يَا عَبْدَ اللَّهِ لَا تَكُنْ مِثْلَ فُلَانٍ، كَانَ يَقُومُ اللَّيْلَ فَتَرَكَ قِيَامَ اللَّيْلِ
«Әй, Абдуллаһ! Сен пәленше секілді болма. Ол түнгі намазды үзбей оқып жүріп, ақырында оқуды мүлдем қойды».
(Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген. Бұхари, Тәһәжжуд 19; Мүслим, Сиям 185)
Хадиске түсіндірме
Бұл хадисте хазірет Мұхаммед Мұстафа (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жас сахабасына құлшылық мәселесінде барынша тұрақты әрі табанды болу керек екенін айтқан.
Негізі, құлшылық тұрақтылық пен табандылықты қажет ететін ізгілікті іс. Сондықтан да, қандай да бір құлшылыққа ниет етіп, бастаған соң оны соңына дейін атқару шарт. Кейбір адамдар күнә, жамандық атаулыдан ада рухани ортада жүргендерінде маңайындағы тақуа жандардан әсерленіп, яки құлшылыққа алғаш бастағанда алған бұрын-соңды татпаған рухани ләззаттан соң, бойын құштарлық билеп, шамасынан тыс құлшылыққа ниет етіп, артынан сол ізгі ниетін лайықты деңгейде жүзеге асыра алмай қалады. Сол себепті, пендесінің осынау әлсіздігін жақсы білетін Алла Тағала Құранда: «Алла ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейді» деген.
Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларын, әсіресе, құлшылық мәселесінде әсірелік пен селқостықтан ұдайы сақтандырып отырған. Осы хадисті жеткізген хадистің басында аты аталған атақты сахаба Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас еді. Ол жас күнінде жыл бойы үздіксіз ораза ұстайтын. Мұны естіген Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бірде оған: «Жыл бойы үздіксіз ораза ұстайтын сенсің бе?» – дегенде, ол: «Иә, менмін», – дейді. Сонда оған: «Жоқ, сен олай істеме, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ғана ұста», – дейді. Абдуллаһ: «Уа, Алланың елшісі! Мен одан да көп ұстай аламын», – дегенде, пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ендеше, күнара ұста. Бұл Дәуіт пайғамбардың оразасы. Біле білсең, Алланың алдындағы ең абзал (нәпіл) ораза міне сол», – дейді. Абдуллаһ сонда да: «Мен одан да көп ұстай аламын», – деп алған бетінен қайтпайды. Сөйтіп, ол өмір бойы ораза ұстауға болмайтын айт күндерінен өзге күндердің бәрін ораза ұстаумен өткізді. Алайда, ол қайраты қайтып, шау тарта бастағанда өзегін өртеген өкінішін жасыра алмай: «Шіркін, сол кезде Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) тілін алғанымда ғой. Ол кезде қара тастай қайратты жас едім, бұл іс мен үшін еш ауыр емес еді. Ал ендігі жағдай мүлдем басқаша, қазір қатты қиналудамын. Қанша қиналсам да амал не, Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) алдында айтқан сөзімнен айнығым келмейді», – деген екен.
Осыған орай, Алла Тағала қасиетті Құранда: «Та-Һа. (Уа, Мұхаммед!): Бұл Құранды саған машақат көрсін деп түсірген жоқпыз»[1], сондай-ақ «Шынында, Алла сендерге (қай мәселеде болмасын) жеңілдік қалайды, ауыртпалық артқысы келмейді»[2] деген. Сондай-ақ Құранда әзәзіл Ібіліс адам баласын кейде оң жағынан келіп азғырамын деген. Ғалымдар шайтанның оң жақтан келіп азғыруын – адамды құлшылықтан жалықтырып, біржолата бездіру үшін әсіреқұлшылыққа итермелеуі деп түсіндірген. Міне, осыдан-ақ дінімізде әсіреқұлшылықтың құп көрілмейтіндігін аңғарамыз.
Негізінен әсіреқұлшылыққа имандылық жолына жаңа түскен жастар бейім келеді. Мұның басты себебі, жастықтың желігі мен өмірлік тәжірибенің аздығы екені анық. Сондай-ақ шамасынан тыс міндет арқалап, ақыры орта жолда зорығып немесе тез жалығып бастаған ісін аяғына жеткізбей тастап кететін де көбіне-көп жастар екені белгілі. Міне, сондықтан да пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ең абзал іс – аз да болса, жалғасын тапқан іс» деп, басталған істі аяғына дейін жеткізудің қаншалықты маңызды екенін білдіріп, үмбетін тұрақтылыққа, табандылыққа әрі байсалдылыққа шақырған.
