Жылы сөзді болу маңызды
Жылы сөзді болу маңызды
2 жыл бұрын 6015

Алла Тағала құлдарының тура, түсінікті, әсерлі, жылы, сыпайы сөз сөйлеулерін қалайды. Құран Кәрімде:

«Уа, Мұхаммед! Құлдарыма, сөздің ең жақсысын қолдансын деп айт! Шайтан олардың арасына іріткі салады. (Өйткені) шайтан адам баласының қас дұшпаны», - деп айтылған. (Исра сүресі, 53-аят).

Кез келген кісінің ішкі жан дүниесіне жылы сөзден артық әсер ететін нәрсе жоқ. «Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады» деген мақал, жылы сөздің бет пердесін, маңыздылығын ашып көрсетеді. Жылы сөздің қажеттілігі адамдарды мұсылманшылыққа дағуат еткенде (шақырғанда) байқалады.

Көптеген аяттар және хадис-шәріптерде исламға дағуат етудің жылы сөз арқылы жүзеге асырылуының ең дұрыс әдіс екендігі айтылған. Хақ Тағала Мұса (а.с.) мен Харунды (а.с.) шектен шығып, тура жолдан тайып адасқан перғауынға жібергенде жылы сөз қолдануларын әмір еткен. Бұл ақиқат Құран Кәрімде:

«Оған сыпайы сөз сөйлеңдер! Бәлкім, насихатқа құлақ асар. Яки (Аллаһтан) қорқар», - деп баяндалады. (Таһа сүресі, 44-аят).

Мінекей, күпірлікке бой алдырған перғауынның өзіне, жылы сөз қолдану әмір етілген. Ал перғауынның деңгейіне жетпегендігі айдай мәлім кісілерге қалай мәміле жасау керектігі, түсінігі бар кез келген жанға бірден байқалады.

Алла Елшісінің (с.а.у.) мұсылманшылықты таратудағы жеңісі, жемісі - оның имандылығы мен кешірімшілдігінің берекеті болып табылады. Хақ Тағала Пайғамбарымыздың бұл мәселедегі кемелдігін Құран Кәрімде былай деп суреттейді.

«(Уа, Елшім!) Сен оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақтық таныттың! Егер тұрпайы, қатігез жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарқап кетер еді». (Әли Имран сүресі, 159-аят).

«Шүбәсіз, сендерге өз араларыңнан ардақты Пайғамбар келді. Оған сендердің машақатқа түсулерің ауыр тиеді. Ол сендерге өте ынтық. (Сонымен қатар) ол мүминдерге өте мейірбан, ерекше рақымды». (Тәубесүресі, 128-аят).

Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Алла Тағала маған парыздарды орындауды әмір етумен қатар, адамдарға игі және мейрімді түрде мәміле жасап, жылы сөз сөйлеп, олардың жүректерінің арасында сүйіспеншілік көшеттерін отырғызуымды әмір етті», - дейді.

Атағы жер жарған Зуннун Мысри:

«Нәпсілерінің айдауына көніп, надандықтың шырмуына шырмалған жандардың мәселелеріне, жылы сөз бен күлімсіреген жүз арқылы жол көрсетуге күш салу - имандылықтың белгісі», - дейді.

Қолданар әдіс жұмсақ және қолайлы болуымен қатар, оның ішінде шын пейілділік болуы керек. Өйткені: «Жүректен шыққан сөз, жүрекке жетеді. Ауыздан шыққан сөз құлақтан аспайды» деген әйгілі мәтел мұны айғақтай түседі.

Бұл жайлы Хазірет Мәулана:

«Жүрегі мен айтқан сөзі бір болмаған кісінің жүздеген тілі болса да, ол тілсіз», - дейді.

Кісінің жүрегінің түкпірінен, шын пейілімен айтқан жылы сөздер, оның ахлағының (әдебінің) кемелдігін көрсетеді. Бұл кемелдік, кісінің өзіне жасалған дөрекілікке, тұрпайылыққа сабыр етуге, өзгенің қателіктерін кешіруге септігін тигізуі қажет. Мінекей, жылы сөзді болу және өзге жандарға жұмсақтық таныту оңай шаруа емес. Бірақ берекеті және игілігі мол қасиет екендігі даусыз.

ӨНЕГЕЛІ КӨРІНІСТЕР

Алла Елшісі (с.а.у.) - мейірімді, сыпайы, биязы, ішкі жан сарайы нәзік жан болатын. Дөрекі, тұрпайы мінезді біреу: «Ей, Мұхаммед! Ей, Мұхаммед!», - деп бірнеше мәрте айқайласа да, сыпайылығын, биязылығын бұзбастан: «Иә. Не қалайсың? - деп үн қататын. Яғни кісінің дөрекілігіне, тұрпайылығына қарамастан, сыпайылықтың шегінен шықпайтын. (Мүслим, Нүзүр 8; Әбу Дәуіт, Әйман 21/3316; Тирмизи, Зүһд 50; Ахмед IV, 239.).

