Айша анамыздан жеткен бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
عَنْ عَائِشَةَ ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: أَعْظَمُ النِّسَاءِ بَرَكَةً أَيْسَرُهُنَّ مَئُونَةً
«Әйелдердің ең берекелдісі - қанағатшыл болғаны».
Аталымш хадистің басқа бір нұсқасында: «Некенің ең берекелісі...» деп келеді.
Хадистің арабша мағынасындағы «مؤونة » сөзі - «нәпәқа», «ішім-жем» деген мағыналарды қамтиды. Ал хадистегі «әйсәруһә мә-унәтән...» деген сөйлемді тіке аударсақ - «нәпақасы ең жеңіл болғаны» дегенді білдіреді. Бұның қазақ тіліндегі баламасы - «қанағатшыл», «барға риза көрсету», «талапшыл емес» деген сөздер.
Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйел баласының қанағатшыл болуының маңыздылығына назар аудартып тұр. Егер әйел тым талапшыл болып, барға риза көрсетпей, күйеуінен көп табыс табуын талап ете берсе, бұл ұрыс-керіске әкеліп, үйдің берекесін қашырады. Әйелінің қанағатсыз болуы күйеуінің харам табыс жолдарына жүгінуіне итермелейді. Қазіргі таңда ажырасу себептерінің бірі - кірістің аздығы. Кіріс аз болғаннан кейін жетпей жатады, жетпей жатқанына қарап әйелі күйеуіне тіл тигізеді, оның арты ұрыс-керіс, ақыры ажырасып тынады. Ал сол бір келеңсіздікті жәй ғана қанағат ету арқылы алдын алуға болар еді. Өкінішке орай шайтан адамдарды кедейлікпен қорқытады. Әзәзіл Шайтан адамның көкейіне "ертең кедей болып, ішерге түк таппай қалсам не істеймін" деген ұяйымды салады. Кейін жүректе қайғы, бақытсыздық пайда болады. Алла Тағала пенделеріне ризықсыз қалдырмайтынын уәде етеді, сондықтан, болашақты уайымдай бермей, Аллаға тәуекел етіп, қазіргі таңдағы істей алатын кәсібіңді істе деп үйретеді. Ендеше, отанасы шаңырақта береке болуын тілесе, қанағатшыл болмағы ләзім екен.
Бұл хадистен мына мәселелерді түсінеміз:
1) Берекенің көзі - қанағат.
2) Үйдің берекесін келтірер жан, ол - әйел.
3) Қанағатшыл әйел - ең берекелі әйел.
4) Үйдің берекесін қашыратын бірден бір себеп - қанағатсыздық.
5) Әйел де, еркек те қанағатшыл болуға және қолда бар жақсылықтардың қадірін біліп, қолда жоқ дүниелерді көксемеуге шақыруда.
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
А. Қасым.