Көркем сөзді болу мұстахаб, ұнамды нәрсе. Сондай-ақ, адамдарға жылы жүзді болу да мұстахаб.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген:
«(Мұхаммед!) Мүміндерге қанатыңды аш!»
Тағы бір аятта былай делінеді:
«Егер, дөрекі әрі қатты жүректі болсаң, айналаңнан олар (мұсылмандар) тарап кетеді...».
Сахаба Ади ибн Хәтим (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
«Тозақ отынан жарты құрма садақа беріп болса да сақтаныңдар! Оны да таба алмаған кісі көркем сөз сөйлеумен өзін тозақтан сақтасын».
Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисті Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға көркем тілмен сөз сөйлеудің садақа бергенмен бірдей саналатындығы жайында былай деп бұйырған:
«Көркем сөз – садақа!».
Әбу Зәрр әл-Ғифәри (р.а.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді:
«Жақсы нәрсенің ешбірін қор көрмеңдер (төмен санамаңдар). Тіпті, дін бауырыңа күлімсіреп (жылы жүзбен) қараудың өзін (болмас нәрсе деп санама)».
Сахаба Әнәс ибн Мәлик айтады:
«Пайғамбар (с.а.у.) бір сөз айтатын болса, түсінікті болғанға дейін оны үш рет қайталайтын. Және де бір жамағатқа келсе, оларға сәлем бергенде үш рет қайталап сәлем беретін».
Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөзінің анықтығы жөнінде былай деген:
«Алла елшісінің (с.а.у.) сөйлеген сөзі ашық-анық болатын. Естіген адам бірден ұғатын».
[1] Имам ән-Нәуәуи: «Риядус салихин». Бәбу истихбәби Тойибиль Кәләм...