Ғайбат айтудан қайтаратын кеңестер
Ғайбат айтудан қайтаратын кеңестер
10 жыл бұрын 14420

Адам баласы өзінің қоршаған ортасымен өмір сүреді. Өмір сүре отырып нешетүрлі адамдармен қарым-қатынас жасайды. Адам табиғатында өзгені талқыға салып, ол туралы біреудің ойын білгісі келіп тұратыны, өзін солармен салыстыру қасиеті бар. Біреу туралы сыбыс ести қалсақ оны басқа біреуге айтуға асығатындаймыз. Ашығын айтайын, көбіміз асығамыз. Сол біреу туралы өсекті біреуге айтып әлгі өсек естіген келесі бір адамның мимикасының қалай болатынын көз алдымызға елестетіп қоямыз. Ол мимиканы іс жүзінде көргіңіз келеді. Сол үшін әлгі естіген өсекті іште сақтамай, айтуға тура келеді. Оны да жақын бір араласатын адамыңызға немесе отбасы мүшелеріне айтасыз. Мұны естіген адам сізді бірден тыйып тастаса жақсы ғой. Себебі, сіз біреу туралы өсек, ғайбат айтып жатырсыз. Бірақ, көбісі олай етпейді. Сондықтан өз-өзіңізді қолға алып, өсек тасымай, ғайбат айтпауыңыз керек. Оны қалай жасаймын? Саспаңыз, мұқият оқысаңыз, оның да жолдарын айтамыз.

Бәріміз білетіндей өсек (ғайбат) айту – үлкен күнә. Абзалы бұл әдетті қойған дұрыс. Бірақ анығында күнделікті өмірде біз өсектің қалай басталғанын, оның немен аяқталғанын аңғармай да қалады екенбіз.

Сонымен, ғайбат (өсек) дегеніміз не? Ғайбат – бір адамның сыртынан оған ұнамайтын сөз айтуың, - дейді ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.). Сонда бір сахаба сұрады: «Ал, егер ол айтқаным рас болып шықса ше?» Алла елшісі (с.а.у.): «Егер ол туралы айтқаныңыз рас болса, міне, сол ғайбат. Ал, егер өтірік болса, онда жазықсыз жала жапқан боласыз», - деп жауап берді.

Біреудің сыртынан өсек айту оны жегідей жеумен бірдей. Қасиетті Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді» («Хужурат» сүресі, 12-аят) делінеді.

Көп адам: «Мен оның бойындағы бар нәрсені айтып жатырмын» деген желеу айтып шамданады. Хадистен белгілі болғандай бар нәрсені айту ғайбат болып саналатынын білдік. Осылайша адам мен оның бойындағы бар нәрсені ғана айтып жүрмін деп өзін ақтап, өсек айтуын жалғастыра берсе, үлкен күнә жасағаны былай тұрсын, кейін оған қанша тәубе етсе де, әлгі ғайбатталған адам оны кешірмейінше Алла Тағала оны кешірмейді. Біреудің кемшілігін айтып өзін ақылды көрсеткісі келетіндер бар. Расында кейбіреулер бір адамның қателігін айтса, өзін ақылы көп адамдай сезінеді. Немесе ақылды екен деп ойласын деп осы қадамға барады. Шын мәнісінде бұл нағыз ақымақтық. Нағыз мұсылман біреудің бойынан кемшілік көрсе, қайта ол адамның кемшілігінің орнының толтырылуы үшін дұға етеді.

Бастысы өсек таратудың қаншалықты күнә екенін ескеріп, ұмытпауымыз керек. Сол үшін келесідей кеңестерге құлақ түру бір көмегін берер:

