Ислам діні тайм-менеджментке қалай үйретеді?
Ислам діні тайм-менеджментке қалай үйретеді?
7 жыл бұрын 5521
Құдайберді БАҒАШАР

"Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың". Адам баласына берілген баға жетпес құн-дылықтардың бірі – уақыт. Бүгінгі күні дамыған өркениетті елдерге бара қалсаңыз, кез келген адамның осы уақыт мәселесіне келгенде тым сараң екенін байқайсыз. Өйткені олар уақыттан ұтылған жағдайда көп нәрседен қағылатынын жақсы біледі. Тіпті, метро мен көлік аялдамаларынан жүру мезгілдерінің «16.03»; «12.01»; «17.08» секілді әрбір минутқа дейін есептеулі екендіктерін байқап таңғаласыз. Көліктері де сол белгіленген уақыт ережесінен бір минут кешігіп, я бір минут озбайды. Біздегі сағат сұрағанда «Жетіден он минут кетті» десең, «Е, жеті жарым деші» дей салатын уақытқа деген тым ысырапшыл түсінік оларда жоқ.

 

Батысқа барып, олардың әрбір минутпен санаса отырып жұмыстарын реттейтініне таңғалған азиялық мұсылман жігітке бірде сол жақтың адамы: «Оның несіне таңырқайсың? Бұл біздің сендерден үйренген қасиетіміз емес пе? Сендер минутына дейін санап күнделікті бес уақыт намаздарыңды оқисыңдар, ауыз бекітіп, ауызашар кездеріңде де уақыт бір минутқа кірмесе, соны күтесіңдер ғой. Бар болғаны, біз бұған енді қол жеткіздік», – деп ой салған екен.

Расында да, Ислам діні уақыт мәселесіне қатты көңіл бөлген. Оны өмірдің мәніне балаған. Құран кәрімде уақытты білдіретін әр түрлі ұғымдар қолданылған. Әр намаздың парыз, уәжіп, нәпілдігіне қарай өз уақыттары жүйеленген.

Айталық, бес намаздың арнайы өз уақыттары болса, сәске (дұха) намазының, әууабин мен үтір-уәжіптің, таһажжудтың өз уақыттары бар. Құранда уақыт ұғымына қатысты «күн» (яум), «апта» (усбуғ), «ай» (шаһр), «жыл» (сәнә), «ғасыр» (аср), «сағат» (саат), «күндіз» (наһар), «түн» (ләйл) сөздері кездеседі. Адам үшін ең маңыздысы «күн» болғандықтан, Құранда ең көп осы сөз 475 рет қайталанған екен. Демек, ең әуелі бір күндік уақытты ысырапқа жол бермей реттей білу аса маңызды. Артынша аптаны, айды, жылды тиімді өткізу де мұсылманға міндеттелген. Уақыттың маңыздылығы соншалық – Ұлы Раббымыз Құранда кейбір маңызды саналған уақыттарға серт еткен. Бұған «Аср», «Дұха», «Ләйл», «Фәжр» секілді сүрелер дәлел. Құранда бір жұмыстан шаршағанда, дереу екінші бір жұмысты қолға алу арқылы тынығу керектігі меңзелген. Бұны «жұмыс істеп отырып тынығу» деуге болады.

Исламда бос уақыт деген ұғым кездеспейді. Тек дене қатты шаршайтындықтан, түнде тынықтыруды жөн көреді. Өйткені Алла Тағала күндізді еңбектену үшін, түнді тынығу үшін жаратқанын айтқан:

«Сендерге түнді жамылғы, ұйқыны тынығуға (себеп), күндізді еңбектену мерзімі етіп жаратқан Алла» («Нәба» сүресі, 9-11-аят).

Сүйікті Пайғамбарымыздың өміріне қарасақ, уақытын өте тиімді пайдаланғанын көреміз. Өйткені барлық істеріне үлгерген. Парыздарды былай қойғанда, нәпіл құлшылықтарының өзі өмірінің соңына дейін өз уақытында орындалып, еш үзілмеген. Бұған қоса, ертелі-кеш зікірлері, мешітте уағыз айтуы, сахабаларымен кеңесуі, елшілерді қабылдауы, өзін зиярат етушілерге уақыт бөлуі, өзінің зиярат етіп барған кісілері (науқастар, қабірлер, жарлары т.б.), халықпен жүздесуі (сұрақтарға жауап беруі, шариғат талаптарын қадағалауы т.б.), жорықтарға дайындық, үй іші жұмыстарына қолғабыс етуі (аяқ киім, шапан, астауларын жамауы, немерелерін ойнатуы, базарға баруы т.б.), ел ішіндегі діни рәсімдерді атқаруы (балаға ат қою, сүндеттеу, неке қию, жаназа т.б.), жұма күнгі хұтбалары, арасында уахиды қабылдап алу, күтпеген жұмыстың шығып қалуы секілді істердің барлығы да жоспарға сыйып отырған.

