Ханафи мәзхабында негізгі үкімдер «Заһиру риуая» деп аталатын іргелі-негізді кітаптарда баян етілген үкімдерге негізделеді. «Заһиру риуая» кітаптарында әйел баласының беті мен қолын ашуы рұқсат деп ашық айтылғандығы белгілі.
1). Мысалы, Имам Мұхаммед өзінің «әл-Асл» атты еңбегінде әйел кісінің беті мен қолын жабуы шарт емес екендігін білдірген:
وَلَا بَأْس بِأَن ينظر إِلَى وَجههَا وَإِلَى كفها وَلَا ينظر إِلَى شَيْء غير ذَلِك مِنْهَا وَهَذَا قَول أبي حنيفَة وَقَالَ الله تبَارك وتعإلى {وَقل للمؤمنات يغضضن من أبصارهن ويحفظن فروجهن وَلَا يبدين زينتهن إِلَّا مَا ظهر مِنْهَا} ففسر الْمُفَسِّرُونَ أَن مَا ظهر مِنْهَا الْكحل والخاتم والكحل زِينَة الْوَجْه والخاتم زِينَة الْكَفّ فَرخص فِي هَاتين الزينتين وَلَا بَأْس بِأَن ينظر إِلَى وَجههَا وكفها إِلَّا أَن يكون إِنَّمَا ينظر إِلَى ذَلِك اشتهاء مِنْهُ لَهَا
«(Бөтен ер адамның) әйел кісінің жүзі мен қолына қарауының ағаттығы жоқ. Оның одан басқа жеріне қарамауы тиіс. Бұл – Әбу Ханифаның сөзі. Алла Тағала былай деген: «Мүмін әйелдерге айт, көздерін төмен салсын (бөтен еркекке қарамасын) және әуреттерін қорғасын, сондай-ақ, зейнет жерлерін көрсетпесін. Тек өздігінен көрінгендері басқа». («Нұр», 31). Тәпсіршілер аяттағы «өздігінен көрінгендері басқа...» деген жерді «сүрме» және «жүзік» деп тәпсірлеген. Сүрме – беттің зейнеті. Жүзік – қолдың зейнеті. Осы екі зейнет жерлерге рұқсат етеді (жаппауына рұқсат етеді). Сондықтан да, ер адамның оның жүзі мен қолына қарауының ағаттығы жоқ, алайда әйелдің ол жерлеріне құмарлықпен қараса, ол басқа»[1].
Байқағандарыңыздай, Ханафи мәзхабында алдыңғы қатарлы ғұлама саналатын үшінші адам Имам Мұхаммед (рахимаһуллаһ) әйел кісілерге беттері мен білезіктен былайғы қолдарын ашып жүруін рұқсат санаған, әрі бұл Ханафи мәзхабын құрушысы және пәтуалары Ханафи мәзхабында негіз саналатын Имам Ағзам Әбу Ханифаның сөзі екендігін ашық білдірген. Ешкім бұл қос ғұламадан білгір емес болса керек. Имам Ағзамнан «ниқаб» киіп, бетті жабу шарт деген пәтуа жетпеген. Егер Исламда бетті жауып, ниқаб кию немесе паранжа кию міндетті іс болғанда, Имам Ағзам үндемей қалмас еді. Керісінше, Имам Ағзам Әбу Ханифа әйел кісілердің аяқтың тобықтан төменгі жерін де ашып жүрулеріне болады деген.
Оның үстіне, қасиетті аятта Алла Тағала ашық әрі анық «өздігінен көрінгендері басқа...» деп бетті ашып жүрулеріне рұқсат етеді. Алла Тағала рұқсат еткен дүниені, ешкім харамға шығара алмасы анық.
2). Енді Имам Мәтуридидің сөзін келтірелік. Имам Мәтуриди Ханафи мәзхабының және жалпы Әһли сунна жолының бетке ұстар ақида ғұламасы. Ол - Мәтуриди ақида мектебінің құрушысы. Имам Мәтуриди тек кәләмшы ғұлама ғана емес, ол кісі фиқһ білгірі де еді. Имам Мәтуридидің «Тәуиләту Әһли сүннә» атты ауқымды тәпсір кітабында «Нұр» сүресінің 31 аятын тәпсірлей келе былай деп қорытындылап өтеді:
والذي يدل أن للمرأة ألا تغطي وجهها، ولا ينبغي للرجل أن يتعمد النظر إلى وجه المرأة إلا عند الحاجة إليه
«(Деректер) көрсеткендей – әйел кісіге бетін жаппауына болады. Ер кісі әйелдің жүзіне әдейі қарамауы керек. Тек қарауға қажеттілік туындаса ғана болады...».
