Жарқын ақтық сәттің кейбір белгілері
Жарқын ақтық сәттің кейбір белгілері
5 жыл бұрын 5069
А. Қасым

Жарқын ақтық сәт - "Хуснуль Хотимә"

Әр адамның о дүниелік жағдайының қандай боларын соңғы сәті шешеді. Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтқандай, кейде пейіштік шығар деп жүрген адамымыз өмірінің соңғы сәтінде кәпір болар әрекет жасап, осылайшай тозаққа кірушілерден болып қалуы ғажап емес екен. Керісінше, тозақы деп ойлап жүрген адамымыз соңғы сәтінде Алла риза болар бір іс жасап, пейішке кіру құрметіне лайық болуы мүмкін екен. Сол себепті, Алладан ақтық деміміздің жарқын болуын, соңғы сәтімізде мүмин-мұсылман болған күйі жан тәсілім етуді жазсын деп тілеп жүруіміз ләзім.

Мына төмендегі жазбада соңғы сәттің жарқын екендігіне ишара етер кейбір белгілер беріліп өткен:

Бірінші белгісі. Маңдайынан (шекесінен) тер аққан күйі жан тәсілім етуі. Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) бір сөзінде: «Мүмін – маңдайы терлеген күйі жан тәсілім етеді»[1], - деген.

Екінші белгісі. Жұманың түнінде немесе жұманың күндізінде қайтыс болуы. Алла елшісі (с.а.у.) «Қайсыбір мұсылман жұма күні күндіз немесе түнде қайтыс болса, Алла ол пендені қабір азабынан (фитна) құтқарады»[2], - деген.

Үшінші белгісі. Ақтық сәтінде тілін кәлимаға келтіріп, шәһәдәт сөзін айтуы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Кімнің ақырғы сөзі «лә иләһә иллаллаһ» болса, ол адам пейішке кіреді».

Төртінші белгісі. Шейіт болу. Мәселен, Алла жолында соғысып өлу немесе өзін, арын және малын қорғау үстінде қаза табу, қателікпен өлтірілген мұсылман, яки суда туншығып өлген мұсылман, отқа жанып өлген мұсылман, құлаған қабырғаның астында жаншылып өлген мұсылман, оба сияқты жұқпалы ауруға шалдығып, соның салдарынан өлу, босанып жатып (не нифас кезінде) қайтыс болу, отбасының нәпақасын іздеп жүріп қайтыс болу.

Бесінші белгісі. Құлшылық үстінде қайтыс болу. Мысалы, намаз оқып тұрып қайтыс болса, мешітке кетіп бара жатқанда қайтыс болса, ауызы берік күйі қайтыс болса т.б.

 islam.kz


[1] Ибн Хаббан. Сахих.
[2] Имам Тирмизи: «Сүнән».

0 пікір