Газа секторындағы биылғы Рамазан айы жылдағыдай ауыр сынақтармен тұспа-тұс келді. Үйінділер арасында, аштық пен қорқыныш құшағында болса да, палестиналық бауырларымыз қасиетті айдың берекесінен бас тартпай, имандылықтың асқан үлгісін көрсетіп отыр.

Талқандалған үйлердің орнында жайылған дастархан – өмірдің өлімнен үстем екенінің символындай. Газалықтар баспанасыз қалса да, өз жерінде отырып ауыз ашуды үлкен мәртебе санайды.
Мешіттер қирағанымен, иман қирамады, қайта бекемдей түсті; адамдар ашық аспан астында бір үзім нанмен ауыз ашуда. Олардың жүзіндегі сабыр мен тоқмейілсу әлемді таңғалдырып, шынайы сенімнің қандай болатынын ұқтырғандай.

Түрлі қиындыққа қарамастан, Газа балалары Рамазанның келуін кішкентай болса да үмітпен қарсы алуға тырысуда. Олардың қолындағы қарапайым асы мен жүзіндегі мұңды күлкісі ертеңгі жақсы күнге деген сенімді оятады.

Азық-түлік тапшы заманда бір қазаннан бөлісіп ішкен ас Газа халқының ауызбіршілігін паш етеді. Бұл – жұдырықтай жұмылған халықтың аштық пен жоқшылыққа қарсы тұрған қайсарлығының көрінісі.

Электр жарығы мен сусыз қалған қаланың кешкі көрінісі адам айтқысыз ауыр болса да, көңілдердегі иман нұры сөнген жоқ. Әрбір шаңырақтың (немесе шатырдың) астында оқылған дұға Газаның рухын асқақтатып тұр.




Фотолар ашық интернет рессурстарынан алынды. Әзірлеген islam.kz