Харамнан бойды суытып, Халалға көңіл бөлсеңіз
Харамнан бойды суытып, Халалға көңіл бөлсеңіз
6 жыл бұрын 4758 centre-uko.kz/
Құдайберді Бағашар

Ислам дінінде әр мұсылман халал мен харамға көңіл бөлуге міндетті. Халал деп дінде құпталған, ерік берілген, рұқсат етілген істер айтылса, ал шариғат шеңберінде нақты тыйым салынған істер  харам болып белгіленген. Құран мен хадистерде бұйырылып, сахаба, табиғиндарымыз ерекше ден қойған бұл мәселеге біз бүгін қаншалықты мән беріп жүрміз?
Алланың әмірі
Алла тағала жер бетіндегі барлық нәрсені адам игілігіне бола жаратқан. Аспан мен жердің арасындағы ұшқан құс, жүгірген аң, сан түрлі жеміс-жидек, көкөніс – барлығы да қазынасы кең Ғани Жаратушы тарапынан пенделерге берілген. Ағыл-тегіл, көл-көсір нығметтерді құлдарына бере отырып раббымыз бірақ харамға жоламауды ескерткен.
«Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» (Бақара сүресі, 2/168);
«Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» (Маида сүресі, 5/88).
Хадистерде де Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүминдерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен: Әбу Хұрайра (р.а.) әңгімелеуде: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні былай деді: «Әй, адамдар! Алла тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүминдерге де бұйырған. Мәселен, «Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» (Мүминун сүресі, 51) десе, мүминдерге: «Әй, мүминдер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» (Бақара сүресі, 172) деп әмір еткен.

Артынша әңгімесін жалғады, қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып «Уа, раббым! Уа, раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?» деді» (Мүслим, зекет, 65).
Тағы бір жолы:
«Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады» деп мұңайған еді (Бұхари, Бую, 7).
Жоғарыдағы жайттар мұсылман үшін халал мен харамды бір-бірінен ажырата білудің маңызды екенін, не нәрсені де қолға алғанда әуелі дін тұрғысынан рұқсаты бар-жоғына, кісі ақысы араласпағанын ескеріп, таза жолмен келген-келмегендігіне мән беру керектігін ұқтыруда.
Адал кәсіп
Әр мұсылман адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күнкөруге де жіті көңіл бөлуі тиіс. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде маңдай терімен еңбектеніп жүрген мұсылмандарды мақтап, адал несібе іздеуге шақырған.
«Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде» (Дәйлами, (Әнастан (р.а.));
«Кейбір күнәлар бар, оларға намаз, ораза, қажылық та кәффарат бола алмайды. Тек күнкөріс қамымен қажымай жұмыс істеу ғана оны жуып-шая алады» (Табарани, әл-Мұғжамул-аусат, 1/38);
«Қара жұмыстан қолы күстеніп немесе шаршап-шалдығып келіп ұйқыға бас қойған адам кешірімге ие болып, күнәларынан арылады» (Байхақи, әс-Сүнәнул-күбра, ижара, 15); «Сенімді әрі адал саудагер ақыретте шейіттермен, сыддықтармен, пайғамбарлармен бірге болады» (Ибн Омардан (р.а.) Кутуби ситта, 3/8); «Бала-шағасын адалынан асырауға тырысып жүрген жан Алла жолында күресушімен тең. Ар-ұятын сақтап, адал дүниені іздегендер шейіттермен деңгейлес» (Табарани, Аусат. Ихия улумуддин, 2/235) «Ешкімге де қол еңбегінен артық ризық бұйырмаған. Дәуіт пайғамбар да өз еңбегімен күн көрген» (Бұхари, Бую, 15) деген Расулаллаһ (с.ғ.с.) бір жолы Сағыд ибн Муазды (р.а.) кезіктіреді. Екеуі қол алысып амандасқанда, сахабасының қолы күстеніп кеткені байқалады. Себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (р.а.) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жауапқа сүйсініп, «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады» деген еді (Әбу Дәуіт, Бую, 1). 
Сондықтан мұсылман адам жұмысының беделі жоғары я төмендігіне, жеңіл я ауырлығына, табысының аз не көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруі керек. Біреуге жалданып, тау қопарып, тас уататын ауыр жұмыстарға жегілсе де, арқалап отын тасып, аула сыпырса да, ең бірінші кезекте нанын адал тауып жеуге ықылас танытуы тиіс. Өйткені ең бастысы адалға ниетті болғандықтан, қандай төменгі жұмысты істесе де Алла тағала оның еңбегін жоғары бағалары анық. 
