Жалған ілім немесе оқулықтағы олқылық
Жалған ілім немесе оқулықтағы олқылық
11 жыл бұрын 4703 islam.kz naked-science.ru
Бекен Қайратұлы

Қазіргі таңда біздегі барлық орта мектептерде жаппай оқытылатын «Биология» дейтін пән бар. Осы пән оқулықтарында исламның сенім-нанымына қайшы келетін көзқарас орын алған. Мысалы: ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған «Биология» (авторлары – М.Қ.Гильманов, Л.Ү.Әбшенова, А.Р.Соловьева, Алматы, «Атамұра» 2005 жыл) пән оқулығында: «Чарльз Дарвиннің «табиғи сұрыптау» теориясы бойынша адамның арғы атасы – маймыл. Бүгінгі біздер эволюциялық сұрыпталу барысында осындай күйге жетіппіз. Нақтырақ айтқанда, тіршілік үшін күресте кім күшті сол тірі қалып отырған» дейді (115-бет). Тағы сол сияқты ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен, жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған «Биология» оқулығының 5-бетінде: «Адам – тірі жүйелер эволюциясы дамуының ең жоғарғы сатысы. Ағылшын ғалымы Ч.Дарвин 1871 жылы шыққан «Адамның тегі және жыныстық сұрыпталу» атты еңбегінде: «Адам жануарлар әлемінің эволюциялық дамуы нәтижесінде пайда болды» деп жазады… Дарвиннің анықтамасы адамның пайда болуы мен адам тәрізді маймылдар тегінің біртұтастығын көрсетіп, эволюциялық даму бағытына сілтеме жасады» деген сөйлем бар.

Жалпы бұл Дарвинизм ілімнің пайда болуы Еуропада ХVІ ғасырдың екінші жартысында шексіз билікке ие болған монархиялық жүйеге қарсы топтардың ойлап тапқаны.  Өйткені, олар патшамен тұтасып қоғамға әмір жүргізіп отырған дін иелерінің, «бәрі бір Құдайдың әмірімен болады, патша сол тәңірдің сүйген құлы, оған қарсылық таны­ту күнә» дейтін ұстанымына қарсы теория ой­лап табу қажет болды. Шын мәнінде бұл ілім жалпы илаһи  дін атаулыға қарсы ұйымдастырылған әдіс.

Осы орайда, геолог Джеймс Хаттон (1726-1797) дейтін адам: «Жерді Құдай жаратпаған, ол өздігінен топырақ қыртысы жылдан жылға қалыңдау арқылы пай­да болған» дейтін алғашқы пікірді ұсынды. Қолдаушылар да табылды. Жаратылыстану саласының маманы Хален Куртис жаңа теорияны «униформизм» деп атады. Одан кейін аталмыш идеяны ағылшын ғалымы Чарльз Лайель іліп әкетті. Бұл оқымысты өзінің «Геология негіздері» атты үш томдық еңбегінде: «Жер өзінен өзі пайда болған» дей отырып, оны дәлелдеуге тырысты. Бұлардың ізін жалғастырушы тағы бір ағылшын Чарльз Дарвин «Түрлердің пайда бо­луы» атты кітап жазып, адам баласын Алла жаратқан жоқ, табиғи сұрыптаудың нәтижесінде пайда болған маймылдың ұрпағы, деп көрсетті.

Осылай адамзат тарихында жаңа теория пайда болды. Бұны дінге қарсы  топ­тар алақайлап қабыл алды. Әсіресе, дін атаулы­ны мансұқтаған Совет Одағы Дарвин теориясын дүниетанудың өзегіне айналдырды. Жалған ілім жайлаған социалистік системаның адамдары маймылды «ұлы бабамыз» деп таныды. Қысқасы, адам баласы ұзақ жылғы сұрыпталудың арқасында адам болыпты-мыс. Егерде, еңбек етпегенде маймыл қалпымызда қалып қоюуымызда мүмкін екен. «Адамды адам еткен еңбек…» (Ф.Энгельс).

