Жошуа неге жылады?
Жошуа неге жылады?
7 жыл бұрын 3287
Нұрбек ӘМИША

Солтүстік теңіздің жылы жібегі қарт құрлықтың жонын жібіте бастады. Шуылдақ құстар шуақ шалқымасын шертіп, шалғындар шаштарын сілкіп жатыр. Шабытыңды түртіп, көңіліңді көтеретін көктемнің қош күнінде Жошуаны жолықтырдым. Лидс қаласында кіндік қаны тамған, нәсілі - пәкістандық. Мұсылман жігіттің өз басынан асып, аумағындағы ағайын-туысын асырауға жетер кәсібі бар. Арғы-бергіні сөзге азық етіп, әңгіме күннің шуақтылығына ауа бергенде Жошуа Англияның асау ауа райындай күрт бұзылды.

- Күн райы керемет, иә, бала-шағамды алып, парк араласа не қылсын... Анау ағылшындар құсап, болмаса, кабакта таңдай жібітіп те отыра алар ем. Оған жетер дәулетім де бар. Бірақ, мен олай ете алмаймын, түсінесің бе!? Сирияда менің мұсылман бауырларым миллиондап босып жатса, пәк сәбилер xимиямен уланып жатса, үстеріне тажалдар құлап жатса, Алла берген алтын ғұмырлары тірідей тозаққа айналып жатса, мен қалай шаттанып, шалқи аламын... 

Жошуаның саусақтары сәл дірілдегені байқалды. Азаматтық, бәлкім адамзаттық алғаусыз жүрегінің жасы да сол саусақтарынан саулап кеткендей... 

"Азаматсың ғой" дедім іштей күбірлеп. - Қара бастың қамынан аса алмайтын пенделік қыбыр-жыбырымызда мына Біз жүрегіміздің (о баста Алла мен ана мейірімімен лүпілін бастаған) жылуын әлсіретіп алдық па? Қазаны бөлектің қазасына қабақ та аудармайтын қатты денелерге айналып кеттік пе? 

Лидстің құбылмалы күні қайта бұзылды. Жаңбыр желкеден ұрып, өкшемнен ағады. Тоң-тамшыдан қашқан адамдар қолшатырдың астынан сығалай қарап, жолға таласады. Бірақ мен қайнап барам. Жошуаның жылы жүрегінің лебі тоңазыңқы тәнімді әлі қыздырып тұр...

17.04.18
Англия әсерлері
0 пікір