Бисмилләһир рахманир рахим
«Күнә» делінген кезде көбінесе адамның ойына ең алдымен дене мүшелерімен жасалатын жаман істер келеді. Мысалы, зина, ұрлық, құмар ойнау т.б.
Алайда, одан да ауыры - жүректегі күнәлар екендігінен көбіміз бейхабармыз. Ислам ғұламасы Ибн Хәжар әл-Һәйтәми[1] (р.а.) өзінің «Үлкен күнәларды жасаудан тыйятын амалдар» атты кітабында денемен жасайтын күнәлардан бұрын, «іштегі үлкен күнәлар» атты тарау ашып, алдымен жүректегі үлкен күнәлар жайында сөз қозғаған. Оның себебін ғалым былай деп түсіндіреді:
«Оны алға шығаруымның себебі – ондағы күнәлардың қатері көптеу. Оны істеген адам – күнәхарлардың ең төмені, ең қоры болмақ... Кейбір ғұламалар оған байланысты былай деген: «Жүректегі ауыр күнәлар – дене мүшесімен жасалатын күнәлардан ауыр. Өйткені, олардың бәрі адамда пасықтық пен зұлымдық сипатын тудырады. Жүректегі үлкен күнәлардың асып түсуінің тағы бір себебі, олар адамның жақсылықтарын, сауаптарын кеміріп жейді...[2]».
Демек, жүректегі харам нәрселердің күнәсі (салыстырмалы түрде айтқанда) – зина, ішімдік сияқты дене мүшелерімен орындалатын харам істерден де ауыр екен. Өйткені, жүректегі күнәлар – жүректі бұзады. Оны ауру қылады (рухани ауру). Ал жүректің бұзылуы және оның ауру болуы – дененің бұзылып, ауру болуынан да жаман.
Бұнымен қатар, жүректегі күнәлар көпшілгімізге тән. Мәселен, дене мүшелерімен жасалатын күнәларды адамдардың кейбірі істесе, жүректегі күнәлар адамдардың басым көпшілігінде бар және олар тоқтаусыз туындап тұруы мүмкін.
Жүректегі күнәлар жеңіл орындалады. Және де ең жаманы, жүректегі күнәлар жинаған сауабын су сепкендей өшіреді. (Мағазалла).
Жүректегі үлкен күнәлардың түрлері
Жүректегі үлкен күнәлардың түрлерін ғұламалар алпысқа шығарған. Олардың ішінде күпірлікті тудырып, адамды кәпір ететіндері де бар.
Жүректегі үлкен күнәлардың кейбіреулері төмендегідей:
1. Үлкен Ширк. (Аллаға серік қосу). Аллаға серік қосуды ғалымдар «үлкен ширк» және «кіші ширк» деп бөлген. Үлкен ширк ретінде - Алладан өзгеге табыну, Алладан өзге заттарды құдай ретінде көру, Алламен қоса басқа нәрселерді де құдай, тәңір санатына кіргізуді атасақ болады. Алла Тағала Құранда «Сөзсіз ширк – үлкен зұлымдық» десе[3], басқа бір аятта: «Алла Тағала оған серік қосуды кешірмейді. Одан өзгесін қалаған адамынан кешіреді»[4] деген. Тағы бір аятта: «Шынында кім Аллаға серік қосса, Алла оған пейішті харам етеді. Баратын жері тозақ болмақ. Залымдарға жәрдем етушілер жоқ» делінеді[5].
2. Кіші ширк - Рия. Рия деп, ақыреттік істерді Алла ризалығы үшін емес, адамдар көрсін, әлдекімдердің ілтипатына бөленейін деген ниетпен орындауды айтамыз. Рия көбіне діни бұйрықтарға қатысты болып келеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) рияны «кіші ширк» деп есептеген. Хадисте былай делінеді: «Сендер үшін қауіптенетін нәрселерімнің ішіндегі ең қорқыныштысы – кіші ширк, яғни рия»[6].
Рияның харамдығы Құран аяты, Пайғамбарымыздың хадистері және үмбеттің ижмасымен бекітілген.
3. Ашу, жеккөрушілік және көреалмаушылық. Көреалмаушылық - жеккөрудің нәтижесі. Ал жеккөру – ашудың нәтижесінде туындайды. Осы үшеуі бір-бірімен ағайындас. Пайғамбарымыз былай деген: «Ашу – шайтаннан. Шайтан оттан жаратылған. Су отты өшіреді. Қашан сендердің бірілерің ашуланатын болса, шомылып келсін»[7]. Алла Тағала Құранда ашуды жеңуді бұйырған: «Сондай ашуларын іштей тұңшықтыратындар және адамдарға кешіріммен қарайтындар. Шынында Алла игі жандарды жақсы көреді»[8]
4. Қулық. «Бізді алдаған бізден емес» Хадис.
5. Мұнафиқтық. Екі жүзділік.
6. Үнемі өзіне қатысы жоқ нәрселерге басын сұғушылық.
7. Тойымсыздық.
8. Кедей болып қалу қауіпі.
9. Әлім жеттілік.
10. Байларды байлығы себепті ұлық көру.
