Ислам өзге дін өкіліне құрмет жөнінде не дейді?
Ислам өзге дін өкіліне құрмет жөнінде не дейді?
6 жыл бұрын 2897
Еңлік САҚТАН

Ислам діні кез келген дін өкіліне құрметпен қарауды, ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне қарай бөлмеуді насихаттайды. 

 Құранда:

 

“Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы”, – делінеді [Хужурат сүресі], 13-аят.

 

Пайғамбарымыз хадисінде:

 

“Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің – тақуа болғандарың”, 

– деу арқылы барлық дін өкіліне иман ортақ екенін және ұлтшылдық пен нәсілдіктің мұсылманға жат қылық екенін меңзейді.

 

Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп, сауап таппайды. Мұсылманның міндеті – өзара ұрыс-керіс жасап, өзгелерді діннен үркіту емес, керісінше, бірлікте болу арқылы өз дінін мінсіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар исламда зорлықты құптау жоқ. Бұған дәлел – Құран Кәрімнің “Бақара “сүресінің 256-аяты:

 

“Дінде зорлау жоқ. Расында туралық, азғындықтан ажыратылды. Енді кім жауыздыққа қарсы келіп, Аллаға иман келтірсе, сонда ол рас үзілмейтін (берік) тұтқаны ұстады. Алла әр нәрсені естуші, білуші”.

 

Соңғы кездері дінаралық түсініспеушілік мәселесі өзекті қоғамдық тақырыпқа айналды. Алайда бұл туралы Құран ғасырлар бұрын мұсылмандарға әмір еткен. Өзге дін өкілдерімен сыпайылық қарым-қатынас жасауымызды бұйырады:

 

“Іштеріндегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: “Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік және біздің Тәңіріміз де, сендердің Тәңірлерің де біреу-ақ. Біз Оған бой ұсынғандармыз” деңдер”, Анкәбут сүресі, 46-аят.

 

Ислам – әлімсақтан жалпыадамшыл дін әрі өзге дін өкілін сенімі үшін айыптамайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: 

“Жеңілдетіңдер – қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер – қорқытпаңдар!” 

– деген [Сунән Әби Дәуд].

Ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Аяттарда былай делінеді: 

“Кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. білместерден бет бұр”, [Ағраф сүресі, 199-аят].

Сонымен қатар ислам діні өз өкілдерінен жік-жікке бөлінбеуді, керісінше, қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды талап етеді. Сөзімізді Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадисі айғақтайды:

“Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады, бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін” [Тирмизи, Фитән. 7].

0 пікір