Мен Афинада ата-анам православие дінін ұстанған жанұяда дүниеге келдім. Әкемнің жанұясының шыққан жері - Түркия. Ол өмірінің көп бөлігін Ыстамбұлда өткізген, сонда туып, сонда өскен. Ол оқымысты болатын, Ислам елінде тұратын христиандардың көпшілігі сияқты өз діндерін ұстанған.
Біраз уақыттан кейін түрік үкіметі көптеген грек азаматтарының мүліктерін тәркілеп, Түркиядан жер аударып жіберуге шешім қабылдайды. Осылайша, менің әкемнің жанұясы Грекияға құр қол оралуға мәжбүр болады. Түрік үкіметінің мұндай әрекеті менің туғандарымның Исламға деген жек көрушілігін одан ары өршіте түседі. Анамның жанұясы грек аралында Грекия мен Түркияның шекарасында өмір сүрген. Шабуыл кезінде түріктер аралды басып алады, олардың үйлерін өртейді, ал грек жанұяларына өз өмірлерін сақтау үшін Грекия құрлығына қашуға тура келеді.
Грекия 400 жылдан астам Осман империясының қол астында болған және гректерге қатысты жасалған әрбір әділетсіздік үшін жеке адамдар емес, Ислам діні жауап береді деп есептеуге бізді кішкентай күнімізден үйрететін.
Негізінде мұндай сенімдерді орнату - грек православие шіркеуінің қарапайым адамдарға Исламды жек көрінішті етіп көрсетуге, адамдарға Исламның ақиқат мәнісін білуге мүмкіндік бермей, өз дінін қорғайтын жымысқы саясаты болатын. Бала кезімізде бізді Исламда еш жақсылық жоқ, ал Мұхаммед (с.а.у.) – пайғамбар емес, жай ғана данышпан саясаткер әрі ол өз дінін яһудилер мен христиандардың Қасиетті Кітаптарынан алып, оған өзінің идеяларын қосып, айналасындағы жерлерді бағындырған деп иландырған еді.
Мектепте бізді Мұхаммед (с.а.у.) пен оның әйелдерін және сахабаларын келеке етуге әрі қорлауға үйрететін. Қазіргі кезде исламофобиялық БАҚ өкілдерінің Пайғамбарымызға (с.а.у.) қарсы жариялап жатқан барлық жалаларын кезінде біз сабақтарда өтіп, емтихандарда жауап беруге мәжбүр болатынбыз.
Аллаға сансыз шүкірлер болсын, Алла Тағала менің жүрегімді бәз қалпында сақтап қалды, сол себепті менде Исламға деген жек көрушілік пайда болған жоқ. Қазіргі кезде кейбір гректер Исламға қатысты соқыр нанымдарынан арылып, Ислам – Алланың ақиқаты, ал Мұхаммед (с.а.у.) – ақиқат пайғамбар және пайғамбарлардың мөрі екенін түсініп, өз жүректерін ақиқат дінге ашуда.
Мұсылмандар яһудилер мен христиандар мойындайтын пайғамбарларды мойындайды, Алла Тағала оларды адамдарға басшылық пен насихаттауға жібергендер ретінде қастерлейді, бірақ мұсылмандар Алланың соңғы жолдауы соңғы Пайғамбар Мұхаммедке (с.а.у.) түскеніне иман келтіреді.
Ата-анамның діни адамдар болмағаны маған үлкен демеу болды. Олар өз діндерінен нақты ештеңені ұстанбаған, мені шіркеуге тек үйлену тойлары немесе жерлеу кезінде ғана апаратын. Әкем дін қызметшілерінің азғындаушылық және жемқорлық қылықтарына қарап, ресми дін басыларын жек көріп кетті. «Құдайға сенуді және жоғары моральдық қағидаттарды уағыздай жүріп, қалай ғана бұл адамдар шіркеудің қорын тонап, сол ақшаға виллалар мен жеке көлік алады? Осындай дін өкілдері біздің түзелуімізге көмектесіп және Құдайдың жолын көрсете алар ма екен?» – деп айтатын ол. Мұндай адамдардың қылықтарына әкем аузы-мұрнынан шыға тойды да, ақыр аяғында атеист болып кетті.