Халалдың тәрбиеге әсері
Ғалымдар халал жеудің адамның күнделікті іс-әрекетіне, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, тәрбиеге тікелей қатысы барын білдірген. Харам жеген адамның нашар қылықтарға үйірсек келетінін айтқан. Мәселен, Имам Ғазали сәбиді хараммен қоректенетін әйел емізсе, болашақта баланың ұяты азайып, қиқар қылықтар мен нашар әдеттерге жақын болып өсетіндігін, сондықтан баланы харамнан алыс салиқалы, ізгі ниетті әйелге емізу керектігін ескерткен (Ихияу улумуд дин, 3-т., 165-б.).
Осыдан болар, үлгі-өнегесімен күллі мұсылмандардың ортақ мақтанышына айналған тұлғалардың көпшілігі мейлінше харамнан сақтанған, ешкімнің ақысын жемеген адал, момын, діндар, тақуа отбасылардан шыққан. Имам ағзам Әбу Ханифаның әкесі Сәбиттің жас кезінде болған мына оқиға да соның айғағы. 
Бірде ол арықта ағып келе жатқан қып-қызыл алманы көреді. Қолына алып, қызығып бір тістегені сол екен, түкірігіне қан араласқанын байқайды. Бұл тосын жайттан шошынып тұрып қалады. Артынша: «Мүмкін бұл алманың иесі бар шығар? Байқамай біреудің ақысын жеп қоймадым ба?» – деп күдіктеніп, өзен бойымен жоғары қарай өрлеп, алманың иесін іздеуге шығады.
Әлден уақытта алдынан бір алма бағы кезігеді. Сәбит бақтың иесіне барып жолығып, мүмкін болса, кешіруін өтінеді. Бағбан үш жыл өзіне қызмет етсе ғана кешіретіндігін айтады. Тақуа жігіт амал жоқ келіседі.
Жігіт үш жыл өткен соң, кетуге рұқсат сұрайды. Бағбан оған: «Тағы бір шартымды орында, менің бір қызым бар. Көзі көрмейді, құлағы естімейді, қол-аяғы сал, өзі мылқау. Соған үйленесің», – дейді. Ақыретке кісі ақысын арқалап барудан қорыққан жігіт тағы да келісімін береді. Бірақ некесін қидырған күні жігіт қызды көріп, таңғалады. Өйткені, қыздың еш кемістігі жоқ сап-сау әрі сұлу еді. Бағбаннан мұның мәнісін сұрайды. Сонда бағбан: «Қызым ұят нәрселерге қарамайтын, сол үшін оны «соқыр» дедім; ал «керең» деуімнің мәні – қызым балағат сөздерді естіген емес. Хараммен қол былғаған емес, харам жерге аяқ басқан емес, сол себепті оның «қол-аяғы сал» дедім. Аузынан ғайбат сөз шықпағандықтан оны «мылқау» дедім. Қызымды сен сияқты кісі ақысынан қорқатын, тақуа, иман жүзді жігітке берсем деуші едім. Бір көргенде-ақ сенің адал екеніңді байқадым. Сонда да сынап көргім келді. Бұдан былай ерлі-зайыпты болып, бірге тату-тәтті өмір сүріп, бақытты болыңдар!», – деп ақ батасын береді. Міне, осындай харамнан сескенетін, кісі ақысынан қорқатын тақуа кісілерден әлемге әйгілі ғалым имам ағзам Әбу Ханифа дүниеге келген деседі.
Тағы бір мысал. 
Ертеде Мәрв қаласының қазысы бойжеткен қызына жар іздепті. Хабар елден-елге тарап, құда түсушілердің саны күннен-күнге артса керек. Бірақ, неге екенін, айттырушылардың ешқайсысына қазының көңілі толмапты. Сөйтіп жүргенде бір күні түс көріпті. Түсінде қызының теңі есігінде жүрген Мүбәрак деген құл екендігі аян болыпты. Түсті қатарынан бірнеше рет көрген соң лажсыз құлын ары-бері сынапты. Сенімді, салиқалы екеніне көз жеткізгеннен кейін қызын ешкімнің қарсылығына қарамастан құл да болса соған некелеуді ұйғарыпты.
Арада бір айдан аса уақыт өтеді. Бір күні қазы қызының қал-жағдайын біліп қайтайын деп жас жұбайлардың үйіне барыпты. Оңаша әңгіме барысында қыз күйеуінің өте жақсы кісі екенін, алайда осы уақытқа дейін неге екенін қасына жақындамай жүргенін білдіреді. Қазы дереу күйеу баласын шақыртып, істің мәнісін сұрайды. Жігіттің жауабын естігенде, қазының еріксіз көңілі босапты. Қызын өзі күткендей тақуа жігітке қосқанына көзі жетіп, Аллаға мың мәрте шүкіршілік айтыпты. Атасының сауалына күйеубаласы: «Қаланың атақты биі болғандықтан сізге келіп-кетушілердің көп екендігі белгілі. Сыйлықтар мен сый-сияпаттар да әкеліп жатады. Сол сый-сияпаттардан қызыңыз аңдаусызда дәм ауыз тимеді ме екен деген ой келді. «Харам ас жесең, оның әсерінен қырық күн өтпейінше толықтай арылмайсың» дегенді естуші едім. Сол үшін қымбатты жұбайымды алдымен қырық күн өз маңдай теріммен тапқан адал табыспен асырағанды жөн көрдім. Сонда ғана ұрпағымыз ертең иманды, көргенді болар деп үміт еткен едім», – деп жауап берген екен.
