Күні кеше сіңлілеріміздің инстаграмға шығып, ұятсыз материал жариялағаны және оларға халық арасындағы «наразылық» нені білдіреді? Одан кейінгі екі қыздың сүйісіп, оларды қолдап "махаббат" шарасын Есентай моллда өткізген ЛГБТ құқықтарын қолдаушы «азаматтың» ісі нені білдіреді?
Діни-рухани тараптан айтпағанның өзінде, бұл азғындықтың қайда тірейтінін білеміз бе? Ата-бабамыздан келе жатқан асыл тәрбиені шетке ысырып қойып, либералды немесе жалпы "заманауи" адамдар үшін бүкіл адамзат тарихы патриархалды, опрессивті, жабайы болсын делік. "Біздің жас елімізді жемқорлық пен теңсіздік бұзып жатыр. Шолақ белсенділер мен «ұятмендер» неге сол сияқты мәселелерді көтермейді?» - деген дауыстар да естіліп жатады. Ол да орынды, бірақ көбіміз медиа мен ортаның бізді қалайша қуыршақ етіп, жыныстық азғындықпен халықты байлап, сиқырлап, жоғарыда айтылған жемқорлық пен теңсіздік сияқты мәселелерді көргізбей, көрсе де онымен күресуге қауқарсыз күйге жеткізетінін байқамаймыз.
Джордж Сантаяна айтқандай, "тарихтан сабақ алмағандар оны қайталайды". Тарихтан үйрену және қателіктерді қайталамау саяси, қоғамдық, экономикалық, діни процесстерді жете білмегендіктен, қиын іс болып көрінеді. Қазір біздің көз алдымызда тарих өтіп жатыр десек те болады : жат елдер бірінен кейін бірі әртүрлі саясат қолданып, сан түрлі тәжірибелер жасап жатыр. Олардың кейбірі халыққа шынымен де пайда келтіруге бағытталса, басқалары оларды құлдыратып, құл етуге жасалғаны жасырын емес. Бірақ бұл саясатты білсек те, оның құралдарын және бізге қалай әсер ететінін тым кеш түсініп жатамыз. Ол – осы саясаттардың пропагандасының аса сұмпайылығына және кең ауқымдылығына айғақ. Сол саясаттардың бірі – арсыздық пен жыныстық азғындау. Оның бізге белгілі нәтижесі – адамдарды шын әлем мен қоғамнан және оның мәселелерінен алыстату, нәпсінің құлына айналдыру, және ақыр соңында жою. Біздің елімізде бұл саясаттың белгілерін енді байқағанымызбен, батыс қоғамы соңғы 50 жыл ішінде біраз жерге барыпты.
Бұл саясаттың астары көпшілікке бұлыңғыр болғанымен, белгілі бір қоғамды жою үшін ол елдің қауымын арсыздыққа және жыныстық тыйымдарды жоюға итермелеудің жеткілікті екенін басқыншылар мен узурпаторлардың білгені анық және оның астарында шынымен де бірқатар ғылыми тәжірибелер мен зерттеулер жатса керек. Соның бірі - Джозеф Дэниел Ануинның 1934 жылы шыққан «Жыныстық қатынас және Мәдениет» атты кітабының ауқымдызерттеулері. Оксфорд пен Кембридж университеттерінің профессоры, антрополог және этнолог 80 примитивті тайпа мен 6 цивилизация: Римдіктер, Маврлар, Англо-Саксондар, Вавилондықтар, Гректер және Шумерлердің 4000 жылға таяу уақыт арасындағы даму мен құлдырау кезеңдерін қарастырады. Фрейдтің еркін жыныстық қарым-қатынасты қолдау теориясын тексеру мақсатымен басталған жұмыс оны мүлдем қарама қайшы қорытындыға алып келеді: өркениеттің дамуы мен адамдардың жыныстық ұстамдылығы арасында позитивті байланыс бар, ал сол өркениеттердің құлдырауы мен адамдардың жыныстық қатынасқа берілуі және ауыздықтамауы арасында да оң байланыс байқалған. Фрейд қозғаған адамзаттың өзінің қараңғы тұстарын жасырып, жыныстық нәпсіқұмарлығын тізгіндегенінің кесірінен дами алмау теориясының жалғандығы әшкереленеді. Яғни адамдар арасында жыныстық азғындық тек жеке адамдарды ғана құлдыратып қоймай, бүкіл қоғамға кері әсер етеді. Әрине, бүкіл құлдырау немесе басқа қоғамдық өзгеріс болсын, бәрі бір ғана факторға тірелмейді, бірақ бұл зерттеудің ауқымдылығын ескерсек, сол бір байланыс ешкімді алаңдатпай қоймайды. Өкінішке қарай, бұл жұмыстың нәтижесі көпшілікке қатты тарамай, керісінше Фрейдтің теориясы пропаганда құралына айналып, дәлелденген ғылыми жұмыс ретінде қарала бастап, батыс қоғамын түрлі дерттер жайлайды. Фрейдтің жалған теориясы «ғылыми жаңалық» болғанымен, Ануинның тапқан байланысын әлемді билеуші күштердің жақсы білгенін және әлемді «гуманды» жолда билеп-төстеп, «азат» етуінде қолданған айла екенін енді түсініп келеміз.
