Ескілікті дін ғалымдардың жалқаулық жайында айтқаны
Ескілікті дін ғалымдардың жалқаулық жайында айтқаны
1 ай бұрын 3089 islam.kz
Абдулла Самға

Абдуррахман әл-Жәузи (рахимаһуллаһ, хижри 597 жыл) былай дейді: 

"Жан тыныштығын сүю, жұмыссыздықты ұнату, қиындықтың ауыр келуі - жалқаулықты тудыратын себептердің біршамасы. «Сахих Бұхари» мен «Сахих Мүслім»де сахаба Әнәс ибн Мәликтен келтірілген хадисте Алла елшісінің (с.а.у.) былай деп жиі тілге алатындығы айтылған: «Уа, Аллаһым! Ғамдан, қайғы-мұңнан, әлсіздіктен және жалқаулықтан Саған сыйынамын!».

Және Имам Мүслім келтірген хадисте сахаба Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.у.) былай дегенін жеткізген:

«Күшті мүмін әлсіз мүмінге қарағанда жақсырақ әрі Аллаға сүйкімдірек».

Ендеше, өзіңе пайдалы нәрсеге ұмтыл, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа. Егер бір қиындыққа тап болсаң: «Былай істеуім керек еді, бекер олай істеппін» деме! Оның орнына: «Алланың жазғаны болады. Ол қалаған нәрсесін істейді» дегін. Өйткені «әттең» деген сөзі шайтанға есік ашады.

Сахаба Абдулла ибн Мәсъуд былай дейді екен:

«Мен бос жүрген ер адамды көрсем, ашуым келеді. Не дүние ісімен шаруасы жоқ, не ақырет ісімен шаруасы жоқ».

Тағы бір сөзінде былай дейді:

«Ақырзаманда бір адамдар пайда болады - олардың істейтін ең абзал істері бір-бірлерін жазғыру, кінәләу болады. Оларды «әл-Әтиян» деп атайды».

Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деген:

«Ертеңшілік пен жалқаулық үйленіпті, ол екеуінен кедейлік туыпты». (Ертеңшілік (немесе ертеңшілдік) - ертеңге қалдыру).

Мәлик ибн Динар (VIII ғасыр, Куфа) былай деп айтқан:

«Қандай жақсы іс болмасын, басы қиын болады. Егер сабыр сақтап, шыдаса арты жеңіл болып, рақатқа кенеледі, ал шыдамсыздық танытса, тастап қояды».

Әтбәғут тәбиғиннен болып есептелетін дін ғұламасы Суфян әс-Сәури (р.а.) жалқаулықтың салдарын былай деп суреттейді:

«Жұрт сәйгүлік, тұлпармен озып кетті, біз болса қалжыраған есекпен қалып қойдық»

әл-Хафиз Әбуль Фараж Абдуррахман ибн әл-Жәузи: "ат-Тыйбур Рухани". 

islam.kz

 

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: