Хижабтағыларды жезөкше қылып көрсету тенденциясы байқалады. Бұл кімге керек?
Хижабтағыларды жезөкше қылып көрсету тенденциясы байқалады. Бұл кімге керек?
1 жыл бұрын 6779

Бисмилләһир рахманир рахим

Соңғы уақыттарда хижабтағы өзіміздің қаракөз қарындастарды жезөкшелікпен айыптау тенденциясы белең алып келеді. Онсыз да дін десе және хижаб десе шошып жүрген қазіргі кейбір жерлестер үшін мұндай уәж тұздық екендігі сөзсіз. Осы кезге дейін «хижаб қазақ салтында жоқ, қазақ хижаб кимеген» деп қарсы шығып келгендер, енді тікелей шабуылға көшкен тәрізді. Анығырақ айтқанда, хижабты жезөкшелікпен байланыстырып, халық санасында «хижабты тек сондайлар ғана киеді» деген түйсік қалыптастыру көзделіп жатырғандығы байқалады.

Бұндай әдіс - жаңа әдіс емес. Осы уақытқа дейін әлемдік БАҚ көздерінде «Ислам діні - терроризм діні», «мұсылмандар террористер», «дін тек қырып-жоюға үгіттейді» деген ұрандар ұрандалып, төл дінімізді жаман жағынан көрсету арқылы - жалпы алғанда әлемді, жалқы алғанда әр елдің жергілікті халқын діннен жирендіру мақсат етілді. Соның нәтижесінде, көпшіліктің санасында "намаз оқитындардың бәрі радикал", "мешітке жіберсем баламды террорист" қылып шығарады деген жаңсақ пікір қалыптасты. Әрине, көпшіліктің санасында сондай ойдың жақсылап орнығуы үшін кейбір қате бағыттағы діндарлар қолданылған кездер болды, ал олардың шын діндар екендігі, әлде діндар болып көрінген әлдебіреулер екендігі, беймәлім.

Енді хижабтың кең етек алуын тежеу үшін де сол сценарий пайдаланатын сыңайлы. Алдымен хижабты жезөкшелікпен байланыстырады. Кейіннен халық санасында «хижабты тек жезөкшелер киеді» деген ой қалыптастырады, соңында орамал тағып, қымтанып жүру - арсыздық, ашық жүру - арлылық деген түсінік пайда болады. Бұрын керісінше, ашық-шашық жүру арсыздықтың белгісі болса, бүгінде жай-жай халықтың ойын қымтанып жүру арсыздық деген түсінікке алып келе жатыр. Өз басым, хижабты жезөкшелікпен байланыстыру арқылы халықты одан шошыту "әдісін" арсыз тірлік деп есептеймін.

Мұндай арсыздық, мен білетін мұсылман елдерінде кездеспеген сияқты еді. Мысалы, Түркия елінде өткен ғасырдың 1980-2000 жылдар аралығында хижабпен күрес қатты белең алған болатын. Бірақ сонда да хижабтағыларды жезөкшелікпен байланыстырғанды естімеппін. Ол елдің БАҚ көздерінде өтірік хижаб немесе паранжа киіп алып, үй тонап, ұрлық істейтіндерді әшкерелеген жаңалықтар шығып тұратын, алайда соған қарап ешқашан «хижабтағылардың бәрі ұрлықшы» деп ұрандағандарды өз басым оқымаппын. Ал енді біздегі кейбір белсенділердің шариғат шәлісін таққандарды жезөкшелікпен байланыстырып жатқандары не сасқандары? Әлде бұл олардың түккөрмегендіктері мен тәрбиесіздіктерінің көрінісі ме? Не болмаса, расында да белгілі күштердің тапсырмасы ма? Олай болса бұл кімге керек?...

Сөз соңында Құдай Тағаланың қасиетті Құран кітапта айтқан мына бір аятын бере кеткім келеді:

«Олар Алланың нұрын ауыздарымен (үрлеп) сөндіргілері келеді. Бірақ Алла кәпірлер ұнатпаса да нұрын шашушы". (Құран Кəрім. "Сафф" сүресі, 8 аят).

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым

0 пікір