КІТАП ОҚУ ШЕБЕРЛІГІ
КІТАП ОҚУ ШЕБЕРЛІГІ
5 жыл бұрын 6856
Бернар Шоудан[1]: «Сіз бос уақытыңызда не істейсіз?» - деп сұраған болу керек. «Бос уақытымда серуендеймін, ұйықтаймын, достарыммен пікірлесемін», - деген екен. «Сонда қашан кітап оқисыз?» - дейді сұхбат алушы.  Шоу: «Кітап бос уақытта оқылатын нәрсе емес, оған арнайы уақыт бөлемін», - деп жауап берген екен. 

Аптасына бір кітап оқимын деп нысана қойған адам, ең азы, бір жылда елу кітап оқиды. Бір сала бойынша кітаптарды үздіксіз оқу әдетке айналса, бірнеше жылда сен сол саладағы сарапшы болып шығасың. Ал түбегейлі білімнің адамды өмірдің кез келген саласында алға жетелейтін қуатты күш екенін айтудың қажеті жоқ шығар.

Батыс мамандары дабыл қағады:

«Ақпарат қай салада да тез дамып жатыр. Бәсекеге қабілетті болу үшін тұрақты түрде оқып отру керек».

Бізде дәл сондай бәсекелестік жоқ. Басқа елдерге қарағанда, біздің адамдардан жеңіске жету үшін сұралатын дұние аса көп емес. Бізде өзгелерден сәл ғана көбірек ізденсе, өзгелерден оқ бойы озық тұрасын. Бастысы, нысанаңды таңдау, өзің бірінші болатын саланы анықтау...

Кітап оқу – жеңіске жететін, жолы болғыш адамдардың әдеті екен.

«Жеңіске жеткен адамдардың кітапханасы үлкен болады, ұтылғандарың теледидары үлкен болады» деген екен Дэн Кеннеди[2]. Адамның не тұтынатындығына қарап, оның кім екенін айта аласың.

Менің ойымша, мінсіз адам жоқ. Сен де осы ойға өзіңді сендір. Өзіңді қанша жақсы көріп, ең ақылды, бәрін білетін, кітап оқымай-ақ, жеңіске жете алатын адам деп санап тұрсаң да, аспандағы қиялыңды жерге түсір. Идеал емессің. Менің түсінгенім, адамның ең ғажайып қасиеті – оның идеалдығында емес. Өзгеруге, өсуге, білім алуға әзірлігі. Қазір мінсіз болмаса да, келешекте оған ұмтылатын, сол жолда көп оқуға, ізденуге дайын адаммен бағытымыз бір деп санаймын.

Брайн Трейси «Достижение максимума. 12 принципов» деген кітабында мынадай ой айтады:

«Зерттеулерге сенсек, ең табысты америкалықтар жылына 70-тен аса кітап оқиды. Кедей америкалықтар мүлде оқымайды. Мүмкін, барлық оқырмандар лидерлер емес шығар. Бірақ, барлық лидерлер – оқырмандар».

Қарап отырсаң, лидерлікке жетелейтін қарапайым жол - кітап оқуды әдетке айналдыру.

Әдетке айналу үшін ол күнделікті оқу керек. Демек, күн тәртібінде кітап оқуға уақыт бөл. Уақыт қымбат, бірақ мақсатсыз өткен уақыттан гөрі, оқумен өткен уақыт бағалы.

Сонымен, кітап оқуға қанша уақыт бөлу керек?

Ересек адам үшін орташа оқу жылдамдығы минутына 200-250 сөз немесе минутына екі бет. Егер бір аптада бір кітап оқу міндет болса, кітаптың көлеміне қарай, күніне 20-40 бет оқысаң жеткілікті. Ал күніне жиырма бет дегенің, он-ақ минут. Қырық бет дегенің, жиырма минут. Өте баяу оқырмансың деген күннің өзінде, күніне жарты сағат жеткілікті. Ұйықтар алдында жарты сағат кітапқа көңіл бөлу қиын ба? Бастапқы күндері қиналарсың, ал әдетке айналған соң кітапқа қолың жүгіріп бара жатқаның өзің де байқамай қаласың.

Қазір мен жылына елу-алпыс кітап оқимын...

«Екінші болма» атты кітаптан.
Авторы: Қуаныш Шонбай.
(Ықшамдап алынды).


[1] Бернард Шоу – ағылшын жазушысы. Нобель сыйлығының лауреаты (1925).
[2] Дэн Кеннеді – кәсіпкер, 13 биздес-кітаптың авторы.

0 пікір