Жастар және жаһандық дағдарыс
Жастар және жаһандық дағдарыс
9 жыл бұрын 4265
Асқар Болатбекұлы

مَنْ تَشَبَّهَ بِقَوْمٍ فَهُوَ مِنْهُمْ

«Кімде-кім қандай да бір қауымға ұқсаса, ол солардан болады».

(Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) жеткізген. Әбу Дәуіт, Либәс 5; Ибн Әби Шәйбә, Мусаннаф 7/639)

 

Хадиске түсіндірме

Бұл хадис бөтен қауымға көзсіз еліктемеуді ескертеді. Мұсылмандарды төл мәдениеті мен ділінен, құндылықтарынан жеріп, өзгелердің өмір салты мен әдет-ғұрпын ұстанудан сақтандыруда.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл хадисін Мәдинада енді-енді аяққа тұрып, тәй-тәй басып келе жатқан жас мұсылман қоғамын ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік өмір салты мен әдет-ғұрпы бар жергілікті яһудилер мен христиандарға ұқсап, солардың ығында кетуден сақтандыру мақсатында айтқан. Міне, осыған қарап, пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сенімде, құлшылықта, өзара һәм өзгелермен қарым-қатынаста, әдет-ғұрыпта, яғни өмірдің барлық саласында ешкімге ұқсамайтын дара қоғам қалыптастыруға ерекше мән бергенін байқаймыз. Мысалы, ол үмбетінің яһудилер мен христиандарға ұқсап кетпеуі үшін елді құлшылыққа шақырғанда, аталмыш қауымдар сияқты керней немесе қоңырау қолданбай, оның орнына азан шақыруды құп көрген; мешіттердің шіркеулер сияқты безендірілуіне рұқсат бермеген; таң намазының уақытын белгілегенде христиандардың таңғы құлшылық уақытына дөп келмеуіне ерекше мән берген; тіпті, шаш бояу және баптау, амандасу әдебі, ас-ауқат ішу әдебі, киім кию әдебі сынды қалыпты істердің өзінде де үмбетін өзгелерге ұқсамауға шақырған әрі соны өзі іс жүзінде көрсеткен. Мысалға, дәуіріндегі мүшріктер сақалдарын қысқартып, мұрттарын өсіргенде, ол керісінше, сақалын ұзартып, мұртын қысқартқан әрі сахабаларына да солай істеуді бұйырған.

Сонымен қатар, бұл хадиске қарап, Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетінің уақыт өте келе өз қағынан жеріген құландай өз құндылықтары мен салт-санасынан жеріп, өзге қауымдарға, әсіресе, кітап иелеріне еліктеп, солардың ығында кететінін алдын ала болжағанын аңғарамыз. Иә, соңғы екі-үш ғасырдан бері көптеген мұсылмандар өзгенің қаңсығына таңсық болып, өзге дін өкілдерінің мәдениетіне, өмір салтына еліктеп, солардың кигенін киіп, ішіп-жегенін ішіп-жеп, солардан не көрсе соның бәрін істеп бағуда. Сол себепті, кейбір ғалымдарымыз мұсылмандардың осынау қылығына қарап, тарих бойына мұсылман баласы өз мәдениетінен мұншалықты жеріген емес деп, ащы да болса ақиқатты айтып, әділ баға берген. Міне, мұны әу бастан білген парасатты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өз үмбетін өзгенің қаңсығына әуес болып, кім көрінгеннің ығында кетуден барынша сақтандыруға тырысқан.