Бұл саясаттың нәтижелерінің біз үлгі тұтатын батыс қоғамындағы көрінісі қандай және қандай жағдайға әкеп соқты? Әрине, көбіміз сол аса «прогрессивті» либерализмның арқасында батыс елдері дін мен сөз бостандығы, теңдік, дамыған экономика, керемет инфраструктураға жетті деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ та дәл сол біз үлгі тұтатын елдердің есірткі, арақ, антидепрессант тұтынудан, қылмыстың түр-түрінен алғашқы ондыққа кірмесе де, отыздыққа кіретінін біле бермейміз. Аборт, ерте жыныстық қатынас, зорлық, педофилия, бесіктен белі шықпаған балаға балабақшада жыныстық «тәрбие» беру, жаңадан шыққан гендер түрлері батыс елдері жайында көп айтыла бермейтін тақырыптар. АҚШ сияқты елдерде ата-аналардың ызасын тудырған гендерлік нейтрализм сабақтары жайындағы дау-дамайды да ести бермейміз. Қазірде шырылдап жүрген батыстық аналитиктерге сүйенсек, ондағы туу статистикасы алдағы онжылдықтарда жергілікті халық саны азая бермек, себебі 60-шы жылдардағы сексуалды революциядан бастап құлдыраған бұл көрсеткіш енді көтерілмей, әрі қарай түсе береді. Қаншалықты орасан ғылыми, қоғамдық, саяси, құқықтық жетістікке жетсе де, көбінің туу коэффициенті 2-ге де жетпей, алдағы 30-40 жылда өз елдерінде саны аз халыққа айналып кетпеудің қамын таба алмай, кейбірі өркениеттік циклдің соңғы хаос сатысына келіп жеткенін айтып, дабыл қағып, бұл процесстің енді артқа қайтпайтынын айтып жан ұшыруда. Бір кездері әлемді дүр сілкіндірген, әлемнің талай елдерін колонияға айналдырған алып күштердің бүгінде өздері жаулап алған Африка, Оңтүстік Америка мен Таяу Шығыс елдерінің халқы иммиграция арқылы сол ұлы империяларды жаулауда. Өздерін өркениеттің кемел шыңы санаған, бүкіл әлемге саясат жүргізіп отырған батыстықтарды әлдеқайда «төмен» деңгейдегілердің баса бастауы, сол керемет өркениеттердің құлдырауға кетуі қалай?
Бұл олқылыққа Батыс қоғамы қалай жол берді? Әлбетте, қоғамдық-экономикалық факторлардың, орталық банктердің, орталықтанған басқару жүйесі, мультикультурализмнің тақырға отырғызуы еске түсер. Бірақ Ануинның тапқан байланысы адамдарды құл қылуға және осы процесстерді тездетпесе де, халықтың ойы мен пікірін өзгертуде рөл ойнағанын байқаймыз. Оның айтуы бойынша, адамдар жыныстық ұстамдылықтан айырылған сәтте, олардың жасампаздық энергиясы жойылып, тек нәпсінің құлына айналатынын, осылайша адамдардың тек екі таңдауы бар екенін айтқан болатын. Оның көрінісі адамдардың отбасынан жұмыс пен «еркіндікті» жоғары қойып, мораль мен тәрбие өшіп, азғындыққа бет бұрып, Құдайдың жоғалып, порнографияның тарап, еркін жыныстық қатынас қалыпты жағдайға, бүкіл дәстүрлі құндылықтар патологияға айналып, жыныстық азғындықтың түрлі формаларының керісінше нормалануында. Ануин белгілі бір қоғамның хал-жағдайы көтеріліп, дамыған кезде оның жыныстық тыйымдарға қарсы шығып, «либерализмды» асыра сілтеп, азуын байқаған. Бұл құбылыстың қазіргі масштабы әлемде бұған дейін болып көрмеген – пәктік ұғымының адамдар санасынан өшіп, гомосексуализмнің қалыпты дүниеге айналып, оның туа біткен жағдай екенін растайтын «ғылыми» мақалалар шығарып, үйлену мен бала асырау құқығын беріп, тіпті аса «прогрессивті» Скандинавия елдерінің бірі Норвегияның 6 жастағы балаларға