Имам Мәтуриди тағы былай дейді:
وأحسن للشابة وأفضل لها أن تستر وجهها ويديها عن الرجال ليس لأن ذلك حرام وإليها معصية، ولكن لما يخاف في ذلك من حدوث الشهوة، ووقوع الفتنة بها،
«Бойжеткен қыздың беті мен қолдарын еркектерден жасыруы (жабуы) жақсырақ әрі абзалырақ. Олай етуі беті мен қолын ашып жүруі харам болғандықтан емес немесе олай жүруі ол үшін күнә болып есептелетіндіктен емес, оған қатысты фитна туындап, біреулердің оған деген құмарлығы ояна ма деген қауып себепті абзал»[2].
Қарап тұрсаңыздар, Имам Мәтуриди әйел кісілердің беттерін жаппауларын халал санап, оны міндет ретінде көрмеген. Және «абзалы қайсы?» дегенге, тақуалық тұрғысынан абзалы «бетін жабуы» деп отыр. Яғни, ниқаб кию міндет емес, уәжіп емес, мұстахаб дейді. Алайда, бетін жаппауы да күнә емес деп отыр. Ғұламаның бұл сөзі - Исламда ниқаб киюдің үкімі уәжіп емес екендігін білдіреді.
Ал енді Имам Мәтуридидің өзі осылай деп тұрғанда, одан асып, қазіргі таңдағы кейбір талабалардың: «әйел кісілерге ниқаб кию уәжіп, беттерін ашуы күнә» деп қызыл кеңірдек болып жүргендеріне жол болсын.
3). Беделді Ислам ғұламасы, Ханафи мәзхабының бетке ұстар ғалымдарының бірі Имам Кәсәнии өзінің «Бәдәиъус Санаиъи» атты фиқһ саласына жазған ауқымды еңбегінде, әйелдің беті мен қолын ашуының күнәсі жоқ екендігіне қатысты былай деген:
فلا يحل النظر للأجنبي من الأجنبية الحرة إلى سائر بدنها إلا الوجه والكفين لقوله تبارك وتعالى قل للمؤمنين يغضوا من أبصارهم ، إلا أن النظر إلى مواضع الزينة الظاهرة وهي الوجه والكفان رخص بقوله تعالى ولا يبدين زينتهن إلا ما ظهر منها ، والمراد من الزينة مواضعها ، ومواضع الزينة الظاهرة الوجه والكفان ، فالكحل زينة الوجه والخاتم زينة الكف ، بكشف الوجه والكفين ، فيحل لها الكشف ، وهذا قول أبي حنيفة رضي الله عنه ، وروى الحسن عن أبي حنيفة رحمهما الله أن يحل النظر إلى القدمين أيضا
«Бөтен ер адамның бөтен азатты әйелдің денесіне қарауына болмайды, тек бет-жүзі мен қолына қарауына болады. Өйткені Алла Тағала былай деген: «Мүмін ерлерге айт, көздерін (әйелдерге) қараудан сақтасын...». (Нұр, 30). Бірақ, Алла Тағала мына сөзімен әйелдің өздігінен көрінетін зейнет жерлеріне қарауға, олар бет пен қол, рұқсат еткен: «Әйелдер зейнет жерлерін көрсетпесін, бірақ өздігінен көрінгені басқа...». («Нұр», 31). Аяттағы «зейнет» сөзінен мақсат – олардың орындары. Өздігінен көрінетін зейнет жерлері, олар – бет және екі қолы. Сүрме – беттің зейнеті. Жүзік – қолдың зейнеті. Өйткені әйел бір нәрсені сатуды, бір нәрсені сатып алуды, бір затты қолмен алуды, бір затты қолмен ұстап беруді қажет қылады. Ол іс-әрекеттерді әдетте, бет пен екі қолы ашық болғанда ғана атқаруы мүмкін. Сол себепті, әйел кісіге (беті мен қолын) ашып журуіне рұқсат. Бұл – Әбу Ханифаның сөзі (радияллаһу анһ)»[3].
Бұдан басқа да Ханафи ғалымдарының тақырыпқа байланысты айтқан үкімдерін келтіруге болады. Жоғарыдағы мәтіндерден ұққанымыздай, Ханафи мәзхабында әйел кісінің бетін жаппауы - негіз. Ниқаб киіп немесе паранжа киіп бетін бүркеп жүруі, біздің мәзхабта міндеттелмейді.
Ендігі жерде, кейінгі буын Ханафи ғалымдарының арасында әйел кісінің бетін жабуын уәжіп деп пәтуа бергендер болды. Ол ғалымдарды олай деулеріне итермелеген екі себеп бар:
- 1) Фитнаның (бүліктің) алдын алу.
