Жәннатқа жеткізетін жақсы амал
Жәннатқа жеткізетін жақсы амал
7 жыл бұрын 6094 muslim.kz/kk
Нұрлан РАМАЗАНОВ

Аса мейірімді Алла Тағала адамдар арасында мұқтаж жандарға қол ұшын беретін жомарт құлдарын айрықша жақсы көреді. Өйткені, мұқтаждың мұңын бөлісіп, кем-кетікке қарайласу, Алла жолында мал-мүлкінен садақа беру – қоғам арасындағы қайырымдылықты арттырып, бақытты өмір сүруге жетелейтін ізгі амалдардың бірі. Қасиетті Құран Кәрімде: «Алла жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы»,[1] – бұйырады. 

وَمَا أَنفَقْتُم مِّن شَيْءٍ فَهُوَ يُخْلِفُهُ وَهُوَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ

Яғни, Алла Тағала өзгеге қамқорлық танытып, садақа беруге келгенде сараңдық көрсетпеген жандардың ризық-несібесін де еш кемітпейтінін, қайта міндетті түрде орнын толтыратынын уәде етеді. Бұл турасында Құранның көптеген аяттарында кездеседі: «Жақсылықтан не берсеңдер де, ол – өздерің үшін. Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар». 

وَمَا تُنفِقُوا مِنْ خَيْرٍ فَلِأَنفُسِكُمْ  وَمَا تُنفِقُونَ إِلَّا ابْتِغَاءَ وَجْهِ اللَّهِ  وَمَا تُنفِقُوا مِنْ خَيْرٍ يُوَفَّ إِلَيْكُمْ وَأَنتُمْ لَا تُظْلَمُونَ

Бұл аяттың тәпсірінде Ибн Кәсир (р.а.): «Алла Тағаланың разылығын қалап, садақа берген адам кез келген жағдайда – садақа алушы адамның лайық немесе лайық болмауына қарамастан сауап алады», – деп түсіндіреді.

Хасан Басридің (р.а.) жеткізген хабарында біреу Османға (р.а.) келіп: «Ей, дәулеттілер! Сендер-ақ бүкіл сауапты қоймайсыңдар. Садақа үлестіріп, құлдарға азаттық алып бересіңдер. Қажылыққа барасыңдар және дін жолында мал-мүлік жұмсайсыңдар», – деген екен.  Осман (р.а.): «Сендер бізге қызығатын болып тұрсыңдар ғой, солай ма?» – деді. Сонда әлгі кісі: «Иә, біз сендерге тамсана қараймыз», – дегенде, Осман (р.а.): «Уаллаһи, (Алланың атымен ант етейін), өзі зәру жағдайда бола тұра адамның дін жолында бір дирхам жұмсағаны бай-бақуатты, молшылық заманда берген адамның он мың дирхамынан артық», – дейді.

Байқағанымыздай, Алла разылығын қалап, бауырының басындағы ауыртпалықты азайту мақсатын көздеген жанның көл-көсір дәулеті болуы шарт емес. Тек пейілі мен ниеті таза болып, шынайы ықыласымен берсе болғаны. Осы орайда, Хакім Абай атамыз: «Пейілі кедей байдан сақта» деп бекер айтпаса керек.

Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде былай деп бұйырады :

لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّىٰ تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ  وَمَا تُنْفِقُوا مِنْ شَيْءٍ فَإِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ

«Сендер өздерің жақсы көргеннен жұмсамайынша, ешқашан игілікке жете алмайсыңдар»[2].

Тәпсірші ғалымдар осы аят турасында: «Мал-дүниелеріңнен садақа бермейінше, жәннәтқа кіре алмайсыңдар», – деп тәпсірлеген.

Аталмыш аят түскенде, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары қайырымдылық жасап, жомарттық таныту жолында ерекше жарысқан.

Сахабалардың мәрттігі

Әбу Талха (р.а.) Мәдинадағы ең дәулетті ансар еді. Оған мүліктерінен ең сүйіктісі мешіттің қарсы бетіндегі Байраха бағы болатын. Алла елшісі (с.ғ.с.) оған кіріп, ондағы дәмді судан ішіп жүретін».

