Хиуа – Бекет ата білім алған, Сырым Датұлы өмірден өткен көне шаһар (ФОТО)
Хиуа – Бекет ата білім алған, Сырым Датұлы өмірден өткен көне шаһар (ФОТО)
8 жыл бұрын 10819
Марфуға ШАПИЯН

Ашық аспан астындағы музей қалаға қарай Ташкенттен таксимен шықтық. Арақашықтық 994 шақырымды құрайды. Жолай Самарқан, Бұхара, Үргеніш қалаларын басып өтіп, таң ата Хиуаға да жеттік.

Хиуа - Өзбекстанның ең көне шаһарларының бірі. Әмудария өзенінің сол жағалауында, теңіз деңгейінен 91 метр биіктікте орналасқан.

Қаланың көркі алыстан-ақ көз тартады. Қызылды-жасылды бояуымен емес, қойнауына тарихтың небір құпия-сырын бүккен көне қалпымен-ақ баурап тұр.

 Хиуа қаласының тарихы тереңнен бастау алады. Оның аты б.з.д. 1-мыңжылдықта Топыраққала, Қуатқала, Бүркітқала, Гүлдірсін, Қырыққыз секілді көне қалалармен қатар аталады.

Зерттеушілер Хиуа қаласының іргесі б.з.б. V ғасырда қаланғанын айтады. Алғашында Ахемен, кейін Сасани әулеттерінің қарамағында болған Хиуаны 712 жылы арабтар жаулап алады.

IX-X ғасырларда Хиуа қала Хорезм мемлекетінің астанасы болып, ерекше гүлденеді.   

 Ескі қаланың қақпасынан ене бере-ақ, бізді осындай көрініс қарсы қалды. Ескерткіш сыйлықтар, сувенирлер, өзбектің ұлттық киімдерін сатып тұрған саудагерлер баршылық.

 ХІІ ғасырда Хиуа – Хиуа хандығының астанасы болды. 

 Ескі қаланың іші медресе, мешіт, музейлерге толы.

 Хиуа көне ескерткіштерінің көпшілігін сақтап қалған.

 Бұл - Ислам өркениетінің кең қанат жаюына елеулі үлес қосқан қала.

 Мұнда Ислам әлемінің атақты ғалымы, астроном, математик, тарихшы Мұхаммед әл-Хорезми дүниеге келген. 

әл-Хорезми жазған "Әл-Жебр уәл-Мұқабала" яғни "Қалпына келтіру және қарсы қою туралы" кітабынан біз бүгін оқып жүрген "Алгебра" кітабының атауы шыққан.   

Осы Хиуа қаласындағы Мамун академиясына кезінде әл-Хорезми басшылық еткен. Сонымен қатар бұл академияда Әбу Райхан ибн Бируни, Әбу Әли ибн Сина тәрізді ірі энциклопедияшы ғалымдар ғылыммен айналысқан.

 Хиуа қаласы музейлерінің әр бұрышында осы ірі ғалымдарға арналған бөлмелер бар.

 Әрқайсысын кіріп, аралап көрдік. Хиуада болған тарихи оқиғалармен таныстық.

Мынау әл-Хорезмиге арналған сондай бөлмелердің бірі. 

Мұнда ғалымның өзі ойлап тапты делінетін домбыра секілді аспап қойылған.

 

 

 Шыңғысхан заманында Хиуа қаласы қиратылып, талауға түскен.

 Тек XVI ғасырда ғана Хиуа қайта гүлденіп, бұрынғы сән-салтанатына ене бастады. 

 Қаланың қорғандары қалпына келтіріліп, салтанатты сарайлар мен мешіт-мұнаралар, кесенелер бой көтере бастады. 

 Мынау Хиуадағы атақты медреселердің бірі - Шерғазы хан медресесі. Бұл жерден қазақтың талай зиялылары дәріс алған, келіп білім үйренген.

 Осы медреседе қарақалпақ поэзиясының ірі өкілі  Әжінияз да білім алған екен.

Бұл - ақынға арналған бөлме. Мұнда Әжінияздың өлеңдері мен бюсті бар.

 Біздің көзімізге оттай басылғаны Маңғыстау жұртшылығы әулиеге балаған пір Бекеттің бұрышы болды. 

Бекет ата осында Пақыржан қажыдан дәріс алған деседі.

 Мұнда Бекет ата туралы жарық көрген қазақша кітаптар да қойылыпты.

