«Ілім – көп мәселе білу не сұрау емес. Ілімнің өзіндік ерекшелігі бар, ол адамды жалған дүниеден алыстатып, мәңгілік мекеніне қайтуын қамтамасыз етуі тиіс».
«Ілім азайған кезде озбырлық пен қинау; пайғамбар, сахаба мен табиғин іздері азайғанда жеке бастың қалаулары қылаң беретін болады».
«Сүннет Нұһтың кемесі тәрізді. Мінген адам құтылады, кім қалып кетсе, суға батады».
«Кім Ибраһим ән-Нәһаидың сөзін Омар ибн Хаттабтың сөздерінен артық көрсе, осы үшін тәубе етуі керек. Ал Ибраһим ән-Нәһаи не сол секілділердің сөзін Расулалланың сөзінен артық көретіндерге не деуге болады?»
«Жай адамдардың сөзін алуға да болады, алмауға да. Алайда мына қабірдегі абзал жан Мұхаммедтің (с.а.у.) сөзі басқа… Оны қабылдамауға болмайды».
Имам Шафиғи былай деуде: «Ғалымдар туралы сөз етілгенде, олардың арасында Имам Малик жарқыраған жұлдыз секілді. Маған одан өткен көп еңбегі өткен жан жоқ».
Mәдина әкімі Имам Маликтен бір ижтихадынан бас тартуды сұрады. Қабылдамаған соң, қамшымен сабатты. Әр сабаған сайын имам: «Уа, раббым, бұларды кешір. Өйткені білместікпен істеп жатыр» деді. Соңында талып қалды. Кейіннен есін жиғанда: «Куә болыңдар, өзімді сабағандарды кешірдім» деді. Халифа әкімді жазалау үшін өзінен рұқсат сұрағанда, оған: «Жоқ, мен оны кешірдім» деді.
Хазірет Малик ибн Әнас ілімімен амал еткен ірі тұлға еді. Былай деді: «Ілім үйренгісі келген кісі байыпты болып әрі Алла тағаладан қорқуы керек. Ілім көп риуаят ету емес. Ілім бір нұр. Алла тағала бұл нұрды сүйген құлдарының жүрегіне құяды».
Бір жолы: «Егер қолымда болса, Құран кәрімді таяз ақылына салып, өз көзқарасына қарай тәпсір еткеннің көзін құртар едім» деген.
Бір күні халифа Харұн Рашид былай деді:
«Уа, имам, сіздің кітаптарыңызды көбейтіп, барлық жаққа жіберейін. Барлық адамға сіздің мәзһабыңызды ұстануды бұйырайын».
Хазірет Имам Малик былай дейді:
«Уа, халифа, хадис шәріпте «Үмбетімнің ғалымдарының түрлі ижтиһадтары рахымдылық» делінген. Бұл түрлі ижтиһадтар Алла Тағаланың рахымы. Бәрі де тура жолда. Бұл рақымнан мұсылмандардың мақұрым ету қателік». Сонда барып халифа райынан қайтты.
Харұн Рашид хазірет Имам Маликке жолығып, күн сайын үйіне келіп ұлы Әмин мен Мамунға дәріс беруін өтінді. Хазірет Имам Малик халифаға былай деді:
«Уа, халифа, дұрысы балаларыңыздың біздің үйге келіп тұруы. Алла тағала сізді бұдан да құрметті етсін. Ілімді құрметтесеңіз, өзіңіз де құрметті боласыз. Қадірсіз етсеңіз, өзіңіздің де қадіріңіз кетеді. Ілім ешкімнің аяғына іздеп бармайды, жұрт ілімді өзі іздеп келуі тиіс». Бұны естігенде халифа Имам Маликтен кешірім сұрады. Сөйтіп балаларын күн сайын имамның үйіне жіберіп дәріс алдырды.
Жұртқа қайырлы, игі істерді істеуге кеңес беретін. «Өзіне қайыры жоқтың өзгеге де жақсылығы болмайды. Адам өзі үшін қайыр жасамаса, жұрт та оған жақсылық жасамайды» деп, Пайғамбарымыздың «Керексіз нәрселерді тастауы адамның жақсы мұсылмандығын байқатады» деген хадисін риуаят ететін. Ауыздан шыққан әр сөзді абайлау керектігін аңдатып, мына хадисті риуаят еткен: «Әлдекім бір сөз айтады, бірақ Алла өзін сол сөзі үшін тозаққа тастайтынын білмейді. Тағы біреу бір жақсы сөз айтады, сол жақсы сөзі үшін Алла оны жұмаққа кіргізетінін өзі білмейді».
Хазірет Имам Малик қасиетті Мәдина қаласында мініс жануарына мінбеген. «Расулалланың мүбәрак қабірі бар жерде жануарға қалай мініп жүремін» дейтін.
Хазірет Малик ибн Әнас (р.а.) өзінен насихат сұраған ақылды әрі түсінігі мол әлдекімге: «Алла Тағаладан қорық, Алла Тағаланың саған нәсіп еткен нұрын күнә істеу арқылы сөндірме» деген.
Шәкірттерінің бірі оған: «Жұрт сіздің биліктегілермен жиі кездесетіндігіңізді айтады. Сізге жараспайды деуде» дегенде: «Бұны әдейі істеймін. Өйткені бұны істемесем, олар лайық емес әлдекімнің кеңесіне жүгінеді. Егер барып олармен жолықпасам, бұл қалада Пайғамбарымыздың сүннетін ұстанатындар қалмас еді», - деп жауап қатқан.
"Ілім бір нұр"