Зекет дегеніміз, шариғат белгілеген мөлшерге жеткен мал-дүниелерден белгілі мөлшерін алып, кейін оны кедейлерге тапсыру қайырымдылық шарасы. Зекет - Исламның бес парызының бірі. Ауқатты бай мұсылмандардың жылда бір рет мал-дүниелерінің зекетін беріп тұрулары парыз.
Зекеттің дүниесі Құранда айтылған сегіз орынға беріледі. Олардың басында - кедейлер мен түгі жоқ міскіндер тұрады1. Ал зекеттен жиналған мал-дүниелер кімдерге берілмейді? - дегенге айтар болсақ, Зекет ақшасы мына төмендегі орындарға жұмсалмайды. Олар:
- Зекет ашқасы діні бөтен кәпірлерге берілмейді, бірақ садақа берсе болады. Өйткені зекет ақшасы тұрмышы нашар мұсылман адамдардың ақысы.
- Байларға берілмейді.
- Бай балаға да берілмейді.
- Һәшим ұлдарына және олардың азат еткен құлдарына берілмейді. Һәшим ұлдарына - Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) жатады. Мұхаммед пайғамбарға және одан тараған ұрпақтарына зекет ақшасын алуларына болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Бұл зекет малдары - адамдардың өздерін және дүниелерін тазалау үшін берілген дүниелер. Ол - Мұхаммедке және оның отбасысына адал емес» деген2.
- Зекет ақшасы зекет берушінің әке-шешесіне, ата-әжесіне, нағашы ата-әжесіне берілмейді.
- Сондай-ақ, зекет беруші кісі өзінің балаларына, немерелеріне, шөбере, шөпшектеріне, неменелеріне де зекетін бере алмайды. Бірақ өзінің бірге туған бауырларына зекет ақшасын бере алады.
- Зекет беруші кісі зекет ақшасын өзінің әйеліне бере алмайды. Сондай-ақ, әйелі зекетін өзінің күйеуіне бере алмайды.
- Мешіт, медресенің құрылысына, жол, көпірдің құрылысына т.б. қоғамдық нысаналарды тұрғызуға немесе жөндеуге зекет ақшасы жұмсалмайды.
- Мәйіттің кебінін сатып алуға немесе мәйіттің қарызын өтеуге зекет ақшасы жұмсалмайды.
Аталмыш орындарға зекет ақшасын жұмсамаудың себебі - зекеттің бір шарты болып табылатын «тәмлик» талабы жүзеге аспайды, сондықтан аталмыш жерлерге зекет ақшасын беруге болмайды делінген. Тәмлик деген, зекет ақшасын мұқтаж адамның иелігіне тапсыру деген сөз3.
1Құран Кәрім: «Тәубе», 60 аят.
2Имам Мүслім, «Сахих Мүслім».
3ән-Нәдуи: «әл-Фиқһуль-Мүәссәр». 192 бет.