Кек пен кешірім
Кек пен кешірім
10 жыл бұрын 4893
Абай Хамза

Осы екі сөз жарық пен түнекке ұқсайды. Кек жүректі тұманға батырса, кешірім жарыққа бөлейді. Пенденің жандүниесінде күресіп жатқан екеу осы. Кек жеңген кезде кешірім аяққа тапталады. Кешірім жеңген сәтте кек жоғалады. Кектің үстемдікке жетуі өзгені не өзіңді өлтірумен тынады. Кешірімнің билікке келуі - өзіңді де өзгені де қасіреттен құтқарады.

Кешірімділік - екі дүние қасіретінен де құтылудың жалғыз жолы. Екі дүние бақытына бастайтын бөгетсіз даңғыл. Кешірім шырағымен жүрегі нұрланған пенденің екі дүниені көретін көзі ашылады. Бұл дүниенің жалған әрі уақытша екеніне көзі жетеді. Ақырет дүниесінің мәңгі әрі нақты болатынына сенеді.

Сондықтан кешірімділік өзіңді сынайтын сынақтың ең үлкені. Сынықтардың ішіндегі ең оңайы да, ең қиыны да. Өзіңе жамандық жасаған кімді болсын, шын пиғылыңмен “кештім” деу оп-оңай емес. “Жоқ, оны ешқашан кешіре алмаймын” деу қайта оңай. Міне, осы қиын мен оңайды жеңуге нәпсіні бағындыратын рухани ерлік керек. Көп адамның өзгеге бас иіп кешірім жасай алмайтыны осыдан.

Лұқпан Хакімнің ұлына: “Екі нәрсені ұмыт: Біреуге жасаған жақсылығыңды ұмыт, біреудің саған жасаған жамандығын ұмыт” деп тапсыруы осы кешірімділікке жетудің кілтін ұсынуы. Жақсылығыңа қарымта дәметсең - арты ренішке соғуы мүмкін. Сондықтан, жақсылықты адамның разылығы үшін емес, Алланың разылығы үшін жасай білу керек. Бұл мұсылмандық мінез. Өйткені, көп адам жақсылыққа қайтарым жасауды ұмытады. Ал, біреудің жасаған жамандығын есте сақтасаң, соңы кекке айналуы сөзсіз. Олай болса, оның емі кешіре білу ғана.

Өйтсе, өзгеден сұраған кешірімің – өзіңді кектен құтқарғаның болып шығады. Ол – Алладан кешірім өтінумен тең. Өйткені адам Алланың дара туындысы, кемел өнері. Сол үшін де адамнан бұрын жаратылғандардың бәрі де оған бас июге бұйырылған. Адам біреу ғана. Өзге деп жүргенің де — өзің. Өзім деп жүргенің — өзгелер. Өзіңді өзгемен тең көрсең, кешірімділікке жетесің. Аз ғана ғұмыр, айнала дүние адамға сынақ үшін ғана берілген. Содан ақыл-санасын көпір етіп, өтсін деген. Өзге тіршілік иелерінен артықшылығымыз да сондай ақылымыздың барлығы. Оны жеттік құрал етіп жетілдіру де, кемітіп кері кетіру де өз қолымызда.

Сонда, ақылды кемелдендіретін не? Сананың ашылуы. Сананы жарқырататын тағы да сол кешірімділік мінез. Кемелдікке жеткен адамның көкірегінде кек қалмайды, тек кешірім ғана қалады. Кемелдікке жеткен кешірімділік — мейірімділікті туғызады.   Мейірімділіктен қайырымдылық шығады. Ондай жетістікке кенелген адам қас дұшпанына да мейірімділік көрсетеді. Ол қастық істесе де оған қайырымдылық жасайды. Пайғамбарымыз с.а.у. Меккені алған кезде өзнің қас дұшпаны болған мүшриктерді кешіруі соның кемел үлгісі. Әулиеліке жету деген осы. Әл Фарабидің «Мейрімді қала тұрғындарын» жазуы, Қожа Ахмет Яссауидің өзі үшін емес, өзгелер үшін жылауы, Мәулананың: “Кім болсаң да маған кел, кәпір болсаң да, христиан болсаң да...” деуі, Абай хакимнің: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос...»  деуі соның айғағы. Бұл — аса мейірімді, аса қайырымды Ұлы Жаратушыға қауышудың үлгісі.

Ұлы Құдыреттің  Жаратушы да өзі кешірім сұраған пендесіне рақым ететіндігін сүйінші ғып хабарлайды. Әлсіз пенделер де өз қатесін өзгелердің кешіруін қалап тұрмай ма? Олай болса, пенде баласының дүниеге келуінің бір мақсаты — кешірімділіктің биігіне жетіп, кекшілдіктен алыстау болса керек.

1 пікір
  • Сондықтан кешірімділік өзіңді сынайтын сынақтың ең үлкені. Сынықтардың ішіндегі ең оңайы да, ең қиыны да.

    10 жыл бұрын