Көркем мінезге жету жолдары
Көркем мінезге жету жолдары
7 жыл бұрын 5442
Имам әл-Ғазали

Көркем мінез ақыл күшінің және ашу мен құмарлық күштерінің орташа болуына және зерденің кемелдігіне байланысты екенін білдің. Бұл орташа деңгей ақыл мен шариғатқа бағынуы тиіс, ол екі бағытта пайда болады. Біріншісі – Алла тарапынан және табиғи кемелдікпен келген орташа деңгей. Адам табиғи болмысынан кемел ақылды және мінезі көркем болса, онда бұл табиғи кемелдіктің белгісі. Бұлар оған ашу мен құмарлықты басқаруына жетерлік, оның бойындағы орташа деңгейлік ақыл мен шариғатқа бойсұнған. Мұндай адам тәлім алмаса да ғалым, тәрбие көрмесе де әдепті. Мысалы, Иса ибн Мәриям, Яхия ибн Зәкария және т.б. пайғамбарлар сияқты.

Сондай-ақ адамның табиғатында жүйелі әрекеттер арқылы шығаруға болатын сипаттар да бар. Кейбір балалардың тілі анық, қолы ашық болып туылса, енді басқалары бұған қарама-қарсы мінезбен туылады. Көркем мінез жақсы балалармен бірге жүріп-тұру, жасаған қателіктерден келешекте ғибрат алуды өзін-өзі әдеттендіру арқылы келеді.

Екіншісі – көп тер төгу мен жаттығудың арқасында келетін орташа деңгейлік. Кім өзінің бойында жомарт мінезін қалыптастыруды қаласа, онда ол мал-дәулетін Алланың жолына жұмсап үйренуі тиіс. Нәпсіге жүктелген бұл бейнет оның табиғатына сіңіп, мінезіне ауысқанша көп сабырлық танытуы қажет. Шариғатқа лайық, мақтауға тұратын мінездердің барлығы осы жол арқылы келеді. Адам жасаған жомарттығынан ләззат алса, сонда барып жомарттықтың ең жоғарғы мәртебесіне қол жеткізген саналады. Шынайы сақи адам, малын жұмсаған шақта, рақаттанады. Ондай адамға қиналу мен іштарлық жасау тән емес. Ал енді сықпарлықтан ләззат алған адам – нағыз сараң. Егер нәпсіміз барлық жақсы мінездерді үйреніп, жаман қылықтарды тастамаса, онда бойымызда діни ахлақ тұрақтамайды. Ізгі амалға құштар адамда болатын еңбекқорлық пен талпынысқа ден қоймасаң, онда бұл мінездің ләззатын алмайсың және теріс қылықтарды жек көрмесең, шынайы бақытқа жетпейсің. Пайғамбар (с.а.у.): «Намаз – көзімнің қуанышы», – деген (Нисай риуаты). Ал біз болсақ, ғибадатқа жалқаулық танытып, орындауымыз қажет амалдарды қатты қиналып, оны ауыр санап, тәрік қылып жатамыз. Мұндай кемшіліктермен қайтып бақыттың кемелдігіне жетпекпіз?

Құлшылық үшін сабырлық таныту оңай шаруа емес. Алла тағала: «Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында, намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді. Ол ынталылар, Раббыларына шын жолығатындықтарын ойлап әрі Оған анық қайтарылатындықтарын да біледі» – деп айтқан (Бақара; 45-46). Сондай-ақ құлшылықтың мұндай дәрежесіне жету үшін бастан кешіретін машақаттың өз сауабы болады. Алланың елшісі (с.а.у.): «Аллаға разылықпен құлшылық қыл. Егер бұлай жасауға шамаң келмесе, онда саған ауыр болған нәрсеге сабырлық қылсаң да көп қайыр бар», – деген (Табарани риуаяты).

