Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол
Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол
10 жыл бұрын 9113
Ералтай Мауқара

Хас сұлудың көркіне естен тана құлап, оған өмірін сарп еткен жігіттің сезімін “нағыз махаббат” десек жараса ма? Я, болмаса, ел мақтаған жігітке сырттай беріліп, қияли күй кешкен жас бойжеткеннің жан-күйін “мөлдір сүйіспеншілік” деп жырға қосқанымыз жөн бе? Мұның бәрі де жастықтың жалын сезімінен туған жалаң құмарлық екені белгілі.

Жастардың өмірде адасуы да, өкінішке қалуы да осы ақылға бағынбайтын ішкі сезімнің ғана жетегінде кетуден болып жатады. “Махаббатты тәрбиелеу” деген ұғымды ең әуелі сезімді ақылға билету десек қате емес.

Ақыл қашанда адамгершілікке бастайды. Сезімде негізінде хайуандық түйсік басым. Олай болғанда құмарлық — түйсіктің жемісі. Сүйіспеншілік болса, адамшылықтың көрінісі. Хакім Абай атамыз да: “Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол” - деп  текке айтпаған. Сондықтан да, мұсылман баласы махаббат пен адамгершілікті бір ұғымға жатқызады. Адамгершілік болмаса шынайы сүйіспеншілік болуы мүмкін емес. Махаббатқа жету үшін кісіліктің де биігіне шыққан болу шарт.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мынандай мағынадағы бір хадисі бар. “Неке құратын қалыңдығыңның иманына, көркіне, тегіне қара. Көркі болмаса да, иманы мен тегі болса үйленуге болады. Иманы жоқ, көркі мен тегі болса да үйленбе. Көркі де жоқ, тегі де жоқ тек иманы ғана болса, онда үйлен”. Иман — адамгершіліктің ең басты белгісі. Аллаға, ақырет дүниесінің болатынына сенген адам ешқашан махаббатын ойыншыққа айландырмайды. Өмірдің қандай қиын сынақтары болса да мұсылман әйел мен ер өз махаббаттарын қорғайды. Яғни, Аллаға деген махаббат пен пайғамбарымызға арналған сүйіспеншілік әлсіз пенденің ең берік тірегі болмақ. Бағзы бір әбсанада, бір сахабаға досы келіп: “Мен әйелімді сүймеймін, одан ажырасқым келеді” деп, ақыл қосуын өтінген екен. Сонда әлгі сахаба: “Оның ел алдындағы сенің әйелің деген абыройын қайда қоясың, балаларыңның анасы деген аты қайда қалады, жарыңның саған сенген сенімі не күйге түседі, әйеліңе арналған ар-ұжданыңа не дейсің...” дегенде, досының адамшылыққа жатпайтын қандай есуастық жасағалы тұрғаны көкейіне жетіп, райынан қайтқан екен дейді.

Міне, махаббат тәрбиесінде мұсылманшылықтың қандай кемел биікке көтерілгенін осындай сансыз мысалдармен жалғастыра беруге болады. Сөзімізді түйіндесек, махаббат деген жалғыз құмарлықтың ғана көрінісі емес, биік кісіліктің белгісі дер едік.

1 пікір
  • Осыны отбасын тастап қайрылмай кете баратын азаматтар оқыса ғой. Бір кездері өлдім-талдым деп алған жан-жарын тағдыр тәлкегіне аямай тастап кете баратындар көбейіп барады. Сонан соң әйел бишараның көрген күні құрысын. Әрбір күн үлкен арпалыс...
    10 жыл бұрын