11. Кедейлерді пақырлықтары себепті төмен көру.
12. Бақталастық.
13. Жағымпаздық.
14. Істемеген нәрсесіне мақтау күтушілік.
15. Өзінің қателіктеріне көз жұма қарап, өзгенікімен шұғылдану.
16. Нанкөрлік.
17. Шүкірсіздік.
18. Тағдырға наразылық (риза көрсетпеу).
19. Құлық, айлакерлік.
20. Қараниеттілік.
21. Нәпсісіне ауыр келгендіктен ақиқатты қабыл етпеу.
22. Алланы және ақыретті ұмыту.
23. Алланың рахымынан үміт үзу. «Алланың рахымынан тек кәпір қауымы ғана үміт үзеді» (Юсуф сүресі, 87 аят).
24. Шариғат ілімін дүниелік пайда үшін үйрену. Хадисте: «Кімде-кім Алланың ризалығын алатын ілімді, тек дүние пайдасы үшін үйренсе, ол қиямет күні пейіштің иісін де иіскемейді» делінген[9].
25. Білген білімін жасыру.
26. Келісімге берік болмау
27. Қызғаныш
28. Өзге мұсылман жайында жаман ойда болу
29. Ауыр күнәға ризалық танытып, оған септігін тигізу
30. Пайғамбарымыздың есімі тілге алынғанда оған салауат айтпау
40. Адамдарды мазақтап, оларды қор көру
41. Тәкәппарлық, дандайсу т.б.
Аталмыш жағдаяттар – жүректегі үлкен күнәлар екен.
Жүректегі күнәлардан арылу үшін орындалатын амалдар
1. Құранды ой жүгірте, пікірлей оқу. Жүрекке ең көп пайда тигізетін нәрсе Құранды ойланып, пікір жүгірте оқу болып табылады. Ол жүректе сүйіспеншілік, Аллаға деген қорқыныш, үміт, тәуәккел, сабыр сияқты жүректі тірілтетін, әрі кәмілдікке жетелейтін сипаттар тудырады.
2. Алланы зікір ету. Жиі әрі жалғасымды түрде Алланы зікір етіп тұрған жөн. Мысалы, жасаған күнәсын, ішіндегі жаман ойын т.б. оғаш қылықтарын еске алып, өкініп, олар үшін Алладан кешірім тілеп, жүз мәрте күнде истиғфар айтуды әдетке айналдырған абзал. Одан бөлек, Аллаға хамд, тәспихат келтіруді де жиі орындап тұру керек.
3. Шариғат ғылымдарын үйрену. Жаңа нәрселерді біліп, ілім нәрімен нәрленген жүрек - сау жүрек. Осы орайда, білген нәрсесі үшін Аллаға хамд айтуды ұмытпауы керек. Имам Ағзам Әбу Ханифа әр жаңа білген нәрсесі үшін "әлхамдулиллаһ" деп айтатын болған.
4. Аллаға қол қусырып дұға ету, оған жалбарыну. Алладан жүректің саулығын сұрап, жүректегі рухани сырқаттыққа ем тілеп жүру қажет. Пайғамбарымыз: «Аллаһуммә инни әсәлукә Қолбән Сәлимән» деп тілейтін. Оның мағынасы: «Аллахым, сенен жүректің саулығын сұраймын» немесе «сау-саламатты жүрек сұраймын». Мұндағы саулық – рухани саулықты білдіруде.
5. Бес уақыт намазға ұқыптылық таныту. Мұсылман намазына ұқыпты болуы тиіс. Құранда "Намаздарға ұқыптылық танытыңдар" делінген. Намазға ықылас танытып, қолдан келкенше қаза етпеуге тырысқан жақсы. Қаза болып қалған жағдайда, көп созбай, мүмкіндік туа салысымен қазасын өтеп алуы шарт. Қаза намаздар жинала берсе, оның өзі адамға рухани жүк, ауыртпалық
6. Тәубе етуге асығу. Мәселен, жүрегінде қызғаныш туындай қалса, бірден «астағфирулла» деп, ондай харам нәрсесі үшін тәубе етіп отыру керек. Осылайша, қызғаныштың орнына, кеңшілік орнайды.
Алла Тағала баршамызды ішкі, әрі сыртқы күнәларымыздан тыйылуды жазсын!
[1] Шиһәбуддин Әбу Аббас Әхмәд ибн Али ибн Хәжәр әл-Һәйтәми хижри жыл санауы бойынша, 10 ғасырда өмір сүрген ғұлама (х 909-973 ж.). Шафиғи мәзхабының өкілі. Заманындағы ең білікті ғалымдардың бірі. Әшғари ақидасы бойынша, кәләмші ғалым.
[2] Ибн Хәжәр әл-Һәйтәми: әз-Зәуәжиру ъаниқтирафиль Кәбәир.
[3] Лұқман – 13.
[4] Ниса – 48 аят.
[5] Маида – 72.
[6] Табаранидің хадистер жинағынан.
[7] Ибн Ъасакир.
[8] Әли Имран – 134.
[9] Әл-Хаким: әл-Мүстәдрак.