Сахаба Хузәйфа радияллаһу анһу айтады: мен Алла елшісі саллаллаһу алейһи уә сәлләмның былай дегенін естідім:
تُعرَضُ الفِتَنُ على القُلوبِ عَرْضَ الحَصِيرِ عُودًا عُودًا ، فأيُّ قلبٍ أُشْرِبَها نُكِتَتْ فيه نُكتةٌ سَوداءُ ، وأيُّ قلبٍ أنْكَرَها نُكِتَتْ فيه نُكتةٌ بيضاءُ ، حتى يصِيرَ القلبُ أبيضَ مثلَ الصَّفا ، لا تَضُرُّه فِتنةٌ ما دامَتِ السمواتُ والأرضُ ، والآخَرُ أسودَ مُربَدًّا كالكُوزِ مُجَخِّيًا ، لا يَعرِفُ مَعروفًا ، ولا يُنكِرُ مُنكَرًا ، إلا ما أُشْرِبَ من هَواه
«Қалайша бойра (қамыстан тоқылқан төсеніш) жатқан адамның денесіне жабысып, бұтақ, бұтақ боп із қалдыратын болса, фитналар да (бүліктер де) жүрекке жабысып (онда із қалдырады). Қай жүрек оны (жармасқан бүлікті) өзіне сіңірсе, онда қара дақ пайда болады. Ал қайсы жүрек ол фитналарды қабыл етпей, кейін қайтарса, жүректе ақ дақ пайда болады - ондай жүрек (фитналарды кері қайтарған сайын ағара түсіп) жылтыр мәрмәр тасы секілді әппақ күйге айналады. (Нәтижесінде) Ондай жүрекке жер мен көк жойылғанға дейін (қияметке дейін) ешқандай фитнаның зардабы тимейді. Екінші жүрек болса (бүліктерді өзіне сіңіре, сіңіре)қап-қара күйге айналады, салдарынан ол (қара жүрек) төңкерілген құмыра тәрізді болады (немесе түбі тесік құмыра тәрізді болады) - жақсыны жақсы деп білмейді, жамандықты жаман деп білмейді, тек нәпсісі (құмары, ЭГОсы) сіңдіргенді ғана біледі».
«Фитна» сөзі - «сынақ», «емтихан», «біреуді тексеру» деген мағынаны білдіреді. Онымен қоса «фитна» сөзі - «бүлік», «азғырынды нәрсе», «құмарлық», «ылаң», «адастырар жол» деген ұғымдарды да ұқтырады. Қысқаша айтқанда пенденің және қоғамның душар болар жақсылы не жаманды сынақтардың бәрін «фитна» дейді. Байлық, мансап, молшылық, таршылық, бүлік, ауру, сау-саламаттық, адасушылық т.б. мұның бәрі сынақ.
Жоғарыдағы хадисте сахабалардың заманынан кейін, дәлірек айтқанда Әзіреті Омар шейіт етілгеннен кейінгі уақыттарда әртүрлі бүліктің бой көрсететіні турасында хабар берілуде. Және де хадис біздерге бүлік пен арсыздықтың жүрекке тікелей әсер ететіндігін ұқтырып отыр.
Егер пенде бой көрсеткен арсыздықты жүрегіне жақын көріп, оны қабылдаса, жүрегінде қара дақ қалдырады. Осылайша, күнә мен арсыз нәрсені қабыл алған сайын, жүрегіндегі қара дақ көбейе бермек. Соңында жүрегі қап-қара күйге айналып, жақсылық пен жамандықтың аражігін айыра алмайтын күйге қалады. Бір сөзбен айтқанда «жүрек соқырлығы» туады. Құранда Жаратушымыз:
«Шынында көздер соқырланбайды. Соқырланатын - кеуделердегі жүректер!» деген. («Хаж» сүресі, 46 аят).
Ал арсыз дүниелерден бойды аулақ ұстап, жүрекпен қабылдамай жүрсе, жүрегі ағарады. Нәтижесінде жүрегі жып-жылтыр боп, пәк күй алады. Сосын ондай жүректі ешқандай бүлік бұза алмайды. Өйткені, ондай жүректің көзі ашылған. Оны «көкірек көз» дейді. Жүрек көзі ашылған мұсылман "фәрәсәт" иесі атанады. Алла елшісі "фәрәсәт иесі" мүміннен аяқ тартуды кеңес етеді: "Мүміннің фәрәсәтынан сақтаныңдар. Өйткені, ол Алланың нұрымен қарайды" деген. ("Тирмизи, "Сүнән").
Демек, жүректер заманның тудырған азғырынды сынақтарынан қараяды екен. Ол мейлі нәпсәни істер болсын, мейлі күнә істер болсын, мейлі байлық болсын, мейлі мансап болсын тіпті адасушы пікірлер мен адасқан жолдар да жүрекке өзінің ізін қалдырмай қоймайды.
Ал дүниеге деген махаббатқа және нәпсани құмарлыққа бойды алдырмай, нәпсәниятты тудырар істерден барынша ұзақ тұрса, арсыздыққа қарамаса, жүрегі ағарады. Ақ жүрек ненің бұрыс, ненің дұрыс екендігін анық байқаушы сипат табады. Сондықтан да, адаспайды.
Ендеше, әрбір күнәдан бас тартқан сайын жүрегіне ақ дақ түседі екен. Ал күнә істеген сайын жүректе бір дақ пайда бола бастайды екен. Осындайда Пайғамбарымыздың (с.а.у) мына сөзі еске оралады:
إنَّ العبدَ إذا أخطأَ خطيئةً نُكِتت في قلبِهِ نُكْتةٌ سوداءُ، فإذا هوَ نزعَ واستَغفرَ وتابَ سُقِلَ قلبُهُ، وإن عادَ زيدَ فيها حتَّى تعلوَ قلبَهُ، وَهوَ الرَّانُ الَّذي ذَكَرَ اللَّه كَلَّا بَلْ رَانَ عَلَى قُلُوبِهِمْ مَا كَانُوا يَكْسِبُونَ
«Шынында пенде бір күнә істесе, жүрегінде қара дақ пайда болады. Егер ол күнәдан қайтып, Алладан кешірім тілеп, тәубе етсе, жүрегі тазарады. Қашан күнәға қайта оралса, жүректегі қара дақтары артып, ақырында жүрегін түгелімен қаптайды. Бұл жағдай - Құранда айтылған жүректің «тат басу» жағдайы болып табылады: «Әсте олай емес! Керісінше олардың жүректері істеген істері себепті тат басқан!»»- деп түсіндіреді Алла елшісі саллаллаһу алейһи уә сәлләм. (Тирмизи, Әбу Дәуід).
Алла Тағала баршамызға тауфиқ, һидаят берсін! Уа ахиру даъуәнә әнильхамду лилләһи Раббиль аләмин!
А. Қасым, Исламтанушы.