Жазғы демалысты қайда өткізген жөн?
Жазғы демалысты қайда өткізген жөн?
11 жыл бұрын 9555
Құралай Раисова

Жаз басталды. Күнделікті ерте тұрып, «жұмысқа» барып жүрген балақайлардың асыға күтетін мезгілі  келіп жетті. Әр баланың бұл демалысқа ерекше, өз жоспары бар екені анық. Біреу ауылдағы ата-әжесін сағынып жүрсе, енді біреулер жазылып қойған демалыс лагеріне жеткенше күн санайды. Дүниеге әкелген ұрпағын жұрттан кем қылмай өсіруге тырысу – ана-ананың борышы. Әрі кез-келген ата-ана баласының уақытын пайдалы әрі көңілді өткізгенін қалайды ғой. Сондықтан, жазғы демалысқа бей-жай қарамасы анық.

 

«Лагерьге тарттым!»

Лагерьге бір баруды армандамайтын бала кемде кем шығар. Ата-аналар болса көп жағдайда балаларын жіберуге қорқақтайды. Лагерь – оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып арнайы жасақталған, жабдықталған демалыс орны. Әдетте табиғат аясында орналасады. Қазір кез-келген қалада жекеменшік лагерьлер көп және олар мектептермен бірлесіп жұмыс атқарады. Балаңызды лагерьге жібергіңіз келсе, сынып жетекшісіне не тәрбиешісініе алдын-ала айтып, ақысын төлеп қойған дұрыс. Лагерьде күн тәртібі болады, балаңыз ең алдымен жүйелі тәртіпті, өз бетімен жүріп-тұруды үйренеді. Ас мәзірі болса денсаулыққа пайдалы, жеңіл тағамдардан тұрады. Ең маңыздысы – бала  өзіндей құрдастарымен танысып, көпшілікпен араласып үйренеді. Жиі ұйымдастырылатын ойын-сауықтар, танымдық сабақтар, кешкі алау, топтық жарыстар, отты қоршай отырып ән салу – бәрі-бәрі баланың есінде мәңгіге қалатын жарқын естеліктерге айналады. Сол себепті, мүмкіндік болса, баланы лагерьге жіберуден тартынбаңыз.

«Ауылға, ата-әжеме!»

Ауыл баласына қала таңсық болса, қала баласына ауыл қызық. Ех, шіркін, ауылдағы атаңның жемістері албыраған саялы бағында жатып демалсаң! Үй іргесінен жылыстап ағатын жылы өзенге құмарың қанғанша шомылып, қап-қара болып күнге қақталсаң! Майлы топырақты жалаң аяқ борпылдатып, әжең айналып-толғанып «айран іш» деп  шақырғанша ойнасаң... Одан артық қандай демалыс керек? Асты да, үсті де тас қалада туып-өскен балалар үшін ауылда демалу – танымдық саяхат та дер едім. Шыныға жүріп, табиғатпен, қоршаған ортамен етене араласу. Экологиялық таза тамақпен ауқаттанып, денсаулықты нығайту. Әрі лагерьге жібергендей, «Қалай жүр екен? Ешкім тиіспеді ме екен? Тамағы тоқ па екен?» - деп алаңдамайсыз. Бала жаңа достар табады, қызықты ойындар үйренеді, еңбекке араласады. Мұнда ең бастысы – қаладан шаршап келген ақсұр немересіне аямай төгетін ата-әженің мейірімі болар.

«Шетел»

Қазір екінің бірі шетел асып жатыр, демек аса қиын шаруа емес. Ақшаңыз болса, кез-келген туристік фирма лыпылдатып әкетеді. Тек балалардың өздерін  ғана жібере алмайсыз, жанында міндетті түрде ересектер болу керек. Ата-анасының балалармен бірге қыдырып қайтуға мүмкіндігі болса құба-құп. Ел көріп, жер көріп қайту жаман емес. Баланың көгжиегі кеңіп, түсінігі артады, өзі үшін жаңалықтар ашады. Талайға дейін ұмытылмас қызықты жағдайлар, мен айшықты суреттер, кәдесыйлар алып қайтады.

«Үйдегі демалыс»

Баланы сыртқа шығарудың реті келмесе, жазғы демалысты үйде өткізуге тура келеді. Бір қарағанда көңілсіз көрінгенмен, мұның өз артықшылықтары бар. Тек баланың теледидар мен компьютерді, ғаламторды шексіз пайдалануына жол бермеу керек. Әдеби кітап оқуға бейімдеп көріңіз. Қызығына бір түссе,  күзге дейін талай кітап тауысары анық. Айта кететін тағы бір жайт, қазіргі кезде қалалық, аудандық, ауылдық мешіттерде жасөспірім балаларға діни сауат ашу курстары жүргізіледі. Ол кәдімгі жазғы лагерь есебінде ұйымдастырылады. Алдын-ала жазылып сол курстарға берсеңіз, балаңыз ата-ананы сыйлауды, әдепті болуды, өтірік айтпауды, адал болуды үйренеді. Құран оқуды, қарапайым ислам, иман шарттарын білетін болады. Аптасына бір-екі мәрте ғана баратын тілдік курстарға беру де артық етпейді. Сондай-ақ, өзіне ұнайтын хоббиімен айналысуына, спорттық секцияларға, клубтарға (суға жүзу, би, бейнелеу өнері, т.б.) жазылуына жағдай жасаңыз. Жұмыстан кейін балаларды алып театрға, жаңа киноларға баруды да әдетке айналдырған абзал. Сенбі-жексенбі күндері отбасымен бірге саябақтарға, табиғат аясына барып тұруға тырысу керек. Мұның бәрі үй-ішінің бірлік-берекесінің артуына, балалар мен ересектер арасында түсіністік орнауына ықпал етеді.

Бір жазда осы айтылғандардың барлығына үлгеруге де болады, әрине. Бала күн санап өседі, сондықтан, күн сайын пайдалы білім беруге тырысу керек.

0 пікір