Ибн Жәузи. «Заман бір орында тұрмайды. Бақытты адам - тақуалықтан айырылмаған адам».
Ибн Жәузи. «Заман бір орында тұрмайды. Бақытты адам - тақуалықтан айырылмаған адам».
3 күн бұрын 922
А. Қасым

Ханбәли ғұламасы Абдуррахман Ибн Жәузи (1116-1201ж.) рахимаһуллаһ былай деп пікірлейді: 

Заман бір халде тұрмайды. Алла Тағала Құранда айтқандай: «Біз күндерді адамдар арасында алмастырып тұрамыз» («Али Имран» сүресі, 140 аят). Кейде таршылық болса, кейде кеңшілік. Кейде абырой асып тасады, кейде қор болушылық басым болады. Кейде достар қуанады, кейде басыңа түскен қиындыққа дұшпандар қуанысып жатады.

Бақытты адам қай жағдайда да бір негізден ауытқымаған адам. Ол негіз - Аллаға тақуалық қылу. Тақуалыққа ерген пенде бай болса, тақуалығы оған тартымдылық береді. Кедей болса оған сабыр-тағаттың есіктерін ашады. Есендікте болса, нығметін толықтырады. Басына бір қиындық түссе, оны жеңіл қылып көрсетеді. Заман мейлі оны көтерсін, мейлі құлатсын, мейлі жалаңаш қалдырсын, мейлі тойдырсын, мейлі ашықтырсын - оған зияны жоқ. Өйткені мұның бәрі уақытша, өзгермелі нәрселер.

Тақуалық - есендіктің тұрағы. Ол (тақуалық) көз ілмес сақшы. Сүрінгенде қолдан ұстап тұрғызады, шектен шығар болсаң тоқтатып орныңа қояды.

Тақуасыз қол жеткізген рақаттығы көзін бояған пенде сөгіске лайық. Өйткені, ондай рақаттық тұрақсыз және иесін шығынға қалдырады.

Сондықтан да, қай жағдайда да тақуалықтан ажырама. Сонда таршылықтан кеңшілікті, ал сырқаттықтан саулық табасың. Бұл айтқандарымыз тақуалықтың осы дүниедегі жақсылығы, ал ақыреттегі жақсылығы мәлім»1.


1  Ибн Жәузи (р.а.): «Сойдуль Хатыр». 176 бет, 72 бөлім. (Араб тілінде).

0 пікір