Уәде етілген бақытқа көркем мінез арқылы жетеді. Бұл жолда Аллаға бойсынудан ләззаттану және күнәні жек көру амалдары уақытша емес, бәлкім ғұмыр бойына созылатын дүниелер. Өмір өткен сайын құндылық тұрақты әрі толықтай түседі. Сол үшін Алланың елшісінен (с.а.у.) бақыт хақында сұраған уақытта: «(Бақыт) – бүтін өмірді Алла тағалаға бойсынып өткізу», – деп жауап берген (Әбу Бәкірдің риуаяты). Расында дүние – ақыреттің егін алқабы. Өмір ұзарып, ғибадат қаншалықты көп болса, сауап соншалық мол, нәпсі соншалық пәк, ахлақ та соншалық көркем болмақ. Аллаға жасалған құлшылық жүректе өз таңбасын қалдырса – мақсатқа жету деген осы, ол үшін құлшылық, өмірдің ақырғы деміне дейін үздіксіз жалғаса беруі керек.

Адам дүние құштарлығын жүректен шығарып, оның орнын Аллаға деген махаббатпен толтырса, бұл ең көркем мінез саналады. Мұндай мінезге қол жеткізген пенде үшін – ұлы Алланың құзырына барудан сүйіктісі жоқ. Ол адам бар малын осы жолда сарп қылады, ол бойындағы барлық ашуы мен құмарлығын шариғат және ақыл таразысына салып, тек Аллаға жету жолында жұмсайды. Бұл нәрсемен шұғылдану оған қуаныш пен ләззат береді, оқыған намазы көзінің қуанышына айналады. Жасаған құлшылығы тәтті және керемет болады. Құлшылықтың ләззатына дағдыланған нәпсі болса, онда бұдан да асқан ғажап болмақ!

Кейбір кезде мансап-мәртебеге, түрлі нығметтерге ие адамдардың сарыуайымға салынғанын көреміз. Бір нәрсеге құмартқан адам, құмарсыз өмірді көз алдына елестете алмайды. Құмар оны өмірдегі барлық қуаныштан мақұрым етеді. Құмар – ахлақтың бұзылуына себеп болғанымен, ол адам сол құмардың «ләззатынан» асып кете алмайды. Өйткені ол ұзақ уақыт осы құмарды дос тұтып, жылдар бойы өмірін соның жолына жұмсаған. Мысалы, кептердің баптаушысы тәулік бойы шақшиған күннің астында аяқ үстінде қақиып тұрады. Ол кептердің ұшып, қонып, ауада айналып билеген қимылдарына қуанғаны сонша, аяқтарының ауырғанын және өзінің шаршағанын байқамайды. Сол сияқты, бұзақы адамдарды алайық. Олар денедегі жарақаттары мен дүре соққыларының орнын мақтан тұтады. Жаза мен қиындықтарға шыдадым деп ойлайды. Сол сияқты қызтеке адам. Ол өзінің киімі мен шашын, бет әлпетін әйелдерге ұқсатып жүргеніне мәз. Олар өздерінің араларында әйелге қатты ұқсай білген адамды қатты мақтан тұтады. Әйелдердің арасында жүрген уақытта бастарын биік ұстап, патшалар мен ғалымдардың арасында жүргендей сезінеді. Бұл – үздіксіз ұзақ уақыт бір нәрсемен машғұл және өзі сияқты адамдармен араласу нәтижесінің жемісі.

Нәпсі мезгіл бойына ұсқынсыз, бұзық нәрселерге жақын тұрса, бірте-бірте сол нәрсеге қызығушылық танытады, тіпті құныққаны сонша одан ләззат ала бастайды. Егер сен де бір мезгіл Аллаға қайтып, кейін оған байлансаң, онда бұған қалай әдеттенбеске және бұдан ләззат алмай тұруға болады ма?! Негізінде нәпсінің бұзық, жаман істерге бейім тұруы, адамның жаратылыс табиғатына қарсы. Мысалы, кейбір адамдардың топырақ жейтіні сияқты. Ал енді жаратылыс табиғатының ақылға бағынуы, Жаратқан иесін тануы және оған құлшылық жасауға бейім тұруы, оның тамақ пен суға жақын болғаны сияқты. Себебі жүректің табиғаты мұндай бейімділікті орындайды, ал құмарлық қажеттіліктеріне жақын тұратын бейімділік жүрекке жат.