«Сендер өздерің жақсы көргеннен жұмсамайынша, ешқашан игілікке жете алмайсыңдар»[3] деген аят түскенде, Әбу Талха (р.а.) Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Расында, Алла кітабында: «Сендер өздерің жақсы көргеннен жұмсамайынша, ешқашан игілікке жете алмайсыңдар», – дейді. Шын мәнінде, маған мүліктерімнен ең сүйіктісі – Байраха. Енді ол – Алла үшін садақа. Мен оның игілігін және Алланың құзырында қазына (болуын) үміт етемін. Оны өзің қалаған орынға жұмса, уа, Алла елшісі!» – деді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Пах, (шіркін)! «Бұл – неткен олжалы сауда!». Мен сенің айтқаныңды естідім. Расында, мен оны жақындарыңа бөліп беруіңді жөн көремін», – деді. Сөйтіп, Әбу Талха оны жақындарына және көкесінің балаларына бөліп берді»[4].

Сахабалар арасындағы өзгені өзінен жоғары санап, жан-тәнімен жақсылық жасауға ұмтылғандары соншалық, Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) жеткізген мына оқиға жүректі тебірентеді: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабаларынан болған бір кісіге қойдың басы ұсынылып, тарту етілді. Сонда ол: «Менен қарағанда бауырыма қажет», – деп оған жіберді. Сөйтіп әрқайсысы бір-біріне жөнелту кезінде (әлгі қойдың басы) жеті үйді аралап, қайтадан бірінші үйге оралды».

كانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا إِذَا أَعْجَبَهُ شَيْءٌ مِنْ مَالِهِ تَصَدَّقَ بِهِ اِتِّبَاعًا لِهِذِهِ الْآيَة.

«Осы аятқа амал еткен ибн Омар мал мүлкінің қайсысына көңілі құлай бастаса, оны сол сәтте Алла жолында жұмсайтын».

Имам Мәліктің риуаяты бойынша, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жан жары Айша (р.а.) анамыз ораза тұтқан күні бір кедей жәрдем сұрап келеді. Айша анамыздың (р.а.) үйінде бір жапырақ наннан басқа азық жоқ еді. Соған қарамастан қызметшісіне: «Келген адамға үйдегі нанды бер», – деді. Қызметшісі: «Егер нанды берсек, кешке аш жатамыз», – десе де Айша анамыз (р.а.) қоярда-қоймай нанды әлгі кедейге бергізген еді. Сонда қызметшісі: «Айшаның (р.а.) айтуымен нанды келген адамға бердім. Кешкісін біреулер үйге піскен ет пен нан әкелді. Айша (р.а.) мені шақырып алды да: «Мынаны же, мына нан әлгі (бергің келмеген) нанның орнына келген нығмет», – деді.

Ия, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегесін сіңіріп, сенімді серігі болған саңлақ сахабаларымыз Алла жолында мал-мүлкі мен дәулетін жұмсауға келгенде жомарттықтың жарқын үлгісін көрсеткен. Өйткені, оларға екі дүние сардары болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі ынталандырып, үлгі болып отырған.

Омардың (р.а.) риуаяты бойынша күндердің бір күнінде әлдебір бәдәуи Алла елшісінен (с.ғ.с.) мал-мүлік сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қазір қолымда ешнәрсе жоқ. Бірақ, сен менің атымнан өзіңе қажеттіні ал. Ақысын өзім төлеймін», – деді. Бұған төзе алмаған Омар (р.а.): «Уа, Расулалла! Сізден сұраған кезде бердіңіз. Жарайды, ол кезде қолыңызда бар еді. Қазір қолыңызда жоқ. Алла Тағала қолыңызда жоқ нәрсені тауып бермегеніңіз үшін жауапқа тартпайды ғой!», – дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Омардың (р.а.) бұл сөзін ұнатпады. Осы кезде ансарлық сахабалардың бірі: «Уа, Алланың елшісі! (Алла үшін) беріңіз! Ғарыштың иесі сізді аш қалдырмайтыны өзіңізге аян», – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл сөзді естігенде: «Жаратқан мені осы мақсатпен жіберді», – деп жадырап сала берген екен.

