Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Сендер үшін екі нәрседен қатты қорқамын: бірі - шектен тыс дүниелік арманға (немесе дүниелік ұзақ үмітке) берілу, ал екіншісі - нәпсінің азғын құмарлықтарына ерік беру. Өйткені, шектен тыс дүниелік арманға берілу ақыретті ұмыттырады, ал нәпсінің тоймас құмарлықтарына ерік беру адамдарды ақиқаттан адастырады».
Пайғамбарымыз (с.а.у.) тағы бір асыл сөзінде былай дейді: «Мына үш нәрсенің үш нәрсеге жол ашатынына кепілмін:
1) Бүкіл болмысымен дүниеге байланған,
2) Дүниеге құныққан,
3) Дүние үшін сараңдық еткен адам:
-
артында байлық болмайтын кедейлікпен,
-
бітпей кететін істермен,
-
ешқандай байлық әкелмейтін қайғымен бетпе-бет келеді.
Риуаят етілгендей, сахабалардың бірі Әбу Дарда (р.а.) Хомс халқына былай деп үн қатыпты:
– Ей, Хомс халқы! Өздеріңіз отыра алмайтындай көп ғимараттар салудан, жетуі мүмкін емес армандарға берілуден, жей алатындарыңыздан артық мал-мүлік пен байлық жинаудан ұялмайсыздар ма? Сіздерден бұрын өмір сүргендер де үлкен ғимараттар тұрғызып, көп байлық жинап, алыс мерзімді арманның соңынан қуған болатын. Бірақ олардың салған ғимараттары - қабірлері болды. Алыс мерзімді армандарынан көңілдері қалды және жинаған байлықтары ешқандай істеріне жарамады» деді.
Хазіреті Әли (р.а.) бір күні Хазіреті Омарға (р.а.) былай деп насихат айтты: «Екі досыңа жетуді қаласаң (екі досы - Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.)), киген көйлегің жамаулы, аяқ киімің тозған болуы керек. Ұзақ мерзімді дүниелік үміттердің соңынан қумауың және ешқашан тоя тамақтанбауың керек».
Хазіреті Адам (а.с.) өзінің ұлы Шитке (а.с.) мына бес насихатты айтып, бұл насихаттарды келешекте өз ұлдарына өсиет етуін сұрады. Насихаттар мыналар:
- Ұлдарыңа дүниеге сенбеулерін айт, өйткені мен мәңгілік деп ойлап Жәннатқа сендім, бірақ Алла (Т.) мені ол жерден шығарды.
- Ұлдарыңа әйелдердің қалауына еріп бір іске кіріспеулерін айт. Өйткені мен әйелімнің қалауына еріп, тыйым салынған ағаштың жемісін жегенім үшін өкіндім.
- Ұлдарыңа бастайтын әрбір істің нәтижесін алдын ала ойлау керектігін айт. Егер мен бастаған ісімнің артын ойлағанымда, басыма білетіндеріңіздей жағдайлар келмес еді.
- Қандай да бір іске кірісер кезде, ішіңе бір күмән түссе, одан аулақ бол. Өйткені мен тыйым салынған ағаштың жемісін жерде ішіме күмән түсті, соған қарамастан бас тартпағаным үшін кейін өкінішке ұшырадым.
- Бастайтын істерің жайында алдымен білетіндерден ақыл сұраңдар. Егер мен тыйым салынған ағашқа жақындамас бұрын періштелерден ақыл сұрағанымда, басыма бұл жағдайлар келмес еді».
Тәбиғин Мужаһид (р.а.) былай деді: «Абдуллаһ ибн Омар (Хазіреті Омардың ұлы) бір күні маған былай деп насихат айтты: – Таңертең тұрғанда ішіңнен «Кешке не істеймін» деп ойлама. Кешке жеткенде де «Ертең не болады» деп күмәнданба. Тірі кезіңде өлімің үшін, денің сау кезде ауыратын күндерің үшін шара қолдан. Өйткені ертеңгі атыңның не болатынын білмейсің».