Кейіннен осы шаңырақта дүниеге келген Абдуллаһ ибн Мүбәрак өскенде беделді ғалым әрі үлкен әулие кісі болыпты. Бір ескерте кетерлігі, жаңа үйленгендерге бұны істеу шарт емес. Өйткені, ол шариғаттың талабына жатпайды. Айтпағымыз, болашақ ұрпағының арлы, ұятты, иманды болуын қалаған ата-аналарға өздерінің халал, харамға қаншалықты мән беріп жүргенін байқату ғана.
Харамның кесірі
Адамның денсаулығына зиян келтіріп, абыройына дақ салатын, қоғамға да үлкен зардабы тиетін лас істер дінімізде харам болып саналған. Харамның не екенін анықтап беруі де Жаббар иеміздің құлдарына деген мейірімі. Өйткені әрбір тыйым салынған харам істі істеу – Алланың қаһарына ұшыратып, ақыретте ауыр жаза тартқызады. Мәселен, зинақорлықты алсақ. Ол дінімізде тыйым салынған үлкен күнәлардың бірі. Құранда «Зинаға жақындамаңдар! Өйткені ол жамандыққа бастайтын арсыздық, анық жаман жол» делініп, оған тіпті жақындамау керектігі ескертілген (Исра сүресі, 32). Зинаның кесірінен қоғамда тастанды балалар, әке-шешесі тірі жетімдер, түсік көбейіп, басқа да көптеген жыныстың кеселдердің туындап отырғаны белгілі. Арақ ішу, анаша, есірткі адамды ақыл-естен ажырататын болғандықтан, дінімізде бұларға да тыйым салынған. Өйткені ақылдан азған адам сөзсіз айуандық әрекеттерге бара алады. Бұл адамдық абыройға сын. «Көбі харам нәрсенің азы да харам» деген қағидаға сай, сатылымдағы сыра мен шампандардың да харамдығын білген жөн. 
Бүгінгі күні доңыз етінен адамға жұғатын көптеген кеселдер де анықталып отыр. Мамандардың айтуынша, шошқа етінде кездесетін хистамин мен имидазол денені қышытып, есекжем, бөртпе (экзема), дерматит сияқты тері ауруларын тудыруда. Олар сондай-ақ соқыр ішек, өт жолдары ауруларына да себеп. Шошқа етіндегі трихина құрттары да өте-мөте қауіпті. Трихина құрттары асқазан, ішек арқылы қанға араласады. Тіпті сал ауруына шалдықтыруы да кәдік.
Бұған қоса, парақорлық, жемқорлық, мемлекеттің мүлкін тонау, біреудің үстінен жеңіл пайда көру, кісі өлтіру, кісі ақысын жеу, өтірік айту, елді бір-бірімен шағыстыру, жазықсыз жанға жала жабу, біреуді сыртынан өсектеу, «бисмилла» деп бауыздалмаған малдың етінен жеу, қан ішу, басшыға бағынбау, іріткі туғызып, бүлік шығару т.б. - бәрі де жиіркенішті, абыройсыз істерге жатады. Бұлардың бұл дүниенің өзінде де жұртқа тигізер кесір-кесепаты ұшан-теңіз. Сондықтан дінімізде бұндай лас істерге тыйым салынған.
Асқа келсек, дұрыс бауыздалмаған малдың еті денсаулыққа зиян. Мамандардың айтуынша, тоқ соқтырып немесе дәу балғамен маңдайынан аяусыз ұрып, қинап өлтірілген жануардың денесінде үрей мен қорқыныш гармондары, гемокультра, басқа да артық шлактар қалып қояды. Тұяқ серпіп, ағзасындағы қанды шығара алмай өлген малды бауыздау мен өлексе малды бауыздаудың арасында айырмашылық  болмайды. Ал арам өлген малдың денесінде көп мөлшерде қан қалып кететіндіктен, қанның ішінде түрлі кеселдерді, әсіресе ісік ауруларын тудыратын концерогенді заттар сақталып қалады. Ол заттар адам үшін өте зиянды. Тіпті жазылуы қиын қатерлі ісік (рак) те көбіне осыдан пайда болады екен.      