Жүректің азығы – ақыл, білім және Аллаға деген махаббат. Егер жүрек дертке шалдықса, онда оның табиғаты өзінің орындайтын міндетіне ұзақтауы мүмкін. Дерттің асқазанды бұзатыны сияқты, ол да жүректі өзінің бейім тұрған нәрселерінен алшақтатады, яғни асқазан бұзылса, болмысынан жақын тұратын тамақ пен суға деген тәбеті жоғалады емес пе? Қандай жүрек Алладан басқасына махаббат қоюға бейім болса, демек жүрек сол бейімділік көлемінде дертке шалдыққан деген сөз. Ал енді адам Алланың махаббаты мен діннің өсиет қылған нәрселеріне махаббат қоятын болса, бұл бейімділік оның жүрек дертіне себеп болмайды. Демек, жақсы жаттығудың арқасында көркем мінезге қол жеткізуге болатынына анық көз жеткізген боларсың.

Көркем мінезге еру үшін қиындықпен орындалған ізгі амалдар ақырындап адамның табиғатына айналады. Бұл жүрек пен дене мүшелерінің арасында болатын ғажап қатынас. Жүректе пайда болған әрбір сипаттың ықпалы дене мүшелеріне де тиеді. Тіпті олар жүректегі осы сипатқа сәйкес қозғалысқа түседі. Әрбір әрекет дене мүшелерінің арқасында орын далады, кейбір уақытта сол әрекеттің әсері жүрекке де өтеді. Бұл – жүріп тұратын айналым. Мысалы, бір адам шебер хатшы болуды қалады делік. Қандай істе болсын, жоғары мәртебеге жету оңай шаруа емес. Хатшылық шеберлігінің машақаты да өзінше бір төбе, ол үшін қызығу қажеттілікке, ал қажеттілік адамның табиғатына айналуы керек. Мұның жалғыз ғана жолы бар – шебер бір хатшының шәкірті болып, оның көрсеткеніндей, қолдарын тынымсыз машықтандыру, ұзақ уақыт хатшының жазуына ұқсатып жазуға тырысып бағу тиіс.

Ең ақырғы қиындық, ол – ұстаздың көркем жазуына ұқсату әрі оның күллі ерекшеліктерін меңгеру және соның жазу шеберлігін дамыта түсу. Әуеліде бұл әрекет қиынға соғады, тіпті нәпсі олай жазуға құдіретім жетпейді деген ойға келеді. Кейін машықтанудың арқасында бұл пікір сейіле бастайды. Үздіксіз жаттығу нәпсіге көркем жазудың шеберлігін береді, ол ішкі дүниеге нықтап орналасқан соң әсте-әсте қасиетке айналады. Бұл кезде көркем хат қағаздың бетіне мәжбүр жазудың күштеуімен емес, табиғи қажеттіліктің салдарынан шығатын болады. Сөйтіп, күш салған әуелідегі машақат, бекерге кетпейді, оның ықпалы жүрекке дейін көтеріледі. Бұл қасиет жүректен дене мүшелеріне тарап, көркем жазу оның сипатына айналады.