Осылайша әлеуметтік дарвинизм дами келе қоғамдағы тәкаппарлық пен нәсілдік бүлінушіліктің өрістеуіне жол ашты. Ағылшын социологы Спенсор мыр­за, сұрыптау теориясын алға тарта отырып, «адамды аялап, қамқорлық жасау теріс, кім мықты сол ғана тірі қалу керек» деген ұстанымды қоғамға енгізді. Бұл ұғым кезінде әжептәуір қолдау тапты. Осы теорияны дамытушы ағылшын психоло­гы Фрэнсис Гэлтон (1822-1911) жоғарыдағы эволюциялық ілімді негіздей отырып, «Евгени­ка» (грек сөзі – «асыл тұқым» дегенді білдіреді) атты жаңа тағы бір теория ойлап тапты. Оның пайы­мынша, табиғи сұрыптау арқылы адамның өте қуатты тұқымын жасап шығаруға болады. Дәл осы идеяны іске асыруға ХХ ғасырдың басын­да жапон милитаристері мен неміс фашистері құлшына іске кірісті. Герман армиясының идео­логы Фрэдрих вон Бернхарди 1911 жылы жарық көрген «Германия және алдағы соғыс» атты еңбегінде Дарвиннің эволюциялық даму тео­риясын басшылыққа ала отырып, соғыс адам­зат үшін биологиялық қажеттілік дегенді кесіп айтты. Кітап Германияның ресми көзқарасына айналды. Нәтижесінде немістер үш жылдан кейін 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғысты бастап жіберді. Қаншама адам қырылды, қаншама дүние бүлінді.

Арада 25 жыл өткен соң Екінші дүниежүзілік соғыстың басталар қарсаңында тағы да осы әлеуметтік Дарвинизм саясат сахнасына шықты. Германия фашизмінің идеологиясына айналды. Адольф Гитлер «Менің күресім» атты кітабында Дарвин іліміне арқа сүйеу керек дегенді ашық мәлімдеді. Онымен қоймай жоғарыдағы «Евгеника» теориясын басшылыққа алып, немістер «таза арий қанды тұқым» деген нәсілдік үстемдікті әспеттеп, басқалар бізге құл болуға лайық-мыс деген жойдасыз тәкаппарлыққа ұрынды. Мұндай пікірден Италия басшысы Бенито Муссолини де қалыс қалған жоқ. Барлық баяндама­ларында Дарвин идеясын ұрандаумен болды. Ақыры не болды? Қырғын соғыс басталып, 50 миллион адамның басын жалмап кетті. Міне, дарвинизмнің адам баласына тигізген «пайдасы».

Адам баласы соқыр саясаттың құрбаны болуы мүмкін, бірақ жалған дүние түбі әшкереленбей қалмайды. Сол сияқты эволюциялық ілімнің осал тұсы: маймыл адам болғанға дейінгі аралық тұқымның қаңқасы немесе нендей бір дерегінің болмауы еді. Дарвин болса: «Қазір бұл аралық тұқымның қаңқалары табылмағанымен келешек­те міндетті түрде табылуы тиіс» деген үмітпен көз жұмды. Ізбасарлары эволюциялық ілімді дәлелдейтін дерек іздеп шарқ ұрды. Сөйтіп жүргенде қопарылған топырақ арасынан белгісіз бір тіс табылды. Табиғаттанушылар оған «Небраск адамы» дейтін ат қойып, міне бұл аралық тұқымның белгісі деп жар салды. Ақырында бұл мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген жабайы шошқаның тісі бо­лып шықты. (Доктор Дж. С.Маклин, «Очевид­ность сотворения мира», 199-бет).

Одан кейін атақты сүйектанушы ғалым Ч.Даусон 1912 жылы саксония территориясы «Пилтдаун» өлкесінен «бас сүйек пен жақ сүйек тауып алдым» деп күллі дүниеге дүбір салды. Әлгі қаңқаға 500 мың жылдық жас беріліп, «Пилтда­ун адамы» дейтін ат қойылды. Қу сүйек 40 жылға жуық Еуропаның барлық университеттерін аралап, 500-ге жуық ғылыми еңбек жазылды. Содан 1949 жыл туғанда Кеннет Окли дейтін оқымысты қу сүйектің жасын анықтайтын «Flor test» атты тест ойлап тауып, Британ мұражайында тұрған әлгі бас сүйекті зерттеп кеп жіберсе, 500 жыл бұрын өмір сүрген адамның қаңқасына, 60 жыл бұрын өмір сүрген орангутан маймылдың жақ сүйегін шебер қиюластырып, жасанды тіс салғаны анықталып шыға келді. Ақыры, «алаяқ» сүйек айдалаға лақтырылып тасталды.