Бекет атаның Оғыландыдағы қабірі бейнеленген мынау кілемше де сонда ілініп тұр. 

 

 Осының өзі кезінде Хиуада үлкен діни білім ордасының болғанын көрсетсе керек. Мұндағы әйгілі медреселердің қатарына көркем безендірілген ғимараты бар Мұхаммед Әминхан медресесі жатады. 

Музейдің өзге бөлмелерінде кезіндегі адамдардың қалай тұрмыс кешкенін бейнелейтін осындай мұралар қойылған.

1842 жылы Хиуа хандығының билеушісі Аллақұл хан Хиуаның бір бөлігін арнайы дуалмен қоршатып, қаланың ол бөлігін Ишан қаласы деп атаған екен. Дәл осы бөлік бүгінде де "Ишан қала" деп аталады. 

 

1873 жылы Хиуа қаласын орыс әскерлері басып алады. Хиуа алғашында патшалық Ресейге, кейіннен Кеңес үкіметі қарайды.

Орыстарға қараса да, өзбектер өткеніне құрметпен қарап, барлық тарихи ескерткіштерін сақтап қалуға тырысқан. 

Ал 1967 жылы қаланың осы бөлігі қорыққа айналдырылып, сақтауға алынған. 

 1995 жылы Хиуа қаласы ЮНЕСКО-ның шешімімен қорғалуы тиіс тарихи қалалардың қатарына енді. 

 1997 жылы Хиуа қаласының 2500 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. 

Хиуа дегенде қазақтың есіне Бекет атаның неліктен түсетінін айттық. Ал Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Сырым Датұлының осы қалада дүниеден көшкенін біреу білсе, біреу білмес.

Сырым батырдың қабірі осы Хиуа қаласы қарайтын Хорезм аймағының Гүрлен ауданында екен. Онда барып, зиярат етудің сәті түспеді.

Жергілікті халық Сырым батырдың жатқан орнын Ғайып ата деп атайды екен. Іздеген қазақ сондай атаумен табады. 

 Қазақтың тарихымен тағы бір байланысты жері, XVIII ғасырдың ортасында бұл қаланы Кіші жүздің xаны Әбілқайыр басып алып, баласы Нұралы сұлтанды әкім қылып қойған. 

Тек парсы шаxы Нәдір келгенін естігенде, Нұралы сұлтан мен Кіші жүз әскері қазақ даласына оралады.

Хиуа қаласының жанынан атақты Қызылқұм шөлі басталады. Қаланың өзінен де көзімізге ағаш-қарағайлар сирек түсті.

Аңыз бойынша, бір қария ұзақ жол жүріп, жанындағы суы таусылып, осы өлкеге жеткен екен. Ішерге бір жұтым су таба алмай, көз алды сағымға айналып келе жатқанында, көзіне алыстан жанына шелегі байлаулы құдық көрініпті. 

Қатты қуанған қария "Хай Уа!" деп айқай салған деседі. Міне, дәл сол құдықтың жанынан қала бой көтеріп, "Хиуа" атанған дейді, бізге жеткен аңызда. 

 

 Бұл Хиуа қаласындағы әйгілі "Жұма" мешітінің ішкі көрінісі. Кезінде айналадағы күллі мұсылман жамағатының құлшылық етер орталығына айналған мешіттің көркемдігіне көзің тоймайды.

Хиуаны біз аралап жүрген күн де жұма болған соң, жұрттың жергілікті мешітке қарай ағылып жатқанын көрдік.

Қазіргі мешіттің сыртқы көрінісі осындай болып тұр. 

Жергілікті халықтың көбі көлік ретінде велосипедті пайдаланады екен. Мынау жұма намазына келген жамағаттың "арқандаулы" көліктері.

Жарқын жүзбен жұма намазына бара жатқан өзбек қариялары.

 

Бір кездегі арбалардың дөңгелектерінен сақталғаны осы.

Ол заманның есіктеріне дейін көрікті. 

Артына өшпес мұра қалдырған Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми ескерткіші осы. 

 Хиуа қаласының тарихи жәдігерлерімен танысып, өткен ғасырға, Ислам әлемінің гүлденген шағына жасаған саяхатымыз осылай аяқталды. Елге мұсылмандардан осындай ұлы ғалымдар көптеп шықса екен деген тілек арқалап қайттық...

Фотосуреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ 

2 пікір