Риуаятқа қарағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні сахабаларға: «Бәріңіз Жәннатқа кіргілеріңіз келе ме?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Әрине, уа, Расулаллаһ!», – деп жауап береді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларға: «Олай болса, өздеріңізді ұзақ мерзімді үміттерге алдандырмаңдар және Алладан (Т.) шынайы түрде ұялыңдар», – деп бұйырды. Сонда сахабалар: «Біз бәріміз онсыз да Алладан (Т.) ұяламыз», – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларға мынадай жауап берді: «Бұл сендердікі шынайы ұят болып саналмайды. Алладан (Т.) шынайы түрде ұялу былай болады: Қабірді және денелердің шіруін әрдайым естеріңде ұстауларың керек. Қарын қуысыңыз бен ондағы ағзаларыңызды, басыңыз бен үстіндегі мүшелеріңізді харамнан қорғауларыңыз керек. Ақыреттің абыройын қалаған адам дүниенің сәнінен бас тартуы керек. Міне, Алладан (Т.) шынайы түрде ұялу осылай болады және осылайша құл Алланың (Т.) досы болу мәртебесіне жетеді» деген екен.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Бұл үмметтің алғашқы тыныштығы мен амандығы тақуалық пен сенім арқылы болады, ал соңындағы құлдырауы сараңдық пен ұзақ мерзімді үміттерге жармасудан болады».
Уммул-Мунзирден (р.а.) риуаят етілгендей, ол былай деген: «Бір кеште Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларға: «Ей, адамдар, сендер Алладан (Т.) ұялмайсыңдар ма?» – деп сұрады. Сахабалар: «Неліктен, уа, Расулаллаһ?» – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларға: «Жей алмайтындай көп байлық жинайсыңдар, жету мүмкін емес ұзақ мерзімді үміттердің соңынан қуасыңдар, отыра алмайтын үйлер тұрғызасыңдар».
Сахабалардан Әбу Саид әл-Худри (р.а.) былай деп әңгімелейді: «Бір күні Усама ибн Зәйд, Зәйд ибн Сәбиттен құнын бір айдан кейін төлеу шартымен жүз алтынға күң сатып алған еді. Сол кезде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай деп айтқанын естідім: «Усаманың бір ай мерзіммен сауда жасауы сіздерге таңқаларлық көрінбей ме? Сөзсіз, Усама өзін ұзақ мерзімді үміттерге табыстаған болып тұр. Бар болмысымды құдіретінде ұстаған Аллаға (Т.) ант етемін, мен әр көзімді ашқанда, қабағым қайта жабылмай тұрып Алла (Т.) жанымды алады деп ойлаймын. Көзімді бір жерге бұрған сайын, көзқарасымды төмен түсіруге мұршам келмей өлемін ба деп ойлаймын. Аузыма әрбір үзімді салғанымда, оны жұта алмайтынымды және өлгеннен кейін тамағымда тұратындығын ойлаймын» дейді. Содан кейін сөзін жалғап: «Ей, адамдар! Егер ақылдарыңыз болса, өздеріңізді бақилық болғандардың қатарынанмын деп санаңыздар. Өйткені, нәпсімді құдіретінде ұстаған Аллаға (Т.) ант етейін, сіздерге білдірілген ақырзаман көз ашып-жұмғанша қас қағым сәтте бастарыңызға төнеді және оны болдырмауға күштеріңіз жетпейді» дейді (тым дүниеге беріліп кетпеулерін еске салып).
Ибн Аббас (р.а.) былай деген:
«Пайғамбарымыз (с.а.у.) суға жақын жерде үлкен дәретке отырғанда, алдымен таспен тазаланып, содан кейін су алып жууға баратын. Мен оған: «Уа, Расулаллаһ, су сізге жақын ғой. Алдымен таспен тазалануыңыздың не қажеті бар?» – дейтінмін. Ол маған мынадай жауап беретін: «Қолымда кепілдік бар ма? Бәлкім, судың қасына жете алмай өліп қалатын шығармын!» дейтін.
Риуаят етілгендей, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сұхбат кезінде қолына үш шыбық алады. Бір шыбықты алдына қадайды, екіншісін жанына топыраққа қадайды, ал үшіншісін алысқа лақтырады. Содан кейін сахабаларға: «Бұлар нені білдіретінін білесіздер ме?» – деп сұрайды. Сахабалар оған: «Алла (Т.) және Оның Елшісі біледі», – деп жауап берді. Сонда Ол (с.а.у.) былай деп түсіндіріпті: «Алдыма қадаған шыбық – адам. Жанындағы мына шыбық – ажал, ал ана алысқа лақтырғаным – ұзақ мерзімді үміт (немесе дүниелік арман). Адам баласы оның соңынан қуып жүргенде, оған жете алмай тұрып, одан бұрын ажал оны ұстайды» дейді Алла елшісі (с.а.у.)1...
1Имам Ғазали: «Мүкәшәфәтуль Құлуб». – Дүниеге берілу жайында