Жиі күн тәртібіне келетін мәселелердің бірі – Ислам дінінде әйелдің жұмыс істеп істемеу үкімі. Сахабалар уақытындағы жұмыс істеген әйелдер осы турасында нақты мәлімет бере алады. Пайғамбарымыздың кезеңінде (с.а.у.) саудадан ұстаздыққа дейінгі көптеген салада атсалысқан әйелдерді көруге болады.
Әйелдің жұмыс істеудегі орны талас тудырып, әркезде күн тәртібіне қойылып отырған.
Адамзаттың ардақтысы хазірет Мұхаммед (с.а.у.), әділетті халифалар мен Әмәуилер кезінде әйелдер жұмыс істеген. Бұл жерде маңыздысы қоғамға пайда тигізетін адам бола білуде. Ислам жеткізген ең маңызды нәрсе әйелдің тұлға ретінде танылуына жағдай туғызу. Әйел де, еркек те жеке басы Алланың алдында жауапты. Ислам бұрын қалыптасқан әйелге деген түсінікті өзгерткен. «Кім ізгілікті іс істесе» дегенде меңзелгені де әрі әйел, әрі ер кісі.
Хазірет пайғамбар кезеңінен бері әйелдер ұстаз, қызметкер, дәрігер, медбике, әскери қызметкер секілді түрлі арнайы әрі қоғамдық жұмыстарда жұмыс істеген. Ал енді сахабалар уақытында жұмыс істеген әйелдер мен олардың мамандықтарына бір тоқталып көрейік…
Ұстаздық
Хазірет пайғамбардың (с.а.у.) жұбайлары әсіресе ұстаздық ететін. Жары Хафса (р.а.) oқуды және жазуды білетін әрі үйрететін. Хазірет Айша (р.а.) болса, құқық саласында маманданып, кейінгі жылдарда ең білімді ер кісілердің өзі оған құқықтық мәселелерде үнемі жүгінген. Хазірет пайғамбардан кейін жарты ғасырға жуық уақыт сүннет пен хадис жеткізуде үлкен еңбек сіңірген хазірет Айшаның әйел-еркек жүздеген шәкірті болған. Білім ісінде еңбек еткен екінші бір әйел Үмму Сәлама. Ибн Ханбәлдің «Мүснәді» бойынша, жиырмаға жуық әйел Үмму Сәламадан білім алған. Бұған қоса, сахабалардан бір топ адамның одан хадис үйренгені сол деректе айтылады.
Тері илеу
Пайғамбарымыздың уақытында (с.а.у.) әйелдердің әсіресе шеберлік қажет ететін қол істерінде белсенді еңбек еткенін көреміз. Хазірет пайғамбардың әйелдерінен Зейнеп бинт Жахштың тері илеп, соны іске жаратқаны айтылады. Әсма бинт Үмәйстің де сондай шебер болғандығы білдірілген. Әйелдер үй жануарларының терісімен қатар жыртқыш аңдардың да терісін илеп, күйеулеріне киім тігетін. Терімен айналысқан тағы бір кісі –Райта бинт Абдиллаһ. Хазірет пайғамбарға (с.а.у.) «Уа, расулалла, мен іс тігуге жақын әйелмін. Күйеуім (Абдуллаһ ибн Масғуд) пен баламның еш нәрсесін жоқ. Тіккендерімді сатамын» деп, отбасына жұмсағандарының сауапқа жататынын, жатпайтынын сұрайды. Хазірет пайғамбар оған: «Оларға жұмсағандарыңда әрине сауап бар» деп жауап берген.
Тігіншілік
Шеберлік қажет еткен кәсіптердің бірі – тігіншілік. Бақытты ғасырда Араб түбегінде әйелдердің жіп иіруден бастап, кейіннен одан мата мен киім тоқығаны байқалған. Мәдинада жіп дайындау үшін арнайы құралдар болғаны айтылады. Араб түбегінің оңтүстігінде және солтүстік батысында тоқу машинасы болғаны, әйелдердің бұл орындарда мата дайындағаны, Хадрамуттық бір әйелдің хазірет Пайғамбар үшін тіккен бір киімді баласынан беріп жібергені, хазірет Айшаның да пайғамбарымызға бір шапан тіккені риуаяттардың арасында кездеседі.
Шаш тараздық
Хазірет Хадишаның Үммү Зафар атты қара нәсілді бір әйелді шаштараз ретінде ұстағандығы айтылады. Хазірет Айшаның да шашын реттеп беретін бір әйел кісінің болғандығы риуаяттарда кездеседі.
Тазалық
Дереккөздерінде хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) мешітінің тазалығын жасайтын екі әйелдің аты аталады. Бұлардың бірі Харка, екіншісі болса, Мәдина халқынан екені риуаят етілген Михжана атты әйел.
Сүт аналық
Жахилияда болғаны секілді хазірет Пайғамбар (с.а.у.) кезеңінде де сүт аналық жасаған әйелдер болған. Хазірет пайғамбар Жағфар ибн Әбу Тәліптің екі ұлының күтушісінен олардың жағдайын сұрап, мәлімет алған. Хазірет пайғамбардың ұлы Ибрахимнің Нәжжар ұлдарына қарасты Үмму Бурда атты сүтанасы болғаны және Сәлма есімді күтушісі болғаны риуаят етілген.
