«Бисмилләһ» деп Алла тағаланың есімін айтып кию
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.): «Әрбір: «Алла тағалаға мақтау болсын» деп айтылмай басталған іс кәміл, яғни берекелі бола алмайды» деген сөзі бар.
Оң жағынан бастап кию
«Оң жағынан» дегеніміз: оң қол, оң аяқ, оң жең, оң балақ. Бұл мәселеге қатысты Айша анамыз (р.а.): «Нәби (с.а.у.) барлық істі, аяқ киім кию, шашты тарау, тіпті дәрет алуда оң жақ мүшеден бастауды ұнататын», - дейді.
Шешкенде сол жағынан бастап шешу
Хафса (р.а.) анамыз айтады: «Расулуллаһ (с.а.у.) оң қолымен ішіп-жейтін және киім кигенде оң жеңінен бастап киетін. Басқа жағдайларда сол қолын қолданатын».
Киімі әдемі, өзіне жарасты болу
Ибн Масғуд (р.а.) айтады: «Нәби (с.а.у.): «Жүрегінде шаңның тозаңындай тәкаппарлық болған адам жәннатқа кірмейді», - дегенінде бір адам: «Адам киімі мен аяқ киімі әдемі болғанын қаламай ма?» - деп сұрады. Сонда Нәби (с.а.у.): «Есімдері мен сипаттары көркем болған Алла тағала көркемдікті жақсы көреді. Ал тәкаппарлық дегеніміз, ол – ақиқатты мойындамау және адамдарды жаны жаратпау», – деп жауап берді».
Кигені адал еңбекпен табылған болуы керек
Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Расулуллаһ (с.а.у.): «Ей адамдар! Алла тағала ізгі, сондықтан ізгіден басқаны қабыл етпеді. Алла тағала пайғамбарларға: «Ей, Пайғамбарлар! Тек халалды жеп, игілік істеңдер», – деп бұйырып, мүминдерге «Ей, иман келтіргендер! Сендерге ризық етіп берген халал нәрседен жеңдер» деп әмір етті», – деді. Кейін Расулуллаһ (с.а.у.) ұзақ уақыт бойы сапарда болған, үстін шаң басқан, шашы ұйысып, сабалақтанып қалған, алақанын жайып: «Я, Раббым! Я, Раббым!» деп жалбарынған адам жайында айтып: «Ішіп-жегені, кигені және қорек еткені харам болса, оның дұғасы қалай қабыл болсын?» – деді».