Жаттау қабілетін күшейтетін ең басты нәрселер: ыждаһат, ұдайылық, тамақты аз жеу, түнгі намаз және Құран оқу. «Құранды қарап отырып оқудан артық жаттау қабілетін күшейтетін нәрсе жоқ» дейді.
«Үмбетімнің ең абзал амалдарының бірі Құранды қарап оқу» деген хадис Құранды қарап оқудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Шаддад ибн Хаким түсінде дүние салған бауырларының бірін көреді де: «Не нәрсені пайдалы деп таптың?» – деп сұрайды. Сонда марқұм «Құранды қарап оқу» деп жауап берген екен.
Білім алушы кітапты қолына алғанда: «Дүниеде жазылған және жазылатын әріптер санындай «бисмиллаһ субхана Аллаһи уәл хамду лилләһи уәлә иләһа иллә Аллаһу уә Аллаһу акбар, уәлә хаулә уәлә қулләтә иллә билләһил Ъалиил Ъазымил Ъазизил Ъалим» деп айтуы қажет. Және әрбір парыз намаздан кейін: «Әманту билләһил Уахидил Ахадил Хаққил Мубини, уахдаһу лә шарикә ләһу, уә кафарту бимә сиуәһу» деген жөн. Сондай-ақ, Пайғамбарымызға көп салауаттар айтса тіпті орынды болмақ. Пайғамбарымыз барша дүниеге рақым ретінде жіберілген.
Мисуак қолдану, бал (әсел) ішу және күнжітті қантпен жеу адамның жаттау қабілетін арттырады. Күн сайын аш қарынға жиырма бір түйір қызыл мейіз жеу де жаттау қабілетін күшейтіп, көптеген ауруларға ем болады. Және қақырық пен бойдағы ылғалды азайтатын нәрселерді пайдалану еске сақтауды күшейтеді. Ал қақырық шығаратын барлық нәрсе ұмытшақтыққа әкеп соғады.
Күнәлі істер де жаттау қабілетін әлсіретіп, ұмытшақтықты тудырады. Дүние үшін уайым-қайғыға салыну, үздіксіз жұмысбастылық пен сыртқы дүниемен көп қарым-қатынас жасау ұмытшақтықты тудырады. Дүниенің уайымы жүрекке қараңғылық әкеледі. Ал ақыреттің уайымы жүрекке нұр береді. Оның әсері намазда білінеді. Дүние уайымы адамды жақсылықтан тосады, ал ақырет уайымы жақсылыққа жетелейді. Намазды ынтамен оқу және білім алумен шұғылдану уайым-қайғыны сейілтеді. Шейх имам Насыр ибн Хасан әл-Марғинани өзінің қасидасында:
Әй, Насыр Хасанұлы, әр білімге
Жәрдем сұра Алладан бар күніңде.
Сол ілім жүрек жүгін жеңілдетер,
Басқаға арқа сүйеу болар бекер, – дейді.
Шейх ұлық имам Нажмаддин Омар ибн Мұхаммед ибн Ахмад ән-Насафи күңіне:
Жанарымен арбаған, тұтқын еткен,
Жүзі нұрлы, жанары отты неткен.
Тұтқын етті тартымды бір бойжеткен,
Суреттеуге оны қай ақыл жеткен.
Ғафу еткін, бол маған кешірімді,
Ілімменен сырларын аштым оның.
Фазилет пен тақуалық алуменен,
Махаббатын көңілден бастым оның, – деген екен.
Көк кориандр мен қышқыл алма жеу ұмытшақтыққа әкеп соғады. Сондай-ақ асылған адамға қарау, қабірдегі көк тас жазуларын оқу, шынжырланған түйе керуені арасынан өту (адамның жүйкесіне кері әсері болғандықтан), жерге бүргені тірі күйде тастай салу, желке шұқырына хижама жасау (қан алдыру, миға зияны тигендіктен) да есте сақтау қабілетіне кері әсерін тигізбей қоймайды.
Бұлардың барлығынан сақ болыңыздар.