Көркем мінезді болу үшін қажет 10 қасиет
Көркем мінезді болу үшін қажет 10 қасиет
7 жыл бұрын 30385
Марфуға ШАПИЯН

Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.у.) көркем мінезге қатысты көптеген хадистер жеткен. Солардың бірінде: «Қиямет күні, мүмин құлдың таразысында көркем мінезден ауыр нәрсе болмайды. Алла тағала жаман әрекет істеп, жаман сөздер айтқан адамнан жиіркенеді», - деген болатын.

Адамның тек сырттай ғана емес, іштей де адам болуы тек, көркем мінездермен безеніп, жаман әдеттерді жоюы арқылы мүмкін болады. Ал күллі адамзат арасындағы ең көркем мінезге ие жан, ол – пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.). Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінің бірінде: «Мені Раббым тәрбиеледі, қандай керемет тәрбиеледі» , - десе, тағы бірінде: «Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім», - деп көркем мінезде үлгі алатын жан өзі екендігіне нұсқайды.

Сондықтан да қарапайым мұсылмандар көркем мінез иесі болып, таразыда ауыр тартар сауап жинағысы келсе, Пайғамбарымызды (с.а.у.) үлгі етуі керек, оған тән мінез-құлықты өз бойына сіңіруге тырысуы керек. Сол себепті төменде Пайғамбарымызға тән мінез-құлықтарға тоқтала кетейік.

Кішіпейілдік пен қарапайымдылық

 Пайғамбарымыз (с.а.у.) кішіпейіл әрі қарапайым еді. Шектен шығып, қарқылдап күлмейтін. Жүзі жайдары, үнемі күлімсіреп жүретін. Оның (с.а.у.) мүбәрәк жүзі, ең тамаша әрі пәк жүз еді. Еврей ғалымы Абдұллаһ Сәлам һижрәтте Алла Расулын (с.а.у.) көрмекші болып сұрайды, мүбәрәк түрін көргенде: «Мұндай жүзді адам өтірікші болмайды» - деп мұсылман болады. Өйткені оның көріктілігі, айбыны, нұрлылығы мен пәктігі соншалық, Алланың пайғамбары болғандығы туралы, қосымша мұғжиза мен дәлелге қажеттілігі жоқ еді. Алла Расулының (с.а.у.) бір нәрсені ұнатпағандығы дереу жүзінен байқалып, бір нәрсені ұнатса, ол да ризашылығынан сезілетін.

Бос сөз, өсек-аяңнан аулақ болу

Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) бос сөз сөйлемейтін. Әрбір сөзі хикмет пен насихатқа толы еді. Өсек-аяңнан аулақ еді. Әркімнің ақылы мен түсінігіне қарай сөйлейтін. Ол ұзақ уақыт тыныштық сақтайтын. Бір сөз айтса шала тастамай, оны тәмәмдайтын. Аз сөзбен көп мағынаны жеткізетін. Нық сөйлейтін. Қажетінен не аз, не көп сөйлемейтін. Жаратылысынан жұмсақ мінезді болса да өте айбынды еді. Оны оқыс көріп қалған адам қорыққаннан дірілдейтін. Оған серік болып, сұхбаттасқан адам Оған жан-тәнімен ғашық болатын.

Барлық адамдармен жақсы қарым-қатынас жасау

Пайғамбарымыз (с.а.у.) дәрежелеріне қарай абзал адамдарға құрмет көрсететін. Туыс-туғандарына да қайырымды болатын. Жанұясымен және сахабаларымен жақсы қатынасқанындай басқа адамдармен де жылы қатынасатын және: «Сендердің барлықтарың өздерің үшін қалағандарыңды мүмин бауырың үшін де қаламасаңдар кәміл мүмин болмайсыңдар», - деп ескертетін. Қызметкерлеріне жақсы қарайтын. Өзі не киіп, не жесе оларға да соны жегізіп, соны кидіретін. Жомарт, қолы ашық, мейірімді, қайырымды, қажет болғанда батыл, қажет болғанда жұмсақ еді.

Уәдеге берік болу

Пайғамбарымыз (с.а.у.) уәдесінде және сөзінде шыншыл еді. Көркем мінезі, ақыл және зеректік жағынан да барлық адамдардан жоғары әрі әртүрлі мақтау мен мадаққа лайық еді. Тамаша жүзді, жаратылысы кәміл, теңдесі жоқ мүбәрәк тұлға еді.

