*Іштарлық - біреудің жақсылығын көре алмаушылық, қызғаншақтық сезім, күншілдік. Діни әдебиеттерде іштарлық «хәсәд» терминімен белгілі. Хәсәд деген, өзінде жоқ өзгедегі артықшылықты қызғанып, онда ол ерекшеліктің болмауын көксеу. Қазақша баламасы - көре алмаушылық, іштарлық.
«Олар Алланың өз кеңшілігінен адамдарға бергенін қызғана ма?!»
Хәсәд, яғни, іштарлық, көре алмау - сүйекті кемірер тұзды тағамдар секілді. Адам денесінің іштей бұзылуына алып келетін созылмалы ауру іспетті.
Көре алмайтын адамға қатысты былай айтылады:
«Көре алмаушыға тыныштық жоқ. Ол - жәбірленушінің киіміндегі жәбірлеуші. Достық шапанындағы дұшпан».
Іштарлыққа қатысты былай деп те айтылады:
«Іштарлық неткен әділ еді! Ол әуелі иесінен бастайды, ақырында оны өлтіріп тынады».
Ендеше, құрметті оқырман, өзгелерден бұрын, әуелі өзіме және сізге жаным ашып, өзімді және сізді іштарлықтан тыйғым келеді. Өйткені біз өзгелерді қызғану арқылы, өз етімізбен уайымды қоректендіріп, ал қанымызбен қайғы-ғамды сусындатқан боламыз, ұйқымызды қашырамыз... Көре алмайтын адам пеш жағып, сол пешке өзі түседі.
Көре алмау, адамның бойында - мазасыздық, уайым-қайғы, мұң деген ауруларды тудырады. Оның есесіне, көркем де, әсем және тыныш өмірді құртады.
Хәсәдші адамның соры - оның жазмышпен таласуында болып тұр. Біреудің жетістігін қызғану арқылы Құдай Тағаланы әділетсіздікпен айыптаған болады. Осы жөнінен қарағанда, іштарлық - әлемнің иесіне қарсы әдепсіздік танытып, бүкіл заңдылықтың қожайыны саналатын теңдесіз Жаратушыға қарсы келу болып есептеледі.
Іштарлық – сауабы жоқ сырқат. Сауабы жоқ – сынақ. Дінімізде сырқаттанған адамның немесе сынаққа душар болған адамның күнәсі кешіріліп, сауап жазылатын болса, ішітарлық сырқатына шалдыққан адамға сауап та, күнәларына кәффәрат та болмайды. Егер ондай сырқаттан айықпаса, өлелгенше немесе қызғанған адамындағы артықшылық жойылғанша әрдайым от ішінде болады.
Кіммен болса да достасып, жарасуға болады. Бірақ ішітар, көре алмайтын адаммен жарасу қиын, онымен жарасу – сіздегі нығмет кетіп, бойыңыздағы ерекшелігіңіз бен мақтанарлық артықшылығыңыз жойылғанда ғана мүмкін болады, онда да немқұрайлықпен.
Хәсәдші адам – улы қара жылан сияқты. Кінәсіз денеге уын жаймай, тынышталмайды. Алла Тағала көре алмаушының көреалмаушылығынан сақтасын.
Сондықтан да, іштарлыққа әсте бой алдырмаңыз. Өйткені ол тұзақ. Адамды тұңғиыққа сүйрелейді. Және де Алла Тағаладан ішітар адамдардың залалынан пана сұрап жүріңіз.
Аяз Қарнидің "Лә тәхзән" (қайғырма) атты кітабынан. Араб тілінде.
Қазақшалаған Абдусамат Қасым