- 2) Заманның бұзылғандығы.
Мысалы, кейінгі буын Ханафи ғалымы Тахтауи былай деген:
وفي حاشية الطحطاوي على مراقي الفلاح ص241: ("إلَّا وجهها" ومنع الشابَّة مِن كَشْفِه؛ لخوف الفتنة).
«Бойжеткен қызға фитна туындау қауіпі себепті бетін ашуына тыйым салынады»[4].
Тағы бір Ханафи ғалымы «мәжмаъул әнһур» атты еңбекте былай деп өтеді:
وفي مجمع الأنهر في شرح ملتقى الأبحر 1/81: (وفي المُنتقَى: تُمنَعُ الشابَّةُ عن كشْفِ وجهِها؛ لئلَّا يُؤدِّي إلى الفِتنة، وفي زَمانِنا المنعُ واجبٌ، بل فرضٌ؛ لغلبة الفسادِ).
«Мұнтақада мына үкім бар: Фитнаға жетелемес үшін бойжеткен қыздың бетін ашуы тыйым салынады». Біздің заманда, бұзғыншылық етек алғаны себепті, бетін ашып жүруінен тыю - уәжіп, тіпті парыз»[5].
Байқағанымыздай бетті жауып, «ниқаб» киюді міндет деулерінің себебі - қоғамда бүліктің алдын алу және онсыз да азғырынды заманда кейбір азғын еркектердің зардабынан әйелдерді қорғау, оларға зиян тиюін алдын алу деген тұжырымға сүйенеді деуге болады. Яғни, егер фитна, бүлік туады деген қауіп болмағанда, уәжіп демес едік деген сөз. Бұл - бір.
Екіншіден - "Біздің заманда" деп тұр. Бұл маңызды. Яғни, бұл дегеніңіз, сол ғұламалардың заманына тән мәселе деуге болады. Осы тұста, ғалымдардың «біздің заманда» деген сөзінен: "Ниқаб тағу уәжіп деу біздің заманға сай ма? Біздің қоғамға сай ма, әлде жоқ па?" - деген сауал туындайды. Исламдағы кейбір үкімдердің заманына сай және қоғамына сай өзгеріп отыратындығын ескерсек, ескі ғұламалардың заманында уәжіп саналған ниқаб, біздің заманда уәжіп саналмауы мүмкін. Ол заңдылықты жоққа шығаруға болмайды. Мәселен Фиқһ ғылымында:
لا ينكر تغير الأحكام بتغير الأزمان
«Заманның өзгеруімен үкімдердің де өзгеретіндігі жоққа шығарылмайды» деген қағида бар.
Олай болған жағдайда, хижабтың өзіне тұрпайы қарайтын біздің қоғамда, ниқаб кию және паранжа кию міндет деп айту қаншалықты ақылға қонымды болмақ? Мүмкін "ниқаб немесе паранжа кию уәжіп" деген пәтуа – Саудия сияқты, Пакистан сияқты дін қатты дамыған елдерге лайықты шығар. Бірақ біз сияқты, хижабтың өзіне үрке қарайтын қоғамға ондай пәтуа жүрмейді.
Сондықтан да, шариғатты айтқанда да қоғамына қарап, заманына қарап және анша-мұнша нәрселермен санасып айтқан орынды болады, әсіресе, ниқаб сияқты Исламда нақты негіздерге сүйенбейтін, таласты мәселелердің үкімін айтар кезде.
Ниқабтың міндеттілігін білдірер нақты аят та, хадис те жоқ. Керісінше аят пен хадистерде әйелдің беті мен қолы ашық болатындығы айтылады. Ханафи ғалымдарының көпшілігі де, әйелге бетін жабудың шарт еместігін айтқан. Әрідесе, бұл көпшілік Ислам ғұламаларының тұжырымы. Бүгінде де дін ғалымдарымыздың басым көпшілігі ниқабтың уәжіп еместігіне тоқтам жасаған.
Қорыта айтқанда, Исламда ниқаб киюдің үкімі мубах, ерікті амал. Максимум "мұстахаб" (ұнамды) деуге болады, бірақ "уәжіп" емес, яғни міндет емес.
Аллаһу аъләм бис сауаб. Уәлхамдулиллаһи раббиль аләмин!
[1] Имам Мұхаммед: «әл-Асл» - Китабуль Истихсан.
[2] Имам Мәтуриди: «Тәуиләту ӘҺли Сүнна». 7/545 аят.
[3] Имам Кәсәни: «Бәдәиъ», 6/492 бет.
[4] Хашияту Тахтауи.
[5] Абдуррахман Шейхзаде: «Мәжмәъул Әнһур».