Күмәнсіз әрбір қайғының одан да үлкені бар. Ескілікте адамдар айтатын: «Кейбір жамандық, кейбір жамандықтан жеңілірек», «Бір қиыншылық басқа бір қиыншылықтан жеңілірек», «Кім өзгенің сынағына қараса, өзінің сынағы жеңіл көрінер» деп.
Құдай Тағалаға сенген мүмін-мұсылман қай жағдайға да көкірек көзімен қарап, екі нәрсеге шүкір етеді:
- Біріншісі – басына келген қиындығынан да ауыр қиындық келуі мүмкін еді, соған шүкір етеді.
- Екіншісі – жоғалтқан нәрсесінен де құндырақ байлығы қалғанына шүкір етеді, ол байлығы кетсе не істер еді, сол үшін шүкіршілік айтады.
Мүмін адам жоғалтқан нығметінен бұрын, қолында қалған, қолында бар нығметіне қарайды, және де келген сынақпен қатар, келуі мүмкін болған сынақты да ойлайды. Бұл қылық, күмәнсіз іштей разылық пен жүрек тыныштығын тудырады. Өйткені, келуі мүмкін болған сынақ, келген сынақтан да көлемді әрі ауыр болуы мүмкін еді, бірақ Алла Тағала оны бұдан ұзақтатты. Қолындағы сақталған көп нығмет дін аман, өзінде, Алла Тағала одан оларды да алып қояр еді, бірақ Алла оны көп нығметтен айырмады...
Тарихта Уруа ибн Зүбейр (عروة بن الزبير) есімді сахабаның көзін көрген ұлы табиғин, фақиһ (шариғат білгірі) тұлға өмір сүрген (мил. 644-713 ж.). Оның басынан өткен мына бір оқиға аса сабырлы, Құдайдың ісіне көнгіш, қиындыққа төзгіш жанның қылығына мысал бола алады:
Уруа ибн Зубейірдің аяғына етін жеп кеміретін жегі (бактериялар) түсіп (мед.: некротизирующий фасциит, инфекций мягких тканей), аяғы шіри бастағаннан соң, сол заманғы дәрігерлер аяғын кесуге шешім қабылдайды, олай етпесе инфекция сирағына шабады, одан санына жайылады, осылай бүкіл денесін қаптауы мүмкін еді. Соның алдын алу үшін аяғын кесуге тура келеді. Ота жасау барысында дәрігерлер ауруды сезбес үшін Оған ақылын бір сәтке жоғалтар бір шербет ішуді ұсынады. Алайда Ол (р.а.): «Аллаға иман келтірген бір мұсылманның бір сәтке болса да Раббысын танымайтындай ақылын жоғалтар әлдебір нәрсені ішеді деп ойламаймын» - дейді де, шербетті ішуден бас тартып, артынан сөзін жалғап: «Сіздер алаңдамай кесе беріңіздер!» - дейді. Дәрігерлер Оның аяғын тізесінен кесуге кіріседі, Уруа болса «қыңқ» деместен үнсіз жата береді.
(«Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» деп атам қазақ айтқандай) Оны сол түні иманына сай тағы бір ауыр сынақ күтіп тұр еді. Аяғын кескен түні қатты жақсы көретін кішкене ұлы тамнын төбесінен құлап кетіп, қайтыс болады. Төсекте жатқан оған дос-жараңдары келіп көңіл айтып жатады. Ол болса: «Уа, Аллам! Балаларым жетеу еді. Біреуін алдың. Алтауы қалды. Менің төрт тарапым бар еді (яғни, екі қол, екі аяқ). Біреуін алдың. Үшеуі қалды. Сен егер бір нәрсені алған болсаң, демек бір нәрсені берген боласың, ал егер бір сырқатпен сынаған болсаң, емі де өзіңнен болмақ!» - деп, қандай ауыр сынаққа тап болса да, сабырлық танытып, Құдайына шүкіршілігін қоймай, тағдырына налымапты. Неткен үлгі аларлық жағдай!
Автордың: "Иман және өмір" атты кітабынан, араб тілінде.
Абдусамат Қасым