Халалға көңіл бөлгендер
Харам жеудің соңы ақыретте азап көріп, тозақта тазару болғандықтан, сахабаларымыз харамнан мейлінше бойын аулақ ұстаған. Харам жегенше бұратылып аш жүргенді артық санаған. Табиғиндар мен одан кейінгі буын өкілдерінен де осындай тақуалықтың үлгісін көптеп кездестіреміз. Айталық, хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) басынан өткен мына бір оқиға ғибрат аларлық.
Ол үнемі алдына қойылған астың адалдығына көз жеткізіп барып ішетін. Бір жолы алдына сүт қойылғанда, сұрамастан бір-екі ұрттады. Сөйтті де әлдене есіне түскендей жанында тұрған кісіге бұрылып: «Қу аштықтың алды-артыма қаратпағанын қарашы, сен бұл тамақты қайдан әкеліп едің?» деп сұрады. Қызметшісі кезінде біреуге бал ашып, көріпкелдік жасағанын, соның ақысын енді алғанын айтқанда, хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) өңі сол мезет өзгеріп кетті. Бойы қалтырап, қатты қорқып кеткені байқалды. Далаға атып шығып, саусағын дереу тамағына жүгіртті. Бір қызарып, бір көгеріп қинала отырып, ішіндегіні түгел ақтарып тастады. Сөйтті де «Уа, раббым! Қаныма сіңіп, тамырыма тарап кеткендер болса, өзің кешіре гөр!» деп жалбарынды. «Неге мұнша өзіңізді қинадыңыз?» деп сұраған қызметшісіне, «Ардақты пайғамбарымыздан «Кімде кім бір түйір болса да харам ас жесе, ақыретте тозақта тазартылады» дегенін естіген едім» деп жауап қатты (Бұхари, Мәнақибул-ансар, 26).
Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) «Намаз оқудан белі садақтай бүгіліп, ораза ұстаудан сіріңкедей қатып семіп қалсаң да, харамнан, я күмәнді нәрселерден бойыңды аулақ ұстамайынша, Алла тағала ол құлшылықтарды қабыл алмайды» деген.
Имам ағзам Әбу Ханифа өзі тұрған қалада бір қой ұрланғанын естігенде, бір қойдың жасын есептеп, 7-8 жыл қой етінен жемеген деседі. Өйткені аңдаусызда әлгі жоғалған қойдың етінен жеп қоймайын деп қорқыпты.      
Қазақ халқының танымы
Қазақ халқы да өз түсінігінде адалдықты ерекше бағалаған. Адал жар, адал дос, адал ас, адал еңбек, адал перзент секілді т.б. ұғымдардың бәрі ұлтымыз үшін әлі күнге құнды идеал болып келе жатқаны аян. Тарихымызда тұлпарына доңыздың басқан шөбін жегізбеген батыр-бектеріміз, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп әділетсіздік пен кісі ақысын жеуге жол бермеген билеріміз, құндақтағы сәбиін дәретсіз емізбеген аналарымыздың кездескені де ел ішінде жиі айтылып жүрген жайттар. Бата қайырған сайын басына амандық, асына адалдық тілеп, жарлы болып өтсе де арлылықтан таймаған, аш болса да харамға ауыз салмаған діндар бабаларымыздың өткеніне Қашқынбай Қожамбетұлы (1830-1870) атамыздың мына бір өлең шумағы да дәлел:
..Адам безер сараңнан,
Жарлы болып жүрсем де,
Жимадым малды харамнан!
Ғұмар Қараш та (1875-1921) адалға мойын бұрмай, арам істі қылуды Құдайдың ұрғанына балап былай деген:
Жігітті Құдай ұрғаны –
Жігерсіз, жасық болғаны.
Ұрлық, өтірік секілді
Келіссіз істі қолданып,
Адалға мойны жар бермей
Арам істі қылғаны! 
Қорыта келгенде, күнделікті тұрмыста харамнан қорқып, өмірін халал аясында өткізу – әр мұсылман үшін өте маңызды. Шынайы мүмин халал тұрғанда харамды тіпті ойға да алмауы керек. Санасын тұрмыс билеп, арам-алысына қарамай әркім әртүрлі жолмен күнкөрісін қамдаған бүгінгі заманда мұсылман адамның өз дініне беріктік  танытып, шариғатымыз рұқсат етпеген істерден бойын аулақ салуы, ішкен-жегені мен табысын адалдап, харам түйеден гөрі халал түймені артық санауы, кіршіксіз таза өмір сүріп, адал құл болуға тырысуы – бұл дүниеде де, ақыретте де Алланың разылығына бөлейтін зор сауапты іс болмақ.
Анығында сынақ ретінде берілген өмірдің қиындығы да сонда емес пе?!

0 пікір