Сауда
Пайғамбарымыздың алғашқы жары хазірет Хадишаның саудамен айналысқаны және Меккенің ең бай саудагерлерінің бірі болғандығы білінеді. Meккеде сауда мақсатында өзге елдерге жіберілетін керуендерде тауарлары болған басқа әйелдер де болғанын байқататын деректер бар. Мұсылман әйелдердің «Қайнуқа базарына сауда жасау үшін барғанын көрсететін риуаяттардың бірі Ибн Хишамға тиесілі. Сауда-саттық мәселесінде ардақты елшімен болған бір кездесуден Қайла әл-Әнмария атты мұсылман бір әйелдің саудамен белсенді түрде айналысқаны айтылған.
Иіс су сату
Мәдинада әдемі иіс сатумен (аттарлық) айналысқан кейбір әйелдер болғаны айтылады. Олардың бірі Mүләйка Үммус-Саиб әл-Сақафия, әдемі иіс сату үшін хазірет Пайғамбардың алдына дейін барып ұлына бата сұраған. Хаула әл-Aттара деген атпен танылған Хаула бинт Туайт да Мәдинада хош иіс сататын әйелдер қатарында. Ибн Сағыдтың күйеуі әл-Уақидиден жеткен бір оқиғадан Әбу Жахилдың анасы Әсма бинт Мұхаррибаның исламды қабылдағанын және хазірет Омардың уақытында хош иіс сатумен айналысқаны байқалады.
Медициналық қызметтер
Сахих-и Бұһаридың Медицина бөлімінде Муаууыз ибн Афраның «Біз Расулалламен бірге соғысып, әскерлерге су тасып, оларға қызмет жасайтынбыз. Өлгендер мен жаралыларды Мәдинаға жеткізетінбіз» деген сөзі әйелдердің сол кезеңде ем қызметтерін жүргізгенін көрсетеді. Бақытты ғасырда жасалған кейбір соғыстарда жаралыларды емдеу үшін мешітте шатырлар құрылғаны, осы шатырларда әйелдердің жаралыларды емдеп медбикелік әрі дәрігерлік жасағаны айтылуда. Айтқандай, Хандақ соғысында дұшпанның атқан оғынан жараланған Сағыд ибн Муаздың Руфайда атты әйел сахаба сондай шатырда емдегені, Расулалланың (с.а.у.) осы айтулы сахабаға барып күн сайын қалын сұрап тұрғаны білдірілген. Хайбар соғысында мешітте шатырда жаралыларды емдеген тағы бір кісі Әшлам тайпасынан Қуайба бинт Сағыд. Алғашқы мұсылмандар арасында орын алған әрі күйеуі Жағфар ибн Әби Тәліппен бірге Эфиопияға хижрет еткен Әсма бинт Үмәйстің де жақсы дәрігер болғандығы айтылуда. Хазірет Айшамен бірге туған Әсма бинт Әбу Бәкірдің емдеу үшін жанына әкелінген безгекпен ауырған әйел науқастарды суық сумен емдегені риуаяттардан байқалуда.
Полиция
Сәмра бинт Нұхайқ әл-Әсадия базарларды аралап, адамдардың жақсы әрі дұрыс жұмыс істеуін қадағалап, жамандықтарға жол бермейтін. Хазірет Омар да Мәдина базарына Шифа бинт Абдуллаһты бақылаушы ретінде міндеттеп, тура бір полиция қызметін атқарған осы әйелмен хазірет Омардың әркез ақылдасқанын білдіретін деректер бар.
Басшылық
Сахабалар уақытында әйел кісілердің басшылық қызмет атқарғаны туралы айтарлықтай мәлімет кезікпесе де хазірет пайғамбардың елді басқаруға қатысты мәселелерде жасаған кеңестерінде әркез әйел кісілердің де пікіріне жүгінгені байқалған. Айталық, Ибн Хажар Расулалланың (с.а.у.) Хұдайбияда кездескен бір түйткілді мәселенің шешімі үшін Үмму Сәлама анамыздың пікіріне жүгінгенін айтады. Хазірет Омардың да отбасылы ер кісілерді алыс аймақтарға жібергенде, хазірет Хафсамен ақылдасқаны білінуде.
Қорыта келгенде, әйел кісілердің жұмыс істеуінде тұрған дәнеңе жоқ. Байқағанымыздай, әйел кісілер Бақытты ғасырда полиция міндеті мен сауда секілді жалпы ер кісілер айналысқан салаларда әркез іс атқарғанындай қажет кезінде отанды қорғау үшін де атсалысқан. Алайда бұларды атқару кезінде әйел кісінің ар, ұятына дақ түспейтіндей барынша сақтық шаралары қарастырылуы керек. Бұның барлығы бізге Исламның әйел кісіні жахилияның қараңғылығынан құтқарып, әйелді өзіне тиісті тұғырға көтергендігін көрсетеді. Сол себепті бүгін де әйелдің жұмыс орнында өз әдеп, ибасын сақтай отырып, қоғамның алға дамуына үлес қосуында ешқандай әбестік жоқ.