Жұрттың арам жегені жұбату емес
Жұрттың арам жегені жұбату емес
11 жыл бұрын 3385
Алтынбек Боранбек

Бүгінде адал мен арамның парқын айыруға тым аз көңіл бөлініп, көп жұрт күнәлі іске бірін-бірі сылтау ететін жағдайлар жиі байқалатын болды. «Тек мен бе екен?» деген тендеция шықты. Жұрттың бәрі ішіп жүрген сыраға бола мені неге айыптайсың? Бүкіл ел жеп жүрген шұжықтан неге мені тыясың? Дүйім халық қарап жүрген харамға неге мен көз жүгіртпеуім керек? Осы секілді өзгенің күнәсын алға тартып, қылмыс пен қиянат жасау соңғы уақыттарда көбейіп жатқан секілді. Ал негізінде, біреудің білімсіздік, надандықпен немесе ғапылдықпен шариғат заңына немқұрайлы қарауы екінші бір адамға ешбір пайда әкелмейді. Алланың құзырына жиналған күні өзгелермен бірге жасалған күнәның жазасы жеңілдемесі анық. Мысалы, бір қауымның ішінде көп адам аузына келгенді айтып, дөрекі сөзді көп айтатынын назарға алып біздің де дәл солай аузымызға ақ итті кіргізіп, көк итті шығаруымыз шарт емес. Шариғаттың шегінен шығып жүргендердің көп болуы бір қарағанда, көңілге  жұбаныш сияқты шығар. Алайда Ұлы есеп күнінде бұл бізге сылтау бола алмайды.

Қазақтың ішінде бұл туралы жарықтық Абай атамыздан артық ешкім дөп басып айта алмас. Жиырма үшінші қара сөзінде кемеңгер ойшыл былай дейді: «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар. Оның қуанышы - елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? - деп. Оған құдай тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір өзіңнен наданшылығы асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың деп? Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?»

Көрдіңіз бе, өзгелердің қасында мен әлдеқайда алда емеспін бе деген түсінік талай уақыттан бері біздің қазақпен бірге жасасып келе жатыр. Енді осыдан бірте-бірте арылатын кез келген секілді. Әсіресе, ішкен-жегеніміз адал болмаса болмайды. Өйткені жеген тамағымыз қанымызға сіңеді. Қанымыз мінезге айналады. Апа-әжелеріміз амандасқанның өзінде: «Дені-қаның сау ма?» деген тіркесті тектен тек қолданбайды.  Қазір біз талай жақсылықты қанымызға біткен қасиет деп мақтанып жүрген жоқпыз ба? Міне, сондықтан ас-суымыздың адалдығы жай қарай салатын мәселе емес.

Қасиетті Құран Кәрімде арам мен адалдың, таза мен ластың, жақсы мен жаманның парқын білуге шақыратын көптеген аяттар бар. Тіпті, бірқатар ғалымдар мұсылмандық деген адал мен арамды ажыратудан, бүкіл өмірімізді соған сай үйлестіруден тұрады деп атап өткен. Шындығында да, кез келген кісінің екі дүниедегі бақыты ішіп-жегенінің адалдығына тікелей байланысты. Қасиетті аяттардың бірінде Жасаған Иеміз: «Таза һәм адалдан жеңдер де, ізгі амал жасаңдар», - деп бұйырады («Мүминун» сүресі, 51-аят). Бұл аяттың тәпсірі өте кең. Шындығында, адал ас ізгі іс жасаудың алғышарты. Бұрынғы өткен пайғамбарлар ішіп-жемге өте көп мән беріп, істері жағынан да, сөздері жағынан да, насихат-өсиеттері жағынан да әрқашан өзгелерден алда жүрді. Әлбетте, пайғамбарлардың Алланың ең таңдаулы құлдары екені белгілі. Алайда олардың адал-арамға өте мұқият қарауының маңызы  да ерекше. Ардақты Пайғамбарымыз бір күні былай деді: «Уа, адамдар! Күдіксіз, Алла – таза және тек тазалардан ғана (құлышылық-ғибадаттарын) қабыл етеді. Алла Тағала пайғамбарларына нені бұйырса, иманды құлдарға да соны бұйырды». 

Арам ас жеу қасиетті Құранда – екі жүзді мұнапықтар мен кәпірлердің бір сипаты ретінде былай деп түсіндіріледі: «...олар өтірікті тыңдауға құмбыл және арам жеуге тым бейім» («Майида» сүресі, 42-аят). Міне, бұл аят бізге көп ой салуға тиіс. Өзін мұсылмандар санатына қосатын адам бұл істерден аулақ болуға талпынады. Тағы бірде Алланың елшісі (с.а.у.) түр-әлпеті лас бір кісінің қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» - деп дұға етіп отырғанын көреді. Сол кезде: «Бұл кісінің жегені – арам, ішкені – арам, кигені – арам, араммен қоректеніп жүр. Енді мұның дұғасы қайдан қабыл болсын?», - дегені бар. Олай болса, бүгін біз не ішіп, не жеп жүрміз, бала-шағамыздың аузына қандай ас салудамыз деген сауалдарды өз алдымызға көлденең тартуымыз қажет.

Күні кеше ғана бие байлап, сүт сауып, сырбазымызды жеп, қымызымызды ішіп, адал жүріп, таза тұрған халық едік. Енді бүгін түрлі себептермен тәспімізден жаңылыңқырап жүрген жайымыз бар. Екінші халифа хазрет Омардың мынадай бір сөзі бар: «Бір адамның оқыған намазы мен тұтқан оразасына ғана қарамаңдар. Ол сөйлегенде  турасын айта ма? Өзіне тапсырылған аманатқа адал ма? Дүние ісімен шұғылданғанда адал мен арамның парқына бара ма? Міне, осыған қараңдар».

Байқадыңыз ба, адамның кім екенін бағалаудың бір өлшемі – адал мен арамды ажырата білу. Бірден басын ашып айтатын нәрсе, бұл сөзде намаз бен оразаның мәні төмендетіліп тұрған жоқ. Бұл қылшылықтардың Алланың құзырында таудай-таудай орны бар. Алайда жақсы мен жаманды, таза мен ласты ажыратуды қара қылды қақ жаратындай мұқият болуы мұсылман өмірінде ерекше орын алатыны айтылса керек. Бұл айтылғандардың жеке адамның өміріндегі орны өз алдына, жалпы қоғамдағы мәні де ерекше. Олай болса, әрбір кісі адалдың аясынан ауытқымай, тамағынан тек қана адал ас өткізудің шарасын іздеуі керек.

Адал дегенде, астың табиғатындағы тазалыққа ғана емес, оны табу жолына да мән беру өте маңызды. Сондықтан бұрынғылар өз қолымен, маңдай терімен табыс табуды әдетке айналдырған. Өйткені асымызға кісінің ақысы араласып кетсе, оның жайы тым ауыр.

Өмірде бір қағида бар: жақсылық жақсылықты, жамандық жамандықты шақырады. Ендеше, адам ішіндегі адал ас адал еңбекті, адал еңбек, адал табысты, адал табыс, тура жолды, тура жол Алланың разылығын шақырып тұрады. Керісінше, болса, арам ас адамның екі дүниесіне тек қана жамандық шақырып тұрады. Алла баршамызды осыдан сақтасын.

0 пікір