Жыннан қалай сақтануға болады?
Жыннан қалай сақтануға болады?
8 жыл бұрын 9619 sunna.kz
Тимур қажы ҚАЙДАРҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының бас имамы

Ата-бабаларымыз жын мен шайтанның сиқырын ертеден білген.

Сонау көне ғасырлардан жеткен аңыздар мен әңгімелерден аталарымыздың қиялының ұшқыр болғандығын, таным көкжиегінің кең болғандығын байқаймыз.

Бабаларымыз ғаламның тылсым сырларын, жаратылыстың құпияларын зерттеуге, білуге талпынған.

Халқымыздың көптеген ырым-тыйымдарында жындардан сақтану туралы ескертпелердің болуы осының дәлелі.

Мәселен ымыртта түнде жүрмеу, лас жерге бармау, отпен ойнамау, оттан аттамау т.б. ырымдары тікелей жынға қатысты болса керек. Қазақ тілінде "жын" сөзі шайтан,  ібіліс, тажал, дию, пері т.б. сөздермен бір мағынада айтылады.

Жындардың жаратылысы мен олар туралы қасиетті Құранда жан-жақты айтылған. Жындар туралы мәліметті асыл дініміз Исламда хадистен, сүрелерден молынан кездестіреміз. Ұлы Жаратушы Алла Тағала өз пендесін жындардан сақтандырған.

 Жындардың жаратылысы туралы қасиетті Құранда: «Рахман» сүресі, 14-15-аяттарында: «Ол адамды (Адам атаны) (қыш) (құмыра) секілді құрғақ лайдан жаратты. Ал жынды оттың жалынынан жаратты» делінген.

Құранда жын адамнан бұрын жаратылған делінеді. «Біз адамды қара балшықтың өзгертіліп, кепкенінен жараттық. Ал, жынды (адамнан) алдын, қызуы қатты (түтінсіз) оттан жараттық» деуі осының дәлелі. («Хижир» сүресі, 26-27-аят).

 Жын адамға көрінбегенімен адамды ол көре алатындығы жайлы Құранда «Аъраф» сүресі, 27-аятында : «Негізінде, ол және оның тектестері (жын тайпасы) сендерді, сендер олар көре алмайтын жерден көреді» деген.

Жын адамды азғырып, оны дұрыс жолдан тайдыру үшін э әрекет етеді.

Алла Тағала бұл туралы ескертіп, былай дейді: «Ақиқатында, шайтан сендерге жау, сондықтан, оны жау тұтыңдар. Ол өз тобын (оған ерушілерді) Саъирға  (Тозақтың бір аты) кіргізілетіндер қатарында болуға шақырады" - деп «Фатыр» сүресінің 6-аятында айтады.

Қасиетті Құранда жын туралы өте кең жазылған. Көп мағлұмат табуға болады.

Мәселен, «Бақара» сүресінің 169-аятында  «Шын мәнінде, ол сендерге жамандық пен жиіркенішті істерді әрі Алла туралы білмейтіндеріңді айтуды бұйырады»  десе, «Мәида» сүресі, 91-аятында «Негізінен, шайтан мас қылатын ішімдіктер және құмар ойындар арқылы, араларыңа дұшпандық пен жеккөрушілік салып, сендерді Алланы еске алудан және намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаудан тосуды қалайды. Енді тыйыларсыңдар?» - дейді, Ұлы Жаратушы Алла Тағала.

Жындардан сақтанудың жолдары тек Алланы үнемі еске алып, қасиетті Құраннан сүрелер оқу, намаз оқу, халал ас ішіп, жамандықтан аулақ болуды қажет етеді.

Пайғамбарымыздың хадисінде: (с.а.у.): «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар. Бақара сүресі оқылған үйден шайтан қашады» делінсе, тағы  бір хадисінде: «Сен ұйықтар алдында. Аятүл Курсиді оқып жат. Алла саған күзетші қойып, таңға шейін шайтан жолай алмайды» және «Түнде Бақара сүресінің соңғы екі аятын оқыған адамға сол жеткілікті» дейді. Оған қоса, Құранның «Фәлақ» және «Нәс» сүрелерін оқып жату керек.

 Алла Тағала тек өзіне шынайы ниетпен жалынған, медет тілген пендесіне әр кез өзі қорған болады. 

0 пікір