Бірде үш кісі пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) пәк жұбайларынан оның үйде қалай құлшылық ететіні жайлы сұрады. Олар Алла елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) құлшылығынан хабардар болған соң, өздерінің күнделікті құлшылықтарын азырқанып: «Пайғамбардың қасында біз кімбіз? Оның өткен және алдағы күнәлары түгелдей кешірілген ғой», – десті. Содан олардың біреуі: «Мен бұдан былай түнімен намаз оқитын боламын», – деді. Екіншісі: «Мен бұдан былай өмір бойы үздіксіз ораза ұстаймын», – деді. Ал үшіншісі: «Мен де бұдан былай әйел атаулыға жоламаймын да, ешқашан үйленбеймін де», – деді де жөндеріне кете барды. Кейін әлгі үшеуінің сертін естіген пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға барып: «Үйтемін-бүйтемін деген сендерсіңдер ме?! Алланың атымен ант етейін! Араларыңдағы Аллаға ең көп тағзым етуші де, Одан ең қатты қорқатын да мына менмін. Сөйте тұра, мен кейде ораза ұстасам, кейде ұстамаймын. Түннің бір уағында тұрып намаз оқимын, әрі жатып тынығамын. Сондай-ақ, үйленіп, отау құрамын. Ендеше, кімде-кім менің жолымнан бас тартса, ол менен емес»[3], – деп үшеуін әсіреқұлшылықтан сақтандырған.
Тағы бірде мешітке кіргенде, шет жақтағы екі діңгекке керілген арқанды көріп: «Бұл не қылған арқан?» – деп сұрады. Сол жердегілер: «Бұл – Зейнептің арқаны, ол намазда ұзақ тұрып қатты шаршағанда, осыған сүйенген күйде құлшылығын жалғастырады», – деп жауап берді. Сонда пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мұны алып тастаңдар. Әркім (нәпіл) намазын сергек кезінде оқысын. Құлшылықтан, шаршағандарыңда, жатып, бір сәт демалыңдар»[4], – деді.
Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм): «Шүбәсіз, дін – жеңілдік. Адам баласы қанша жерден шамасынан тыс құлшылық етемін деп тыраштанса да, бәрібір дін одан ұдайы үстем болады. Ендеше, әр істе (әсірелік пен селқостыққа жол бермей) тура жолды ұстаныңдар»[5], – деп үмбетіне өсиет айтқан.
Алайда, бұл мәселенің екінші жағы да бар. Ол – дінде әсірелік құп көрілмейді екен деп, селқостыққа жол беру. Әсірелік сынды селқостық та, мұсылманға жат қылық. Нағыз мұсылман осы екеуіне де бой алдырмай, екеуінің арасынан тура жол тауып, әр істі өз орнымен һәм жөнімен істей білген жан. Тақырыбымызға арқау болған жоғарыдағы хадисте негізінен осы меңзелген. Құранда Алла Тағала пендесіне: «Ажалың жетіп, дәм-тұзың таусылғанша Раббыңа құлшылық ет!» деген. Яғни, Алла Тағала бұл аятта пендесіне ес біліп, етек жапқаннан бастап, өле-өлгенше құлшылық етуді бұйыруда. Бұл бәрінен бұрын құлшылықта тұрақты болуды білдіреді. Ал құлшылықта тұрақты болудың бірден-бір жолы – әсірелік пен селқостықтан аулақ болу.
Осы орайда, құлшылық мәселесінде селқостық танытпау керектігіне қатысты мына бір әңгімеге құлақ асайық. Абдуллаһ ибн Омар: «Сахабалар арасынан түс көргендер көрген түстерін пайғамбарымызға (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп айтып беретін еді. Мен соларға қарап, қатты қызығатынмын, әрі ішімнен шіркін, мен де осылар сияқты ауыз толтырып айтатындай ерекше түс көріп, Алла елшісіне (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) айтып берсем ғой деп армандайтынмын. Мен ол кезде жас едім. Көбіне-көп мешітте қонатынмын. Сөйтіп жүргенде, бір күні мен де арманыма жеттім. Түсімде екі періште мені екі жақтап сүйреген бойда жаһаннамға алып келді. Жаһаннам бейне бір іргесі таспен өрілген үлкен құдыққа ұқсайды әрі қос діңгегі бар екен деймін. Онда Құрайыш тайпасынан таныс адамдар бар екен. Содан мен осынау үрейлі көріністен шошынып, «жаһаннамнан сақтай гөр!» деп, Алладан пана тілей бастадым. Сол кезде қасыма басқа бір періште келіп: «Қорықпа», – деді. Мен бұл түсімді пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жары Хафса әпкеме айтып бердім. Түсімді Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) естігенде: «Тәһәжжүд намазын оқымайтыны болмаса, біздің Абдуллаһ қандай жақсы адам!» деген екен. Сөйтіп, мен сол күннен бастап түнде біраз көз шырымын алған соң, қалған уақыттың бәрін құлшылық етіп өткізуді әдетке айналдырдым»[6], – деген екен. Міне, осыдан-ақ асыл дінімізде әсіреқұлшылық қандай жағымсыз әрекет болса, селқостықтың да дәл сондай мұсылманға жат қылық екенін аңғаруға болады.