Пайғамбарымыздың өмірінде бұл істердің барлығына уақыт табылған. Тіпті,ешкімді қабылдамай, жеке өзіне ғана арнаған уақыттары да болған. Бұл нені көрсетеді? Бұл күндік жұмыстарын қаншалықты жүйелей білгенін, белгілі бір уақыт кестесін ұстанғандығын айғақтайды. Пайғамбарымыз күндізгі уақыттарды ғана емес, түнгі уақыттарда да мүмкіндігінше тиімді өткізуге тырысқан.

Құранда «Раббыңның есімін ертелі-кеш зікір ет. Түнде сәждеге жығыл. Жаратушы Иеңді ұзақ пәкте» («Инсан» сүресі, 25-26-аят)делінгендіктен, түнде тұрып таһажжуд намазын оқуды әдетке айналдырған. «Мүззәммил» сүресінің алғашқы он аяты да түнгі уақытты жүйелеуді меңзейді. Пайғамбарымыз түнгі уақытын үшке бөлген: жанұясына, демалуға және құлшылыққа. Ең көп хадис риуаят еткен Әбу Хұрайра да түнді үшке бөліп, бір бөлігінде демалған, екінші бөлігінде ғибадат жасаған, үшінші бөлігінде жинақтаған ілімін қорытқан. Күндіз Пайғамбарымыздан естіген хадистерін түнге қарай асықпай зерделейтін. (Түнгі уақытқа кешкі намаз да кіреді). Күн бата салысымен түн басталып, Пайғамбарымыз жанұясымен бірге кешкі асқа отырған. Қалған уақытын тынығуға және құлшылыққа арнаған.

«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, дінімізде таң намазын оқу үшін ерте тұру − әр мұсылманға парыз екені белгілі. Бір күннің бес уақытқа бөлінуі де 24 сағаттық тәулікті жүйелеп, ұтымды пайдалану үшін берілген үлкен мүмкіндік. Уақытты ұтымды пайдалану үшін, Пайғамбарымыз намазды да ертерек оқуға шақыруда. «Ең ізгі амал қандай?» – деп сұраған кісіге, «Уақытында оқылған намаз», – деп жауап бергені мәлім. Осы себепті, бір мұсылман үшін уақытты тиімді пайдалану намазды ертерек оқудан басталатынын ескерген жөн. Тіпті,құрбан шалуда да уақыт мәселесі маңызды рөл атқарады. Пайғамбарымыз Минада айт намазын оқытып, құрбанды намаздан кейін шалу керектігін ескерткен. Жамағаттың біреуі құрбанын намаздан бұрын шалғанын айтқанда, Ардақты елші ол еттің құрбанға жатпайтындығын білдірген. Бұл Ислам дінінде әрбір құлшылықты орындауда уақыттың басты негізге алынатынын аңғартады. Уақыт кірмейінше, намаз оқылмайды. Уақытында үлгермесе, қазасы өтеледі т.с.с. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтпақшы, адамның бос отыруы – шайтан үшін таптырмайтын мүмкіндік. Ол дереу бос отырған адамның ойына түрлі жамандық салып, азғыра бастайды. Күнәға итермелейді. Сол себепті, бір мұсылманның өмірінде бос уақыт болмауы тиіс. «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, асүйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды», – деп Ахмет Яссауи бабамыз айтқандай, жұмысы көп адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейді.

Байқасаңыз, Исламда ұзақ уақыт демалыс жариялау кездеспейді. Тіпті, мейрамдардың өзі санаулы. Мереке күндері де бос қарап жату жоқ. Таң атысымен, мешітке барып, айт намазын оқу міндетті. Айттасып, туған-туыс, көрші-қолаңның қал-жағдайын білу, құттықтасу – мерекенің нышаны. Құрбан шалу керек болса, мал сою, етін тарату жұмыстары күтіп тұрады. Шындап келгенде, ақыретке сенетін, ертең осы дүниедегі әр күн, әр сағат, әр минуттың есебін берем деген уайыммен жүрген мұсылман үшін уақытқа деген жауапсыздық бей-жай қарайтын мәселе емес. Сүйікті елші (с.а.у.) бір хадисінде о дүниеге барғанда, әрбір адамнан мына бес сұрақ міндетті түрде сұралатындығын ескерткен:

1. Өмірін қайда өткізгендігі;

2. Жастық шағын қалай өткізгендігі;

3. Дүниесін қандай жолмен тапқандығы;

4. Дүниесін қайда жұмсағандығы;

5. Білгендерімен амал етіп-етпегендігі.