Көрдіңіз бе, жоқ-жітіктің қажетін өтеп, қол ұшын созуды Алла Тағаланың ең сүйікті құлы болған Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі жер бетіне жіберілгендегі мақсат-мұраттарының бірі балаған. Өйткені, садақа жүректерді жібітіп, жер бетіне мейірім тарататын ең ізгі амалдардың бірінен. Тіпті, садақа беруге келгенде тартынып қалмайтын надандардың дәрежесі Алла құзырында биіктей түседі. Бұл жайында Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:

اَلسَّخِيُّ قَرِيبٌ مِنْ اللَّهِ قَرِيبٌ مِنْ الْجَنَّةِ قَرِيبٌ مِنْ النَّاسِ بَعِيدٌ مِنْ النَّارِ وَالْبَخِيلُ بَعِيدٌ مِنْ اللَّهِ بَعِيدٌ مِنْ الْجَنَّةِ بَعِيدٌ مِنْ النَّاسِ قَرِيبٌ مِنْ النَّارِ وَلَجَاهِلٌ سَخِيٌّ أَحَبُّ إِلَى اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ مِنْ عَالِمٍ بَخِيلٍ

«Жомарт – халыққа, жұмаққа, Алла Тағалаға жақын, бірақ тозақтан алыс. Сараң  халықтан, жұмақтан, Алла Тағаладан алыс, бірақ тозаққа жақын. Сол сияқты, надан жомарт – сараң ғалымнан қарағанда Аса Ұлы Аллаға сүйкімді», – деп, жомарт пен сараң адамның айырмашылығын жіктеп көрсеткен.

Сондай-ақ, Алла Тағала берген мал-мүліктен, қазына-дәулеттен соқыр тиын да шығарғысы келмей, сараңдықпен садақа беруден бас тартудың да құпталмайтын амалдар қатарынан екенін Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен мына хадистен біле аламыз::

مَا مِنْ يَوْمٍ يُصْبِحُ الْعِبَادُ فِيهِ إِلا وَمَلَكَانِ يَنْزِلانِ فَيَقُولُ أَحَدُهُمَا: اللَّهُمَّ أَعْطِ مُنْفِقًا خَلَفًا ، وَيَقُولُ الآخَرُ: اللَّهُمَّ أَعْطِ مُمْسِكًا تَلَفًا

«Күн сайын таңертен Алланың құлдары ұйқысынан енді оянып жатқанда, көктен екі періште түседі. Бірі: «Уа, Алла Тағалам! Дүние-мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр», – десе, екіншісі: «Уа, Алла Тағалам! Жиған-тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға батыр», – деп дұға жасайды»[5]

Жомарттық қанша деңгейден тұрады?

Ғалымдар жомарттықты үш түрге бөліп қарастырған.

Біріншісі: Дүниесін жұмсағанымен оның кемуіне әсер етпесе және оған еш қиындық туғызбаса, жомарттықтың бұл түрі – әс-саха السَّخَاءُ дәрежесі деп аталады.

Екіншісі: Дүниесінің көбірегін сарп етіп, өзінде бір бөлігін алып қалуы немесе жұмсағандай мөлшерді өзінде қалдыруы, жомарттықтың  бұл түрі – әл-жуд الْجُودُ дәрежесі деп аталады.

Үшіншісі: Сол нәрсеге өзі мұқтаж бола тұра өзгені өзінен артық көруі, жомарттылықтың бұл түрі – الْإِيثَارُ әл-исәр деп аталады. Әл-исәр – жомарттықтың ең жоғарғы сатысы. Ибн Қудама (р.а.) жомарттардың дәрежелері туралы айтылғанда былай дейтін: «Исардан (өзгені өзінен артық көруден) асқан жомарттық жоқ. Себебі, Алла Тағала Пайғамбардың сахабаларының исарын мақтап Құранда:

وَلَا يَجِدُونَ فِي صُدُورِهِمْ حَاجَةً مِّمَّا أُوتُوا وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ

«Олардың көңілдерінде мүміндерге бергендерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ, өздері таршылық пен мұқтаждықта бола тұра, оларды өздерінен артық көреді»[6], – деп сипаттаған.

Ендеше, екі дүниемізге пайдасын тигізіп, Алла Тағаланың мейіріміне бөлейтін бұл амалдың орындалуы оңай, сауабы сансыз екенін естен шығармайық! Жаратушы Иеміз жасаған жақсылықтарымызды, берген садақаларымызды, көрсеткен көмек-жәрдемдерімізді қабыл етіп, сауапқа жазғай! 



[1] «Сәбә» сүресі, 39-аят.
[2] «Әли Имран» сүресі, 92-аят.
[3] «Әли Имран» сүресі, 92-аят
[4] Мүслим.
[5] Имам Бухари, Мүслим.
[6] «Хашр» сүресі, 9-аят.

 
0 пікір