Жеткіншек кезімде көп оқитынмын, уақыт өте келе христиан діні менің рухани шөлімді басудан қалды. Мен Құдайға сендім, сүйдім және Одан қорықтым, бірақ христиан дінін ұстанатын адамдардың амалдары мені қатты ұялтатын еді. Өсе келе мен де шіркеуден басқа жерден ақиқатты іздеуді бастадым, бірақ Исламды қабылдау туралы ешқашан ойланбаған едім. Алайда, Аллаға шүкір, Алла Тағала Өзінің мейіріміне бөлеп, мені қараңғыдан жарыққа алып шықты. Өмірімде тамаша адам пайда болды, мен оған тұрмысқа шықтым. Тұрмыс құрған кезімде мен әлі мұсылман болмаған едім, алайда күйеуім Исламды қабылдауды некеміздің шарты етіп қоймады. Күйеуім маған Исламның сұлулығын көрсетуге тырысты. Ол маған ешқашан қысым көрсетпеді әрі дінімді ауыстыруға да үгіттемеді. Некеміздің үшінші жылында мен Ислам туралы көп дүние білдім, Құранның аудармасын және басқа діни әдебиетті оқыдым, біртіндеп христиандардың үштікке сенуі және Исаны (ғ.с.) құдай деп тануы – үлкен адасушылық екеніне көзім жетті. Мұсылмандар Жалғыз, кәміл Құдайға сенеді, Оның не ұлы, не көмекшісі жоқ және Одан басқа ешкім құлшылық ету құқығына ие емес.
Құранда Алла Тағала Өзін былай сипаттайды: «(Мұхаммед Ғ.С. оларға) айт: Ол Алла, біреу ақ. Алла мұңсыз. (Әр нәрсе оған мұқтаж). Ол тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес» (112 сүре). Ислам діні Алланың соңғы Пайғамбары Мұхаммед (с.а.у.) арқылы таалғанын түсіндім. Мен Исламды қабылдадым, бірақ көп жылдар бойы мұнымды туғандарым мен достарымнан құпия ұстап келдім. Біз күйеуіміз екеуміз Грекияда тұрдық, ол жерде қиын болса да Исламды лайықты түрде ұстануға тырыстық.
Менің туған қаламда мешіт немесе ислам білімін алудың ешбір жолы болмады, құлшылық ететін немесе ораза ұстайтын адамдар болмады, хижаб киген әйелдер де болмады. Тек бірнеше мигрант-мұсылмандар болды, олар Грекияға тек материалдық жағдайларын жақсарту үшін келетін, олардың батыстық өмір салтына беріліп кететіні сондай, ақыр соңында, өз діндерінен айырылып тынатын. Сондықтан да бізге діни міндеттерімізді орындау өте қиынға соғатын, әсіресе маған қиын болды, өйткені мен мұсылман жанұясында өскен жоқпын ғой әрі діни білімім де болмады.
Күйеуім екеуміз намаз оқуға әрі ораза ұстауға тырыстық, бірақ айналамызда бізді қолдайтын діндес достарымыз болмады. Әр күн сайын иманымыздың әлсірегенін және дініміздің құрдымға кетіп бара жатқанын сезіп жүрдік. Сондықтан қызымыз дүниеге келгенде, Алланың қалауымен, өз жанымызды құтқару үшін және қызымызды қорғау үшін мұсылман еліне көшуге шешім қабылдадық.
Аллаға шүкір, Алла Тағала бізге жар болып, біздің Ислам еліне көшуімізге мүмкіндік берді. Бұл жерде біз азанның тәтті әуенін тыңдап, Ислам жөнінде білімімізді арттырдық және Алла Тағалаға деген, біздің сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.) деген сеніміміз бен сүйіспеншілігімізді нығайта алдық.