  1. Өсек айтпайтындай қалыпқа еніп, табандылық танытыңыз. Сонымен қатар, өсек тыңдаудан аулақ болыңыз әрі оны біреуге жаюдан да. Егер де әңгіме біреудің мінін талқылауға түсіп кетсе, әңгімені басқа жаққа бұруға тырысыңыз. Қарсыңыздағы адам қауіпті әңгімелерді бастап жатса, өзіңізді және серігіңізді өсек дейтін ауыр күнәдан қайтарыңыз.  
  2. Егер де сіз өзіңізге ұнамайтын бір адам жайында қасыңыздағыларға жиі шағымдансаңыз, белгілі бір адам туралы жағымсыз сөздер айта бастасаңыз, онда ол адамнан аулақ болыңыз. Себебі, сізге ұнамағандығы үшін ол кінәлі емес. Сондай-ақ, оны жер жаһанға жаман атты қылып жүргеніңізге төзуге ол міндетті емес. Ол туралы жағымсыз сөздер айтуды доғара алмасаңыз, онда одан алысырақ жүргеніңіз абзал. Адам өзін қатты ренжіткен, ұнамайтын адамының мінін, кемшілігін айтқысы келіп тұрады. Қанша ақылды болса да, кейде ашу айтқызады. Сондықтан, одан құтылудың бір жолы әлгі адамнан алыстау.   
  3. Егер де жаныңызда жоқ бір кісі туралы айтқыңыз келсе, онда оның жақсы жақтарын ғана айтыңыз.
  4. Біреумен әңгімеңіз біреуді жамандау сияқты бағытқа бұрылып сұйлып бара жатса, әңгіме бағытын басқа жаққа бұруға тырысыңыз. Ал, бұл әрекетіңізден ештеме шықпаса, ол жерден кетіп қалыңыз. 
  5. Әрбір адамның бір танысы болады. Ол танысы соңғы өсек-аяңды естіп, оны жаһанға жайып жүреді. Оны да жариялап жаймайды ғой. Әркімге жеке-жеке айтады. Ал, егер де кезек сізге келсе, өзіңіз білетіндей оны райнынан қайтаруға тырысып көріңіз немесе ол танысыңыздан аулақ жүріңіз. Біреуге сізге өсек айтса, сізді басқа танысына жамандап жеткізуі ғажап емес. Өсек-аяң таратушыларға тосқауыл болыңыз, ғайбат айтушылардың аузына шамаңыз келгенше қақпақ қойыңыз. Не болмаса ондай адамдармен алыстан араласыңыз, абзалы мүлде араласпаңыз. 
  6. Кейде өзге біреу туралы ойыңызды біреумен бөліскіңіз келіп, жаныңыз ашығансып оның жағдайын айтқыңыз келіп тұратын жағдайлар болады. Ондай кезде қолыңызға қалам мен қағаз алыңыз, тым болмағанда ноутбукке жазыңыз әлгі ойыңызды. Сонда ешкім жап шекпейтін болады.   
  7. Егер де сіз біреудің талқылап жатқан әңгіменің үстінен түсіп қалсаңыз, оның жақсы жақтарын айтып ақтап алуға тырысыңыз. Аузыңызға сөз түспесе, онда үндемеген дұрыс. Жалпы сабырға шақыруға тырысып көріңіз. Әңгімелерін басқа жаққа бұрып алып кетіңіз.
  8. Егер де біреу басқа біреу туралы жамандай бастаса, онда оның позитивті сәттерін күтіп, ұтымды сөз айтуды біліңіз. Мәселен делік, бір досыңыз екеуіңізге ортақ тағы бір досыңыздың танысқанына көп бола қоймаған біреуге үйленейін деп жатқанын айтса, бірнәрсені жасыратыны туралы айтса, сіз: «Аллаға шүкір, оларда барлығы жақсы» деген секілді қарсы сөз айтыңыз.
  9. Өсек, ғайбат айту сізге абырой әкелмейді. Адамдар сіздің айтқандарыңызды қызықтап тыңдауы мүмкін, бірақ сізді сыйламай кетеді. Сіздің ертең оларды жамандайтындығын ойлап, теріс айналады.  
  10. Қазір ғаламтор арқылы ғайбат, өсек жаюдың түрлері дамып келеді. Әлеуметтік медиа біздің күнделікті өміріміз іспетті болып кеткендіктен, ауызбен айтқанмен, ғаламтор арқылы тарату екеуі бір нәрсе. Бүркеншік ат жамылып таратсаңыз да Алла бәрін көруші.   

Сонымен өзіңізді біреуді ғайбаттап жатқан адамның орнына қойып көріңіз. Ол не үшін ондай, неге олай жасағанын білмейсіз ғой. Мүмкін өзіндік себептері бар шығар. Ал сіз оны оңай сыртынан ғайбаттай саласыз. Егер де сіздің артыңыздан біреудің жамандап жатқанын естісеңіз қалай қабылдар едіңіз? Сөзсіз ашуланар едіңіз. Ең бастысы, ғайбат айтудың үлкен күнә екенін естен шығармайық!

1 пікір
  • морал - актуалдығын жоймайтын тақырып болғандықтан, ол туралы жиі және ұдайы айтылады. Қалай айтқаның, қашан айтқаның және кімге немесе кімдерге айтқаның маңызды. Бұл менің сөзім емес, Аса-ағаңдікі (Асқар Сүлейменов). Ғайбат туралы жақсы кеңестерің үшін Алла разы болсын
    10 жыл бұрын