Орынсыз ашуланбау

Пайғамбарымыз (с.а.у.) ашуланғанда орнынан тұрмайтын. Хаққа қарсы шықпаса, хақ аяққа тапталмаса ашуланбайтын. Ешкім байыбына бармайтын бір хақ аяққа таптылған кезде ашуланып, ақиқат орнын тапқанға дейін ашуы тарқамайтын. Тек ақиқат орнын тапқан соң ғана тынышталатын. Өзі үшін ешқашан ашуланбайтын. Өзін ақтамайтын, ешкіммен таласпайтын.

Әділ болу

Мұхаммед (с.а.у.) ешкімнің үйіне рұқсатсыз кірмейтін. Үйде болған кезінде уақытын үшке бөлетін: бір бөлігін Аллаға ғибадатқа, екінші бөлігін жанұясына, үшінші бөлігін болса өзіне арнайтын. Өзіне бөлген уақытын зиялы, қарапайым барлық адамдарға арнап, ешкімді құр қалдырмайтын, алаламайтын. Бәрінің көңілін табатын.

Тәкаппарлықтан аулақ болу

 Расулуллаһтың (с.а.у.) әр іс-әрекеті Алланы зікір етумен басталатын. Белгілі бір орында отыруды әдетке айналдырмау үшін мешітте әр түрлі жерге отыра кететін. Орынға, мекенге қасиетті деп қарауды және мешітте тәкаппарлық танытуды қаламайтын. Бір мәжіліске кірсе, қай жер бос болса, сол жерге отыратын. Басқалардың да солай істеуін қалайтын.

Кез келген жанға көмек қолын созуға ұмтылу

 Біреу Пайғамбарымыздыан (с.а.у.) қандай да бір қажеттілігі үшін бір нәрсе сұраса, ол маңызды болсын-болмасын оны орындамай тынбайтын. Қажеттілігін шешу мүмкін болмаған жағдайда, ең болмаса жақсы сөзбен алдындағы адамның көңілін табатын. Ол барлық адамның қайғысына ортақтасушы еді. Адамдар қандай дәрежеде болмасын, бай ма, кедей ме, ғалым ба, надан ба Оның алдында тепе-тең дәрежеде болатын. Барлық жиындары білім, ар-ұят, са- быр, тәуекел, сенімділік және аманат сияқты жақсы қасиеттерге толы болушы еді.

Кінәмшіл болмау

 Пайғамбарымыз (с.а.у) кемшілігі мен айыбы үшін ешкімді кінәламайтын. Ескерту қажет болса, алдындағы адамның көңілін қалдырмайтындай етіп ыммен түсіндіретін. «Мұсылман бауырыңның тап болған қайғысына қуанба! Алла Тағала рахметімен оны сол пәлекеттен құтқарып, сені қайғымен сынайды», - деп ұқтыратын. Ешкімнің көрінбейтін кемшілігімен айналыспайтыны сияқты, мұндай жағдайды іздестіруге де қатаң тиым салатын. Өйткені басқалар туралы жаман ой ойлауға иләһи бұйрықтармен тыйым салынған еді.

Мейірімді, әдепті болу

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сұхбат мәжілісі сүйіспеншілікке толы өтетін. Ол сөйлегенде айналасындағылардың мейірімге бөленетіні соншалық, оны жан құлағымен тыңдайтын. Хазіреті Омардың (р.а.) сөзімен айтқанда, бастарына құс қонса, сағаттар бойы ұшпас еді. Одан сахабаларына дарыған әдептілік пен ұят соншалық, тіпті одан сұрақ сұраудың өзін өздеріне көбінесе батылдық санайтын еді. Әбу Һурайра (р.а.) Оның мархабаты мен мейірімінің тереңдігін былай жеткізеді: «Біз бір соғыста кәпірлердің жойылуы үшін Алла Расулының (с.а.у.) қарғыс тілеуін сұрадық. Сонда ол: «Мен лағынет айту үшін емес, әлемге рахмет ретінде жіберілдім» - деді». Алла Тағала Құран Кәрімде сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) туралы: «Сені әлемге тек рахмет шуағы ғана етіп жібердік», - деген болатын. 

0 пікір