"Жүректің қатерлі ісігі - тойымсыздық, ал оның емі - инфақ"
"Жүректің қатерлі ісігі - тойымсыздық, ал оның емі - инфақ"
3 жыл бұрын 5297
Осман Нұри Топбаш

Құран Кәрімнің қасиетті аяттарында былай делінеді:

«... Алтын мен күмісті жиып, оларды Алланың жолында жұмсамайтындар бар ғой, міне соларға ауыр азапты сүйіншіле! (Бұл ақшалар) Жәһәннам отында қыздырылып, онымен олардың маңдайы, жаны және арқасы қарылатын күні (оларға былай дейді): «Міне, бұл өздерің үшін жиған байлықтарың. Енді жинаған нәрселеріңді татыңдар!». («Тәубе» сүресі, 34-35 аят).

Осы қасиетті аятты негізге ала отырып, Әзіреті Мәуләна Жәләлуддин Руми (құддисә сирруһу) мынадай даналыққа толы сөздерді төгеді:  

«Қаншалықты бай болсаң да, тек қарнын тойғанша жерсің. Теңізге ыдыс батырсаң тек көлеміндей ғана су сияды».

«Балық су ішінде қаншалықты қауіпсіз бола тұра, құлқыны үшін қармаққа ілінеді».

«Дүние деген не? Дүние – хақтан ғапыл болу».

«(Сынақ мекені болған) дүние магнит сияқты, барлық сабандарды тартып алады. Тек нәрлі бидай ғана оның тартылыс күшінен құтылады».

«Нәпсінің тұзағы – дүние. Дүние-мүлік кейбіреуді мас қылады, алдайды. Дүниеге көңіл бөлгендердің жүрек көзі соқыр болады. Өйткені олар балшықтағы ащы әрі тұзды суды ішеді (Рухани әлемнің бақытын татпағандықтан азғындықтарын бақыттылық деп санайды)».

«Ашкөздік пен дүние нығметіне қол жеткізу құштарлығы, адамды ақысы жоқ нәрселерге қол созуға мәжбүрлейді»...

Дүниеге деген тойымсыздық – ғапылдықты тудырар ең үлкен себептердің бірі. Тойымсыздық жүректі ақиқат пен жалғанды, адал мен арамды, дұрыс пен бұрысты ажырата алмайтындай бейнебір соқыр халге душар етеді. Әзіреті Мәуләна Руми дүниқұмарлық сипатының адамның жүрек көзін (көкірек көзін) қалай тұмшалап, соқыр қылатындығын нақты бір мысалмен қысқаша былай жеткізеді:

«Ит те өзіне тасталған сүйекті не нанды иіскемей жемейді» - дейді ол. Яғни, көзін тойымсыздық қасіреті тұмшалаған адамның дүниенің нығметтері дегенде ит құрлы мұқияттылық танытпайды, сақтанбайды. Дүниеқұмарлық соншалықты қауіпті рухани пәлекет.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бізге ескерту ретінде адам баласының дүниенің алдында қаншалықты әлсіз екенін түсіндіру үшін былай деп тұспалдаған:

«Адам баласының екі сай толы малы болса да үшіншісін қалайды. Адам баласының қарнын топырақтан басқа еш нәрсе толтыра алмайды». («Сахих Бұхари», Риқақ, 10; «Сахих Мүслім», Зекет, 116).

Мысалы айтқанда, дүниеқұмарлыққа жеңілген адамға дүниенің бәрі берілсе де, ол: «Айдан және Марстан бірнеше жер телімін алсам ба?» деп ойлайды. Өкінішке орай, қазіргі кезде материалист түсінікке тәуелді болған шірік рухтардың құмарлығы қаншама қоғамның жойылып кетуіне себепші болғанына қарамастан, бітер емес. Қазіргі әлемнің аянышты көрінісі осындай.