Кейбір адамдардың «уақытымды қайтіп өткізерімді білмеймін» деуі аса қауіпті жағдай. Өйткені зерттеушілердің айтуынша, әсіресе жастар арасында түрлі бұзақы топтарға қосылу, нашар қылықтарға үйірсектеу, секталарға бару, қылмыс жасау, моралдық азғындықтарға салыну, не істерін білмей бос жүрген кездерде кездеседі екен. Ұзақ мерзімді жазғы демалыс кездерінде жастарға үлкендер тарапынан қадағалау күшейтілмесе, айтарлықтай зардап әкелуі мүмкін екенін де ескерген жөн. Осы себепті, мұсылман адам бос отырудан сақтанғаны дұрыс. Қолы қалт еткен кездерін кітап оқып білімін арттыруға, аят, хадис, дұға жаттауға, ата-ананың алдындағы міндеттерін орындауға, туыстарын зиярат етуге, жетім-жесір, кедей-кембағалдарға қолғабыс тигізуге, жақсылық етуге, мамандығын жақсы игеруге, қазалары мен қарыздарын өтеуге, араз адамдардың арасын татуластыруға, т.б. мәнді әрі пайдалы істерге жұмсауға дағдыланған дұрыс. Өйткені мұсылманның түсінігінде өмір − шектеулі, уақыт − қысқа.

Алла елшісі бұл турасында былай деген:

«Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл:

1. Өлмей тұрып өмірдің,

2. Ауырмай тұрып денсаулықтың,

3. Қартаймай тұрып жастықтың,

4. Кедейленбей тұрып байлықтың,

5. Көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!»

Адамзаттың ардақты ұстазы хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) ешқашан бос қарап отырмаған. Айша анамыз (р.а.) бұл жайлы «Үй ішінде ешқашан қолы бос отырғанын көрмедім», – деген. Пайғамбарымыздың қолы босап қалуы мүмкін емес те еді. Өйткені Жаратушы Иеміз оған «Босағаныңда дереу қайта жұмысқа кіріс. Раббыңа құлшылық жаса»демеп пе еді?! Бұл – барша мұсылмандарға да қарата айтылған бұйрық. Яғни, «Әй, мұсылман! Ешқашан бос отырушы болма! Бір істі бітірсең, екіншісін баста. Діннің бір амалын бүтіндесең, дүниелік бір ісіңмен айналыс. Дүниелік бір ісіңді тәмамдасаң, діни бір амалды қайта қолыңа ал. Тәннің бір қажеттілігін өтесең, жанның бір азығын қамда. Өз ісің бітсе, жақындарыңды еске ал. Содан кейін қоғамның, мұсылман үмбетінің қажетіне жарайтын іс қыл. Сонда сенде бос уақыт деген болмайды» дегендік.

Уақытты тиімді пайдалану мәселесіне сахабалар мен кейінгі мұсылман ғалымдар да үлкен жауапкершілікпен қараған.

Ибн Масғұд (р.а.): «Не дүниеге, не ақыретке пайдалы ісі жоқ адамды көргім келмейді», – деген.

Қазы Шұрәйһ бос сандалып жүрген кейбір көршілерін көргенде «Не істеп жүрсіңдер?» – деп сұрайды. Олар: «Бүгін боспыз», – дегенде, «Бос болсаңдар, осылай жүру керек пе екен?!» – деп ренжіген екен.

Қырық бес жасында қайтыс болған Ислам ғұламасы Нәуауидің артқа тастап кеткен қыруар еңбектерін есептесеңіз, 45 жылға қайта сыйғызу қиын. Өйткені ол уақытын қалай үнемдеуді жақсы білген. Ғылым-білім алуға, құлшылықтарын атқаруға уақыт жеткізу үшін ол кісі тек қана сәске уақыттарында ғана бір-ақ рет тамақтанған екен. Шейх Фахраддин: «Аллаға ант етейін, тамақ жеген уақыттарымда ғылыммен айналыса алмағаныма қатты өкінем. Өйткені уақыт қашан да қымбат қой», – деген.

Әл-имам Әбул-уәфа Али ибн Ақил былай деген: «Мен тамақ уақыттарын қысқарту үшін барынша қолымнан келгенді жасаймын. Тіпті, көп шайналатын тамақтан гөрі тез жұтылатынын таңдаймын. Неге десеңіз, шайнауға да уақыт кетіп қалады. Содан барып жазуға, оқуға көп уақыт таба алам».