Дарвин іліміне түбегейлі қарсы шыққандар да болды. Соның бірі – Петр Кропоткин 1902 жылы жарық көрген «Эволюцияның факторы және өзара көмек» дейтін еңбегінде: тірі табиғат тек ғана қырқысып, сұрыпталу арқылы өмір сүрмейді, өзара көмек-ынтымақпен тіршілігін жалғайды дегенді алға тартты. Тау тұлғалы жыртқыш балықтың үсті-басын тазалап, тісіне қыстырылған етті теріп жеп, күн көретін майда шабақтардың тірлігін тілге тиек етті.

Батыстың белгілі ғалымы Макс Планк дүниенің пайда болу заңдылығын көп жыл зерт­теп, былай деп қорытынды жасайды: «дүние (ма­терия) белгілі бір күш-құдіреттің арқасында пай­да болған, материяның ішінде аса кішкентай күн жүйесі тәрізді құрылымдар бар. Атом және элек­трон деп аталатын бұл жүйелер материяны ыды­рап кетуден сақтайды. Осыған қарағанда ғаламды жаратқан бір құдірет бар, ол – Алла», дейді.

Дарвин теориясын орта мектептерде оқытпау жайлы көптеген ғалымдар бастама көреуде. Атап айтсақ, 2004 жылы сәуір айында Италия білім министрі Летиция Моратти орта мектепте бұл ілімді оқытуды тоқтату жайында комиссия құрып, оны Нобель сыйлығының иегері Ритой Леви- Монтальчини басқарды. Тағы да осы жылы Сер­бия министрі Лиляна Чолич аталмыш теорияны оқудан алып тастады. 2005 жылы Дарвин ілімін оқытқаны үшін Түркияның Мерсин қаласында бес мұғалімнің үстінен іс қозғалды. Американдық Мичиган университетінің зерттеуіне қарағанда, АҚШ тұрғындарының алтыдан бірі ғана жалған ілімге иланады. Ал, Жапония, Исландия, Дания, Швеция, Франция тұрғындарының 80 пайызы қарсы (www. rian.ru).

Демек, Дарвин ілімі саясиланған жалған құрал. Дінді мансұқтау үшін пайда болған теріс жол. Дарвин тео­риясын діни сауаты жоқ адамдар немесе дінге қарсы жандар ғана қолдайды.

Шын мәнінде сұрыптаушы бір Алла. Құран Кәрімнің «Қасас» сүресінің 68-ші аяты: «Раббың қалағанын жара­тады да, сұрыптайды…» деп баста­лады. Ал, «Мүминұн» сүресінің 12-14 аятында: «Адамды Біз топырақтың ең асылынан жараттық. Одан соң оны ұрықтың тамшысына ай­налдырып, өте сенімді орынға (жатырға) орналастырдық. Одан әлгі ұрықты ұйыған қанға айналдырдық. Ұйыған қанды бір жапырақ етке айналдырдық. Бір жапырақ етке сүйек бітірдік. Оған ет қондырдық, оған жан кіргізіп, басқадай жаратылысқа айналдырдық. Аса шебер Жаратқан Ие барынша ұлы» дейді.

Сөзімізді қортындылай айтсақ, есі дұрыс адам «май­мылдан адам жаралған» дегенге сене ме, есі дұрыс қоғам өзінің ұрпағына «сенің атаң маймыл» деп оқыта ма? Жоғарыдағы 8-9 сынып оқулықтары арқылы Дар­вин ілімін насихаттағанымыз ұят нәрсе. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан батыл қадам жасап, жоғарыдағы оқулықтарға түзету енгізгені жөн. Әйтпегенде, болашақ ұрпағымыз қашанғы жалған іліммен сусындайды.

0 пікір