Таңдаулы хадис шәрифте бұл туралы: «Өздеріңе, бала-шағаларыңа және мал-мүліктеріңе бетдұға (қарғыс) етпеңдер! Дұғалардың қабыл болатын уақытына тура келіп, бетдұғаларың қабыл болады» деген екен. (Мүслим) Ислам ғұламаларының осындай өситеттеріне қарап, қарғыс айтуға болмайтындығын көреміз. Қарғауға болмайтын себебі, қарғыстың қабыл болатындығында болса керек.
Қарғыс айтпаудың басты себебі адамзат баласы кек қуыспай кешірімді болса деген өсиетте жатқандығын аңғарамыз.
Алла Елшсі Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у) өте кешірімді, мейрімді болғандығы жалпы адамзатқа үлгі. Асыл Пайғамбарымыз (с.а.у.) Исламды насихаттау мақсатында Тайф қаласына барғанда Тайф халқы ардақты Пайғамбарымызды (с.а.у.) таспен атып, қаладан қуатын оқиға бар.
Алла Елшісі Мұхаммед (с.а.у.) сонда да сабыр сақтап, оларға қарғыс, лағнет айтпаған. Қайта, Ол (с.а.у.): «Уа, Алла! Бұл қауымды тура жолға сала гөр. Мен бұлардан мүмін ұрпақ шығуын тілеймін», – деп дұға еткен екен. Кешірімділік пен мейрімділіктің тамаша үлгісі осы болса керек.
Негізсіз, жүйесіз қарғыс айту туралы: «Бір адам лағынет айтқанда, лағынет айтылған адам бұған лайықты емес болса, бұл лағынеті өзіне қайтады», - делінген. (Бәйһақи)
Қазақта да «Иелі қарғыс иесін табады, жүйесіз қарғыс жүйесін табады» деп албаты лағнет айтпауды ескерткен.
Хадистерде: «Әке-шешенің баласына және зұлымдық көрген адамның залымға жасаған қарғысы қайтарылмайды», - (Тирмизи) деп жүйелі айтылған қарғыс дұғасының қабыл болатындығын жеткізген.
Тағы да Хадис шәрифте: «Мүминге лағнет айту оны өлтірумен тең», - делінген.
Яғни шын ниетпен лағнет айту қабыл болады деп ескертіліп, сондықтан болмашы ашуға бола қарғыс айтпау ескертілген.
Ислам тарихында Пайғамбарымызға және сахабаларға он үш жыл бойы қастандық жасаған мүшриктерге және олардың басшыларына қарғыс айту Ұлы Алла тарапынан ардақты Пайғамбарымзға (с.а.у.) үкім етілмеген. Қайта оларға адами сана бер деп тілеу қажет екендігі ескертілген.
Қорыта айтқанда, Абай атамыздың «...Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген асыл сөзін есте сақтай отырып, Алланың үкімімен бір-бірімізге үнемі жақсы сөз айтып, жақсылық тілеcек, өміріміз жарқын болары сөзсіз.