Имам Мәлік болса, көбірек ғылым-біліммен айналысу үшін, үш күнде бір-ақ рет әжетханаға баратындай тамақ жеуді қысқартқан.

Ибн Ақил ешқандай бос уақыт жібермейтін. Тыныққан уақыттарын ол былай деп суреттейді: «Қолым қалт етіп демалған кездерімде қос аяқты созып құр жатқаннан гөрі шекесі шылқыған шаруаларымның шешімін ойша саралап отырамын. Жазатындай бірдеңе есіме түсе қалса, дереу тұрам да жазам. Сексен жасымда ғылымға деген менің ынтам, жиырма жасымдағы кезіме қарағанда әлдеқайда жоғары болатын»... Айтқанындай, осыншалықты ынтасының арқасында Ибн Ақил ғылымның 20 шақты әр түрлі саласында өте құнды еңбектер қалдырған.

Фахраддин Рази дастарқан басында да бір жағынан тамақ жеп, екінші жағынан шұқшия кітап оқитын. Үйінен шығып мешітке жеткенше, көлікте отырып шәкірттеріне сабақ берумен болатын деседі. Рази уақытқа қатты көңіл бөлген.

Медицина саласында өте мықты еңбектер қалдырған, қан айналымын тұңғыш рет ойлап тапқан ғалым Ибн-Нәфс жазу кезінде қолындағы қаламның сиясы бітіп қалғанда, оны ашып уақыт шығындамау үшін қасына бірнеше қалам қойып қойып, солардың кез келгенімен жалғастыра беретін.

Ибнул-Жаузи: «Адамға жарасатын нәрсе – уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Мен адамдардың уақыттарын текке өлтіретіндіктерін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатам» дейді. Оның өміріне көз жібергенімізде, расында да, уақытты өте үнемді пайдаланғанын байқаймыз. Ғылым-білім, жазу, пәтуамен өткізген өмірінің бір сәтін де бекерге өткізбеген. Ғылымның қай саласында да еңбек жазып қалдырған. Кейбіреуі 20 томға жететін 340-тан астам еңбек қалдырған. Күн сайын төрт қалың дәптерлік жазу жазған. Бір жылда жазғаны 50-60 томға жеткенін байқаймыз. Ибнул-Жаузидің кітап жазу кезінде ұштаған қалам жаңқалары ол қайтыс болғанда мәйітін жуатын суды ысытуға жеткен екен.

Байқасақ, «Адам баласы екі нәрсенің қадірін білмейді: бос уақыт және денсаулық», – деп хадисте ескертілген, әрі кезінде Ислам ғұламалары осыншалықты көңіл бөлген уақыт мәселесіне біз бүгін өте самарқау қарайтын сияқтымыз. Өйткені бүгінгі күні уақытты өлтіретін нәрселер өте көп. Соның бірі теледидар деуге болады. Жасыратыны жоқ, бұл күнде көк сандығы жоқ үйді елестету қиын. Алайда осы теледидардың уақыттың нағыз жауы екеніне екінің бірі көңіл бөле бермейді. Орташа есеппен күніне 3 сағат теледидар тамашалайтын адамның жылдық осыған жұмсалатын уақты 1095 сағатты құрайды екен. Бұл дегеніңіз күндіз-түні 45 күн деген сөз. Яғни, тоқтамай көрген 45 түн мен 45 күнге тең. Есіл болған қайран уақыт! Ал теледидарға босқа кеткен осы 1095 сағат ішінде қандай істер бітіруге болады, соны бір ойға алып көрейік. Бұл уақыт оқушының бір жылғы орташа оқу жылынан да асық. Яғни, 1 жыл оқымай қалдыңыз деген сөз. 1095 сағат ішінде шет тілін өте жақсы меңгеруге болады. Яғни, теледидардың кесірінен біз бір шет тілін үйрене алмай қалудамыз. Ал кітап оқығыңыз келсе, өте баяу оқитын адамның өзі осыншама уақытта 25 мың беттік кітапты оқып тауысады екен. Ал әрбір әрпі сауапқа батыратын Құран Кәрімді оқимын десеңіз, 1095 сағат ішінде сіз оны 10 рет хатым (бастан-аяқ оқу) жасайды екенсіз. Осы уақыттың үште бірін ғана қаза намаздарыңызға бөлетін болсаңыз, онда 3 жылдық борышыңыздан еркін құтылады екенсіз. Бұны осылай көбейте беруге болады.