Әсілі, өзгеге еліктеуге үлкендерге қарағанда жастардың бейім келетіні белгілі. Бүгінгі таңда мұсылман жастарының дені киім киісте, ішіп-жеуде және жүріс-тұрыста дәуірі жүріп, айтқаны келіп тұрған батыс мәдениетінің өкілдеріне еліктеуде[1]. Тіпті, сыртқы келбет пен жүріс-тұрысты былай қойғанда, олардың ой-санасы мен жан дүниесі де материалистік санадағы батыс мәдениетінің шырмауына түскен. Міне сол себепті, олар бәріне солардың көзімен қарап, бәрін сол мәдениеттің өлшем бірлігімен өлшеуге тырысады. Соның салдарынан бүгінгі таңда көптеген мұсылман елдерінде аға буын мен жас буын арасында көптеген мәселеде түсініспеушілік орын алуда. Өйткені, бүгінгі жастар тәлім-тәрбиені баяғыдай ата-әже, ата-ана және аға буыннан емес, тікелей батыс мәдениетінен алуда. Аталмыш тәрбиенің құралдары да белгілі. Атап айтсақ олар: радио-теле арналар, ғаламтор желісі және газет-журналдар сынды ақпарат құралдары. Сондықтан, мұсылман үмбеті үшін бүгінгі таңдағы ең басты мәселе ата дініміз бен ділімізден бастау алатын өз құндылықтарымыз бен салт-санамызды қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа соның негізінде тәлім-тәрбие беру. Ол үшін ең алдымен ғасырлар бойы білдей бір ұлтты тәрбиелеп келген, алайда, бұрынғы беделінен айрылып, жоғалып бара жатқан ақсақалдар, әжелер және аналар институтын қайта жаңғыртуымыз керек.

Хадистегі «тәшәббәһә» (өзгеге ұқсап бағу) сөзі морфология ілімінде «تَفَعَّلَ» (тәфә'алә) формасына түседі. Бұл форманың ерекшелігі – оған түскен қандай да бір іс-қимылдың қиналыспен, шамадан тыс жасандылықпен істелінгенін білдіреді. Яғни бұл, кісінің өз табиғатына жат болғанына қарамастан қандай да бір істе немесе мәселеде болмаса да тыраштанып, өзгеге ұқсауға тырысуы дегенді білдіреді. Мысалға, кейбір қыз-келіншектердің өздерінің әп-әдемі табиғи қара шашын сары немесе басқа да ашық түске бояғаны сияқты. Бұл барып тұрған жасандылық емей немене?!

Сондай-ақ бұл хадистен киім кигенде, сөйлегенде және жүріс-тұрыста ерлердің әйелдерге, әйелдердің де ерлерге ұқсауының Алланың рақымынан мақұрым ететін мұсылмандыққа жат қылық екенін аңғарамыз. Осыған байланысты Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) (киім киісте, сөйлегенде және жүріс-тұрыста) әйелдерге ұқсаған ерлер мен ерлерге ұқсаған әйелдерді Алла рақымынан аластады», – деген[2].

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, асыл дініміз Ислам бізді жасандылық атаулыдан жирендіріп, табиғи болмысымызды сақтауға үндейді. Өйткені, жасандылық атаулының түп төркіні жалғандық болса, табиғи болмыс – Хақ тағаланың жаратқаны.


[1] Бұл жерде бүгінгі мұсылман жастарын киім киісте, сәнденуде, ішіп-жеуде және жүріс-тұрыста өзгелерге ұқсатудан мақсат – олардың аталған істерде Ислам дінінің негізгі нормаларын сақтамайтындығын білдіру. Яғни, мұнда мұсылман жастарының киім киісте әуретті толық жаппайтын қысқа немесе дене бітімді кескіндеп көрсетіп тұратын шамадан тыс тар, сондай-ақ көзге ерсі көрінетін басқа да үлгідегі киімдер киетіндігі меңзеледі. Сондай-ақ олардың адал-арам демей не болса соны ішіп жейтіндігі, мейлі үйде, мейлі қоғамдық орындарда болсын, үлкеннің алдында да, кішінің алдында да өздерін тым еркін ұстап, ойларына келгенін істейтіндігі, тіпті, ел-жұрттың көз алдында еш қымсынбастан ұятты істерге де барып жататыны меңзелуде. Міне, мұның бәрі мұсылмандыққа жат, тек кәпірлерге ғана тән ерсі қылықтар болғандықтан олай істеу мұсылман баласына жараспайды. Ал киім киісте, сәнденуде, ішіп-жеуде және жүріс-тұрыста ар-ұят пен адамгершілікке негізделген Ислам дінінің нормаларын сақтай отырып, заманға сай жарасымды киіну, адал аспен тамақтану һәм жөнімен жүріп-тұрудың жөні басқа екені белгілі.
[2] Бұхари, либәс 61.

0 пікір