол затты мойнына арқалап келеді», — деп ескерткен.
8. Мемлекет мүлкіне қиянат жасау (Ғұлул).
Сахаба Адий ибн Умайра айтады: «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Егер біз біреуді жұмысқа алсақ және ол бізден бір инені немесе одан да кіші нәрсені жасырып қалса, ол — ұрлық саналады. Ол мұны Қиямет күні өзімен бірге алып келеді», — дегенін естідім». («Сахих Мүслім»).
9. Шенеуніктердің "табысы"
Сахаба Әбу Хумайд әс-Саиди жеткізеді: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Лауазымды тұлғаларға берілетін сыйлықтар — арам жолмен табылған табыс (арам олжа) болып табылады», — деген.
10. Жалақыдан тыс алынған дүние
Сахаба Бурайда (р.а.) риуаят етеді: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер біз біреуді қызметке тағайындап, оған жалақы белгілесек, оның сол жалақыдан тыс алған кез келген нәрсесі — заңсыз олжа», — деді. (Әбу Дәуіт, «Сүнән»).
11. Қоғамдық қаржыға қол сұғу
Сахаба Хаулат бинт Амир (р.а.) жеткізеді: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алланың мүлкін (қоғамдық қаржыны) орынсыз пайдаланатын адамдар бар. Қиямет күні олардың барар жері — Тозақ», — деген. («Сахих Бұхари»).
Парақорлыққа қатысты қатаң ескерту
12. Алланың лағынеті
Сахаба Абдулла ибн Амр (р.а.) жеткізген хадис: Алла елшісі (с.ғ.с.): «Пара берушіге де, пара алушыға да Алланың лағынеті болсын», — деді. (Ибн Мәжа)
Құқық саласындағы әділдік
13. Үш түрлі қазы (судья)
Ибн Бурайда әкесінен жеткізеді: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Қазылар үш түрлі болады: оның екеуі тозақта, біреуі жәннәтта. Ақиқатты біліп, соған сай үкім шығарған қазы — жәннәтта. Ақиқатты біле тұра әділетсіздік қылған — тозақта. Ал білімсіз бола тұра үкім кескен қазы да тозақта».
14. Жалған куәлік — ауыр күнә
Сахаба Әнәс ибн Мәлік (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) ең үлкен күнәлар туралы айта келе: «Аллаға серік қосу, адам өлтіру және ата-анаға қарсы келу», — деді. Содан соң: «Сендерге күнәлардың ең ауырын айтайын ба? Ол — жалған сөйлеу немесе жалған куәлік беру», — деді. (Бұхари мен Муслим)
15. Заң алдында бәрі тең
Әзіреті Айша анамыз (р.а.) былай деп әңгімелейді: Құрайыш руының шонжарлары ұрлық жасаған бір ақсүйек әйел үшін араша түспек болады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қатты ашуланып, былай деді: «Сендерден бұрынғы қауымдардың құру себебі — олардың арасында ақсүйек ұрлық жасаса, оны кешіре салатын, ал әлсіз (кедей) ұрлық жасаса, жазасын беретін. Алламен ант етейін! Егер Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық жасаса, оның да қолын шабар едім!». («Сахих Бұхари»).[1]
[1] Мухаммад Фатхи, https://islam.com ua/