Көп жамандықтың басы - ашу!
Көп жамандықтың басы - ашу!
3 жыл бұрын 3681

«Ашу - дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деп қазақ халқы ашу мен ақылдың бір жерде тұрмайтынын астарлап жеткізген. Ашу бар да, ақыл қашады. Ашуланған адам ең алдымен өзіне зиян тигізген болады. Төл дінімізде ашушаң болу қасиет емес, ол кемшілік саналған. Өйткені ашуланудан тыйған көптеген өсиет сөздер бар. Құран Кәрімде, Жаратушы Иеміз мүміндерді сипаттай келе: «Олар ашуларын басушы» деп мадақтайды. Яғни, ашуын жеңіп, оны іштей тұншықтыру мүмінге тән сипат әрі Аллаға сүйкімді қылық екен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да «маған өсиет айтыңызшы» деп келген бір кісіге: «Ашуланба!» деген.  Ибн Тин Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «ашуланба» деуіне орай былай дейді:

««Ашуланба» деген сөзінде дүние және ақыреттік жақсылықтар қамтулы. Өйткені ашу - адамдар арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіреді, жұмсақтықты жояды. Тіпті ашуланған адам қасындағы кісіге залалын да тигізуі мүмкін» - дейді ол.

Сахаба Абдуррахман ибн Ауф былай деп әңгімелейді:

«Бір кісі Алла елшісіне (с.а.у.) келіп: «Уа, Расулалла! Маған ұмытып қалатындай көп емес, бір-екі ауыз өсиет сөз үйретіңізші, сол сөздерді өмірімде ұстанайын» - дейді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) ол адамға: «Ашуланба!» - деді[1].

Алла елшісінің (с.а.у.) «ашуланба» деген сөзінен, ашудың көптеген күнә істерді қамтып тұрғанын, керісінше ашуды жеңудің, ашуланбаудың көптеген жақсылықтарды тудыратындығын ұғынуға болады. Өйткені ашуланған адам өзгеге зиян тигізумен қатар, өзіне де зиян тигізген болады. Өйткені ашуланған кісі әшейінде айтпайтын жаман сөздерді, мысалы, боғауыз сөздерді айтады, біреуді ғайбаттайды, жала жабады т.б. Ашумен біреуді ұрып, тіпті біреудің өміріне қастандық жасауы да мүмкін. Демек көп жамандықтың басы ашу екен. Сол себепті Алла елшісі ақыл сұрап келген кісіге «ашуланба» деу арқылы, қысқа да нұсқа, бірақ көп жақсылықты тудыратын, көп жамандықтың алдын алатын өсиет білдіріп отыр. Басқа бір хадисінде Алла елшісі (с.а.у.):

«Күресте жеңген мықты емес. Ашу кезінде өз-өзін ұстаған кісі мықты»[2] - дейді.

Ашудан туатын кейбір күнәлар

  1. Боғауыз.  «Қиямет күні  кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Сөзсіз, Алла тағала боғауыз, былапыт сөз айтушы кісіге ашуы келеді». Хадис[3].
  2. Тіл тигізу. «Нағыз мұсылман өзге мұсылманға тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген мұсылман». Хадис.
  3. Біреуге қол көтеру.
  4. Кісінің көңілін қалдыру.
  5. Ғайбат айту.
  6. Өзгеге залал тигізу.
  7. Дұшпандық қылу.
  8. Қастандық жасау.
  9. Адам өмірін қию.
  10. Ашуланған кісінің қасынан періште қашады. 
  11. Ашуланған кісінің қасына шайтан үйір болады. 

Ислам ғалымдарының ашу жайында айтқандары

  1. «Кім нәпсі құмарлықтан, ашудан және тойымсыздықтан аман болса, ол кісі құтылған болады». Омар ибн Абдульазиз.
  2. «Ашу – барлық жамандықтың кілті». Жағфар ибн Мұхаммед.
  3. Ибн Мүбаракқа: «Бізге көркем мінезді бір сөзбен түсіндіріп беріңізші!» деген кезде, Ол (р.а.): «Ашуланба» деген екен.

Ашудың емі

  1. «Әғузу билләһи минәш шайтанир ражим» деу.
  2. Үндемеу. «Сендерден кім ашуланса, үндемесін». Хадис[4].
  3. Тұрып тұрған кісі отырсын, отырған кісі жатсын.
  4. Дәрет алып келу.
  5. Ашу қысқанда мына дұғаны оқу: «Аллаһуммағфир зəнбий уә әзһиб ғойзо қолбий, уә әжирний минәш шайтан!»
  6. Ашуды жеңудің сауап екендігін ойлау.  

А. Қасым


[1] Имам Мәлік: «Муатта». №3362 хадис.
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №6114 хадис.
[3] Имам Тирмизи: «Сүнән». №2002  хадис.
[4] Имам Ахмед: «Мүснәд». Сахих.

0 пікір