Міне, теледидар көрудің адамды қаншама игілікті істерден құр қалдыратынын осыдан-ақ байқауға болады. Уақыттың тағы бір аңдушысы – ұйқы. «Ұйқы – өлімнің бауыры» деген хадисті әрі «Көп білмек болсаң, аз ұйықта», «Түнгі ұйқысын түгел ұйықтаған адам мақсатына жете алмайды» деген халық даналығының астарын түнгі уақыттарын шығармашылыққа арнаған, ұйқымен өткен уақыттарын өлдіге балап өкініш білдірген Мұқағали ағамыздың мына бір ғибратты өлеңінен аңғарғандаймыз:

Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,

(Ұйықтасын сапарларын тамамдаған).

Алдымда сапар жолы тарам-тарам,

Ұйықтасам, барлығынан қараң қалам.

Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,

Ұйқы тең шала-жансар өлімменен.

Қанша менің өлді екен уақытым,

Ақ төсек, ала жастық кебіндеген?!

Рас, уақыттың бұдан да басқа жаулары өте көп. Уақытты текке өткізу – көп сөз, көп қыдырудың да еншісінде. Біле білгенге уақыт – зор мүмкіндік. Адам мүмкіндікті дер кезінде кәдесіне жаратып қалмаса, «қолын мезгілінен кеш сермесі» анық. «Уақыт адамзатпен санаспайды, ал уақытпен санасқан адаспайды» деп түйген халық нақылы мына бір дәмді оймен үндесе түскендей:

Бір жылдың қадірін білем десең, сыныпта қалған оқушыдан сұра.

Бір айдың қадірін білем десең, нәрестесін сегіз айлығында босанған келіншектен сұра.

Бір аптаның қадірін білем десең, апталық газет шығаратын редактордан сұра.

Бір сағаттың қадірін білем десең, бір-бірін асыға күткен ғашықтардан сұра.

Бір минуттың қадірін білем десең, пойызынан қалып қойған жолаушыдан сұра.

Бір секундтың қадірін білем десең, жол апатының алдын алуға үлгермеген жүргізушіден сұра.

Бір мини секундтың қадірін білем десең, әлемдік жарыста күміс жүлде алған желаяқ жүгірушіден сұра!

Иә, үлкен жетістіктерге жеткен ұлы кісілердің барлығы да уақыттың қадірін біліп, оны өте тиімді пайдалана білгендер.

Бірде: «Мені жарты сағаттан кейін оятыңызшы», – деп, көз ілмек болған Эйнштейнді қызметшісі біраз тынықсыншы деп бір сағаттан кейін барып оятса керек. Тұра сала жалма-жан сағатқа қараған ғалым жарты сағаттан кейін оятпаған қызметкеріне қатты ренжіп: «Ал жарты сағатымды қайтарып беріңіз онда», – деп кейісе керек. «Ұрланған заттың орнын басқа нәрсемен толтыруға болады, ал ұрланған уақыттың орнын еш толтыра алмайсың», – деген Гете де уақыт мәселесіне бей-жай қарамаған. Абай атамыз да өз өлеңінде уақыттың қайта айналып келмейтіндігін, тық-тық еткен сағат уақыттың ұрысы екенін тамаша бейнелеген:

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Үнемі өмір өтпек – ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Сағаттың өзі ұры шықылдаған,

Өмірді білдірмеген күнде ұрлаған.

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді кетті,

Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.

Иә, адам баласы «қайта айналып бұрылмайтын, бұлдыр» уақытты өте тиімді пайдаланғаны абзал. Сол себепті, болар, еңбекқор қытай халқы уақыт мәселесіне келгенде «Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың» деп безектейді екен. Осы орайда «Рақат – рақатты тәрк етуде» деген шығыстық аталы сөз қазақтың «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегенімен үндес. Барлық уақытша қызықты қоя тұрып, дер кезінде қимылдаған адам кейін соның жемісін жемек. Ал уақытын бекер ойын-күлкімен, шегірткеше ән салып, көгалды қуып гөлайттаумен, желікпен өткізген жан кейін өкініштен бармақ тістейтіні анық. «Рахат – рахатты тәрк етуде» деген сөзді кең мағынада алар болсақ, бұл дүниелік уақытын өткінші қызыққа алданып, бекер өткізбей, Алла алдындағы мұсылмандық парыз, қарыздарын өтеумен бейнеттеніп өткен жан да, о дүниелік шынайы мәңгілік рақатын осы дүниедегі өткінші жан рақатын тәрк етуден таппақ.

0 пікір