ата-ананың келісімінсіз жынысын өзгертуге құқық беруі, әсіресе соңғы жылдары арты ашылып келе жатқан жағдайлар – зоофилия мен педофилияны нормаландыру пропагандасы соңғы бірнеше жыл ішінде жүруде. Айта берсең, айтуға ұялғанды қойып, тіпті естімеген талай сұмдықтар, жаға ұстатар заңдар мен трендтер шығып жатыр. Фрейдтен кейін келген Кинзи сияқты «ғалымдар» бірінен кейін бірі осы азғындықтарды адамзатты азат ететін және табиғи құбылыс екенін жайып, қоғамды әбден нәпсінің құлдығына салды. Қазіргі біздің елімізде жүрген психологтардың да аузынан еститін сұмдық – адамның сол бір қараңғы жыныстық, «табиғи» сұраныстарын қанағаттандырмаса, психикалық ауруға душар болатыны. Медиа, заң, медицина осылайша бәрі жан-жақтан адамдарда бұрын-соңды болмаған нәпсіқұмарлықтың адам шошитын түрлерін қалыпты жағдайға айналдырып, қоғамның шынайы мәселелеріне көз жұмып, азғын азшылықтың «құқықтарын» қорғап, шерулер жасап беріп, адамдарды соқыр, мылқау, еркін құлға айналдырды. Бұл жыныстық азғындықтың әсерін, адамдарды қалай қоғамның мәселелерінен алыстату және нәпсінің құлы ету құралы екеніне әлі көзіңіз жетпесе, Израильдіктердің Рамалланың 4 телевизия арнасының үшеуін жаулап алып, тапа-тал түсте палестиналықтарға порнография қосып беруін ойлап көріңіз. Қаһарлы, айбат шеккен көтерілісшілердің рухын сындырудың бір құралы екенін түсінген сионистер үшін телеарналар нағыз идеологиялық қару болған. Енді қираған Палестина мен жылтыраған батыс елдерінің жағдайларын салыстырсаңыз, адамдардың нәпсіқұмарлыққа берілуінің қаншалықты сиқырлық күші бар екенін түсінерсіз. Себебі, 60-тан астам жыл бойы толастамаған соғыс болған палестиналықтарға әсер еткен материал барлық жағдайы жасалған батыстықтарға қалай әсер бергенін ойлай беріңіз. Бұл тек бір ғана мысал және айсбергтің бізге көрініп тұрған бөлігінің тіпті кішкентай бөлшегі ғана.
Ал сондай жетістікке жеткен, бізден қоғамдық құрылымы, заңы, даму деңгейі, ғылымы талай жыл алға кеткен, ғасырлар бойы саяси жүйесі мен институттары орныққан батыстың жағдайы сол болса, енді есімізді жиып келе жатқан біздің халымыз қалай болмақ? Бізде бұл азғындық тарайтын болса, жастардың нәпсіқұмарлыққа салынып, еліміздің жігері мен қайраты өшіп, тек рухани жақтан емес, саяси-экономикалық тұрғыдан да әлсіреп, басқаларға құл болып, азғын елге айналатынымыз сөзсіз. Әрине бұның бәрі бір сәтте басталған жоқ және еліміздегі туу деңгейі жоғары, адамдардың дәстүр мен дінге санасы оянып келе жатыр. Бірақ сол батыста басталған пропаганданың глобализацияның арқасында біздің елімізде де етек жайып келе жатқанының көрінісі - феминистер мен ЛГБТ активистерінің Қазақстанда кішігірім болса да шеру жасап, оларды қолдаушылардың көбейіп келе жатқаны, аборттың өсуі, жастар арасында жыныстық қылмыстардың, зорлықтың, педофилияның тарауы. Дәл батыс қоғамында басталған «махаббат», «толеранттылық», «теңдік», «тапталған құқықтар», «бейшара», «жабайы қоғамның құрбаны» - сияқты жалған лозунгтар біздің қоғамға да психологиялық тұрғыдан шабуыл жасап, нағыз азғындықтың дәнін сеуіп жатқаныны - бізге үлкен БЕЛГІ. Бір-бірімізбен орамал, сақал жайында сөз таластырып жүргенде, осы секілді кең ақанат жайып келе жатқан мәселелерді байқамай қалып, өкініп жүрмейік.