***

Хазірет Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мәмілесін былай деп еске алады.

«Әдеп жөнінен Алла Елшісінен көркем пенде жоқ. Сахабаларының біреуі яки жанұя мүшелерінің бірі оны шақырса: «Иә. Айта беріңіз», - деуден танбайтын. Оның көркем ахлағын айғақтай түсу үшін Алла Тағала: «Күмәнсіз, сен көркем ахлаққа иесің» (Қалам сүресі, 4-аят) - деген аят түсірді.

***

Сағд әд-Дәлил (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.у.) сыпайылығын, жылы сөзбен тура жолға шақыруын былай деп тілге тиек етеді:

Алла Елшісі (с.а.у.) және Әбу Бәкір (р.а.) Меккеден Мәдинаға һижрет етіп бара жатқанда бізге соқты. Сол шақта Әбу Бәкірдің (р.а.) біздің руымыздан шыққан сүт анасының қасындатұғын. Алла Елшісі (с.а.у.) Мәдинаға ең қысқа жолмен жетуді қалаған еді. Біз оған: «Бұл жер Рақуба өткелінің Ғайыр жолы деп аталады. Ол маңайда Әслам руының «муханан» деп аталатын екі ұрысы бар. Қысқа жолмен барсақ, солардың үстінен түсеміз», - дедік. Алла Елшісі (с.а.у.): «Сен бізді оларға ертіп апар», - деді.

Сөйтіп біз жолға түстік. Рақуба асуының тұсына келіп, оларды тауып алдық. Адамзаттың сұлтаны Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларды қасына шақырып алды. Жылысөзбен оларға исламды танытты.Мұсылмандықты қабыл етулерін өтінді. Олар оның сөзіне құлақ асып, мұсылман болды.

Алла Елшісі (с.а.у.) олардың есімдерін сұрады. Олар: «Бізді жұрт «мунахан» (екі қор жан) деп атайды», - деп жауап берді.

Алла Елшісі (с.а.у.): «Жоқ! Керісінше сендер мукрамансыңдар» (құрметке бөленген екі кісі, - деп оларды қуанышты хабарды жеткізу үшін Мәдинаға жөнелдірді. (Ахмед IV, 74)...

Мінекей жылы сөз, жұмсақ әдіс қолдану арқылы исламға шақырудың берекеті осындай болмақ. Ол нәрсе жүздеген садақа жарияға татиды. Өйткені, игілігі мен жақсылығы мол Раббымыз мұсылмандықты қабыл еткен кісілердің қол жеткізер сауабының мөлшеріндей сауапты, олардың һидаятқа келуіне себеп болған кісілерге де беретіндігін уәде еткен...

Тоқсан сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, жұмсақтық қасиеті мүминнің бойынан табылуы керек. Ол халықты Хақ Тағаланың жолына дағуат еткенде (шақырғанда), оларға қызмет еткенде қолданатын ең үлкен құралы болып табылады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Алла – рафиқ (жұмсақтық иесі). Әрі рифқпен (жұмсақтықпен) мәміле жасауды сүйеді. Дөрекілік және өзге (жағымсыз) қасиеттерге бермеген сауабын, рифқпен ( жұмсақтықпен) мәміле жасағанға береді» - дейді. (Мүслим, Бирр 77).

Бұл жайлы Хазірет Мәулана Руми:

«Аллаһтың: «Ей, Мұса! Перғауынға жылы сөз сөйле. Оған жұмсақтық таныт», - деген сөзін жақсылап ұғын. Өйткені қайнап жатқан майға суық су төксең, пешті де, қазанды да құртасың», - дейді.

Әрбір кісіні қайнап жатқан майға теңеу қажет. Өйткені оның бойында белгілі деңгейде намыс, тағыда басқа қасиеттер бар. Ешбір жан қатты сөзді яки дөрекілікті сүймейді. Сондықтан, кез келген жанның ішкі жан сарайына еніп,жандандыру үшін жылысөз, жұмсақтық, қарапайымдылық тәрізді жақсы қасиеттерді бойымызға сіңдіруіміз керек[1].


[1] Осман Нұри Топпаш: «Өркениет Шыңындағы Жауһарлар». Қазақ тіліне аударма. «Хикмет» баспа үйі, Алматы-2011 ж.

0 пікір