Сахаба Әбу Зәрдың (радиаллаһу анһ) мына сөздері оның дүние нығметтеріне деген ұстанымының қалай болғанын жақсы көрсетеді:

«Бір малда үш ортақ бар.  Біріншісі – мал иесі, яғни, сен. Екіншісі – тағдыр. Ол жақсылық па, әлде пәлекет пе немесе өлім іспетті жаманшылық па, ол жағын сенен сұрамайды. Үшіншісі – мұрагер. Ол да тезірек жер жастанғаныңды күтеді. Өлген соң малыңды алып кетеді. Ал ана жақта есеп беретін – сен. Шамаң келгенше, осы үш ортақтың ең әлсізі болма. Алла Тағала былай деген: «Сүйген нәрселеріңнен ізгілікке жүмсамайынша жақсылықтың кемелдігіне жете алмайсыңдар!» - деп ескертеді. Олай болса, менің ең сүйікті малым мына түйем, оны ақыретте алдымнан шықсын деп оны өзімнен бұрын жіберемін (яғни, садақа етіп беремін)» - деген. (Әбу Нұайм, «Хиля». 1,163.).

Жүректің емі және екі дүние бақыты – инфақ

(Инфақ - Алла разылығы үшін мал жұмсау).

Қасиетті Құран аятында:

«Қайсы біріңе өлім келіп: «Раббым! Мені аз уақытқа кешіктірсең, садақа беріп ізгі құлдарыңның қатарына қосылсам!» демей тұрғанда, сендерге берілген рызықтан (Алла жолында, сауап үшін) жұмсаңдар!» - делінеді. («Мұнафиқун» сүресі, 10).

Осы аяттан шаббыттана отырып Мәуләнә Руми да былай деген:

«Пақырлық пен мұқтаждықта тұншыққан көңілдер – түтінге толы үй сықылды. Сен олардың дертін тыңдап, сол дертке дауа ретінде сол түтінді үйден терезе ашсаң, оның түтіні сейіледі, сенің жүрегің де сезімге бөленіп, рухың толықтасады!...»

Басқа бір сөзінде:

«Сенде не бар, сен неге қол жеткіздің? Теңіз түбінен қандай інжу шығардың? – бұл өлген күні жарыққа шығып, анықталады».

Тағы бір сөзінде Руми:

«Достардың зияратына құр қол бару – диірменге бидайсыз бару деген сөз».

«Ажал берілген нәрсені алмас бұрын, берілуі керек нәрселерді беріп қалған дұрыс» - деп сыр шертеді абыз дана.

Осы мәселе жайында да Түрік ақыны Нәжіп Фазылдың мына өлең жолдары өте тура айтылған:

«Ей, сараң зергер! Өзіңе басқа бір дорба тіктір!
Мазарда өтетін ақша не болса, соны біріктір!...»

Қысқасын айтқанда, дүние нығметтері – құдайдың бізге тапсырған аманаты. Қанша уақытқа дейін пенденің қолданысында қалатындығы белгісіз. Кез келген уақытта қолдан ғайып болып кетуі ықтимал. Тағдыр дегеніміз, күтпеген тосынсыйларға толы, белгісіз жағдай. Тағдырдың сізге не беретіні де беймәлім. Ең анық ақиқат болып саналатын өлімнің өзі «тағдыр күнтүзбесінде» бізге беймәлім уақытқа белгіленген. Олай болса, мәңгі бақыттылық пен амандық үшін қолдағы нығметтерді Алла жолында жұмсап тұруымыз керек екен және қашан да (ақыреттік азығымызды жиіп) өлімге әзір болуымыз қажет.

Раббымыз ішкі жан дүниеміз даналыққа толы болған күйі өмір сүруді, ақиқат пен рухани сырларға құштар болуды, Оның (Алланың) «Оқы!» деген тәлімі негізінде Құранды, әлемді және адамды лайықты түрде оқуды барлығымызға нәсіп қылсын! Әмин[1].


[1] Автордың «Ол сондай теңдесіз рахмет» атты еңбегінен (қазақша аударма).

0 пікір