Сол сияқты, кім «нәпсісін таныған» яғни өзін таныған адамдардың қатарынан болуды қаласа, онда мұның бірден-бірі жолы – нәпсісін таныған адамдармен араласып, олардың қылғанын қылып, соны жиі қайталап тұруы тиіс. Алайда, оның осы жасаған амалдарынан жүрегінде өзін тану сипаты пайда болуы лазым. Кім жомарт және кішіпейіл әрі жұмсақ мінезді болуды қаласа, онда ол бастапқыда өзін күштеп болса да сондай ізгі адамдарға еліктеп амал қылуы қажет. Уақыт өте оның күшпен еліктеу әрекеті жоғалып, жомарттық пен мейірімділік сияқты ізгі қасиеттері оның әдетіне айналады. Өзін осындай бақылауда бір тәулік бойы ұстаған адам шаршап: «Менің бұған шамам келмейді екен», – деп үмітсіздікке ұрынбасын. Өйткені бір тәулікке созылған бақылаудың нәтижесінд е, адамның өз нәпсісін тізгіндейтін мәртебеге қол жеткізуі мүмкін емес, яғни нәпсіні тазалау және оны көркем амалдар арқылы көркемдеуді қалаған адам, бір күндік құлшылықтың арқасында сол дәрежеге жете алмайды. Тіпті бұл үшін бір күндік күнәлары да жойыла қоймайды. Басқаша айтар болсақ, бір үлкен күнә мәңгілік бақытсыздыққа себеп болмайды, бірақ бір күндік немқұрайдылық кейінгі күнәларға өтіп, адам әсте-әсте жалқауға айналады. Кіші күнәлары болса жиылып, иманға зиянын тигізеді. Бақыттан үмітті үздіріп, адамды ақырет азабына қалдыруы ғажап емес. Адамның өзін бақылау әрекетінің ықпалы, бір күндік еңбекпен байқалатын сезім емес. Бұл – адам денесінің жай қарқынмен үздіксіз өсіп, бой алғаны сияқты құбылыс. Сондықтан нәпсіні тәрбиелеу мен тазалау жолында жалғыз тағат-ибадаттың әсері дереу сезіле қоймайды. Солай болса да құлшылық жасаудың аздығына салқын қарамау керек. Себебі ықпалы басым келетін көп құлшылық біртіндеп жиналады және олардың әрбірінде өзіне тән ықпалы жасырынған. Құлшылық үшін жазылатын сауап, міне – осы ықпалға сәйкес беріледі.

Сол сияқты, күнә үшін берілетін жаза да, сол күнәнің адамға тигізетін теріс ықпалына сәйкес жазылады. Қанша адамдар күндіз бен түнді босқа өткізіп, өзін бақылау амалын кейінге шегерумен келеді. Нәтижеде олардың табиғаты бұл ілімді ұмытады. Кіші күнәні елемей, есепке алмайтын адамдар да жетерлік, олар ғұмыр бойы тәубе жасауды кешіктіреді. Мұндай бейқамдық тосыннан келіп, алқымнан ұстайтын өлімге немесе жүректі күнә зұлматы орап, тәубе жасауға шамасы келмейтін сәттерге дейін созылуы мүмкін. Аз көпке қосылады, жүрек құмар шынжырларымен байланып, бұдан құтылып кету мүмкіндігінен мақұрым болады. Тәубе есіктері жабылып қалды деген – осы. Алла тағала: «Олардың арттарынан бөгет, алдарынан да бөгет жасап, көздерін қаптадық. Олар көрмейді», – деген (Ясин: 9). Бір сахабаның айтуынша, иман – жүректегі ақ нүкте іспеттес көрінеді. Иманның күші артса, жүректегі ақ рең де көбейе түседі. Егер пенденің иманы кемел болса, жүрек те толық ағарады. Екіжүзділік – жүректегі қара нүкте. Адамның екіжүзділігі артқан сайын, жүректегі қара дақтар да артады. Қашан екіжүзділік толса, жүрек те толықтай қараяды. Демек, көркем мінез – шынында табиғи тума қасиет. Расында, ізгі амалдарға әдеттену, жақсы әрекетті адамдарды көріп, оларға жақын болудың арқасында іске асады. Бұлардың барлығы Аллаға жақындататын ізгіліктер. Кім пасық адамдарға етене араласуы арқылы бұзықтықты үйренсе және оны әдетке айналдырса, онда оның бұл әрекеті құдіретті Алладан ұзақтау деген сөз.

Жоғарыда айтылған әдеттену амалына қатысты адамдар екі жолды ұстанады. Бұл дәрежелердің әрқайсысы өзі бейнелейтін суреттері мен көріністеріне сай Аллаға жақындатады немесе одан ұзақтатады. Алла тағала: «Сонда кім тозаң түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол соны көреді. Ал кім тозаң түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді», – деп хабар береді (Зілзала: 7-8). Сондай-ақ: «Алла оларға зұлымдық қылмады, бірақ олар өздеріне зұлымдық қылған еді»– деген аят бар (Нахл: 33).

 

Аударған Жалғас СӘДУАҚАСҰЛЫ

1 пікір