مِنْ حُسْنِ إِسْلَامِ الْمَرْءِ تَرْكُهُ مَالَا يَعْنِيهِ
«Мұсылманның кемелдігінің белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрселерден бойын аулақ ұстауы».
(Әбу Һұрайра (р.а.) жеткізген. Тирмизи, Зуһд 11)
Хадиске түсіндірме
Бұл Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «жауамиғуль-кәлим» деп аталатын сөзі аз болса да, мағынасы терең көркем хадистерінің бірі. Хадисте нағыз мұсылмандықтың дүниелік тіршілікке де, ақыретке де түк пайдасы жоқ қажетсіз ой, сезім, сөз және іс-әрекеттерден аулақ болу екендігі айтылған.
Кісінің өзіне қатысы жоқ нәрселермен шұғылдануы – оның өзіне бүгін де, болашақта да пайдасы тимейтін, сондай-ақ жеке басын айтпағанда, отбасына, туыс-туғанына және халқына титтей де пайдасы жоқ қажетсіз нәрселермен айналысуы дегенді білдіреді. Әсілі, Исламды дұрыс түсінген адам, әрине, мұндай пайдасыз нәрселерден бойын барынша аулақ ұстайды. Осылайша, бұл хадис бізге үнемі ұлы мақсаттарды көздеп, тек қана маңызды істермен шұғылдану керектігін, әр сөзіміз бен әр ісіміздің тікелей яки жанама түрде һәм өзімізге, һәм өзгелерге пайдалы болу керектігін ұғындырып, салмақты да, салиқалы болуға үндейді. Өйткені, пайдасыз істермен шұғылданып, түкке тұрғысыз ойлардың жетегінде жүретін адам маңызды шаруалармен айналысуға мұрсат таппайды. Өмірден өз орнын таба алмаған, алға қойған белгілі мақсаты жоқ ондай бейқам адамның Хақ алдында да, ел алдында да мысқалдай да қадір-қасиеті болмасы анық. Әсілі, пайдасыз іс пен сөзден бойды аулақ ұстау негізінен ұлы тұлғаларға тән қасиет.
Нағыз мұсылман дініне берік болып, пайдасыз нәрселерден іргесін аулақ салуы әрі айналасындағы ел-жұртқа шынайы мұсылмандықтың қандай болатынын сөзімен әрі ісімен көрсете білуі керек. Сонда ғана ол өзінің бұл дүниедегі басты міндетін тиісінше атқарған болады. Осыған орай, Құранда: «Уа, мүміндер! Алдымен өздеріңе қараңдар (яғни, алдымен өздерің мұсылман деген атқа лайық болыңдар)! Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқандар сендерге кесірін тигізе алмайды. Түбінде барлығың Аллаға қайтасыңдар, сонда Ол (дүниеде) не істеп, не қойғандарыңды түгелдей жіпке тізіп, өздеріңе айтып береді», – делінген.
Әсілі, адамның пайдасыз істермен айналысып, қайран уақытты босқа өткізуі көбіне-көп жастық шақта орын алады. Сондықтан да, «баланы жастан» дегендей, өскелең ұрпақты о бастан білім алуға, адал еңбекке әрі өзіне һәм өзгелерге пайда келтіретін істермен шұғылдануға баулу керек. Сондай-ақ балаға түсінікті тілмен өмірдің мәнін ұғындырып, алдына мақсат қойып, өмір сүруді үйреткен абзал. Әдетте, үлкендер балалардан «өскенде кім боласың» деп сұрап жатады. Міне, осы сауалдың өзі балаға ой салып, оны арман әлеміне жетелейді. Жастайынан алдына өмірлік мақсат қойып, сол мақсатқа қарай ұмтылып өскен бала өсе келе өмір көшіне де оп-оңай ілесіп кетеді. Данагөй Абай атамыздың:
«Әсемпаз болма әрнеге.
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де – бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!» – деп, жастарға өлеңдетіп айтқан өсиеті қандай орынды айтылған десеңші! Абай атамыз осынау жыр жолдарымен жас-тарды түкке тұрғысыз әрнеге құмартып, уақытты босқа өткізбеуге, бойындағы қабілетіне сай бір өнердің кілтін ашып, өмірдегі өз орнын табуға үндеуде. Иә, уақытын босқа өткізбейтін, он саусағынан өнер тамған еңбекқор адам ел алдында да, Хақ алдында да қадірлі, сыйлы болады. Ал не өзіне, не елге пайдасы жоқ, өнерсіз, бойкүйез адамды ел де сыйламайды, Хақ тағала да сүймейді.
Осы арада Құранда аты аталған жиырма бес пайғамбардың бірі Яхия пайғамбарды еске алайық. Яхия – Зәкәрия пайғамбардың әбден қартайған шағында Алланан тілеп алған жалғыз ұлы, яһуди қауымына хазірет Мұса пайғамбардың шариғатын насихаттаған пайғамбар. Бұрын-соңды жан баласына қойылмаған осынау керемет атты оған Алланың Өзі қойған. Ол бала күнінен-ақ Алланың шарапатына бөленген һәм өзіне даналық берілген ізгі жан еді. Ес біліп, етек жапқан кезін былай қойғанда, бала күнінен-ақ өзінің дүниеге келгендегі басты мақсаты мен міндетін түйсініп, пайдасыз нәрселерден бойын аулақ ұстай білген парасатты да, байсалды жан еді. Құрбы-құрдастары оны «Яхия, келсеңші, бірге ойнайық» деп ойынға шақырғанда, ол «мен ойын үшін жаралмадым»[1] деп, Алланың хикметі мен өмірдің мәнін ерте түсініп болашақ пайғамбарға тән байсалды мінез танытатын. Ол жайлы Құранда былай делінген: «Уа, Яхиә! Кітапты (Тәуратты) мықтап ұста! Біз оған бала күнінен-ақ хикмет пен асқан ақыл-парасат нәсіп еткен едік. Сондай-ақ, оған Өз тарапымыздан ерекше мейірім, пәктік пен адал көңіл нәсіп еттік. Ол күнә атаулыдан барынша сақтанып, бойын аулақ салатын тақуа жан еді. Ата-анасының тілін алғыш, қайырымды да, қамқор перзент бола білді, әсте озбыр әрі тілазар болған емес. Оған туылған күні, қайтыс болған күні және қайта тіріліп, мәңгілік өмірге қадам басатын күні де салауат болғай (Алланың ықыласы түскей!)»[2].
Ең ізгі де, абзал жас – Яхия пайғамбардай өмірінің көктемінде бұл өмірдің мәні мен өзінің Хақ алдындағы төл міндетін түйсініп, бұ дүниені ақыреттегі мәңгілік өмірдің ұшпағына шығаратын баспалдақ ретінде қолданған парасатты жан.
Нағыз мұсылман – түкке тұрғысыз дүниелермен және пайдасыз істермен шұғылданып, өмірін зая кетіріп, алтын басын қор қылмайды. Ол ұлы мақсатты, яғни Раббысының разылығына бөленуді көксейтін және осынау асыл мұратқа жету үшін еш нәрседен тайынбайтын, қиындыққа мойымайтын қайраты қара тастай жігерлі жан. Ол бұл өмірдің қамшының сабындай тым қысқа, атқарылатын маңызды шаруалардың өте көп екенін жан-тәнімен түйсініп, соған қарай әрекет еткен Алланың сүйікті құлы.