ЕРТЕҢІМІЗГЕ НЕ ӘЗІРЛЕДІК?
ЕРТЕҢІМІЗГЕ НЕ ӘЗІРЛЕДІК?
4 жыл бұрын 6154
Осман Нури Топбаш

Бұл дүние сынақ дәрісханасы екендігі бәрімізге мәлім. Бұл дәрісханада Хақ Тағала бізді пайғамбарларымен, киелі жазбаларымен, кітаптарымен, ғаламдағы Өзінің ұлылығының көріністерімен және иләһи шеберліктің кереметтерімен күндіз-түні бізді тура жолға шақыруда. Бұл шақыру - адам баласының қайтадан Жәннәтқа оралуын көздейді.

Ол үшін ұлы қауышу жолында бәрінен бұрын нәпсіміз бен Ібілстің аяқтан шалатын кедергілерін бұзып өтуіміз керек.

Алла Тағаланың Құран Кәрімде бізге жеткізгісі келетін ақиқаттардың өзегі осы. Сондықтан да, Құран мен Пайғамбардың сөздеріне құлақ асып, әрі құлақ асып қана қоймай, оларды іс жүзінде орындауға кірісуіміз шарт. Тек сонда ғана ақырзаман қарсаңы - келешекке азық дайындайтын қырман халіне келеді. Себебі бұл фәниден кейін бізді күтіп тұрған шынайы келешек - осы дүниенің қырманында әзірленеді.

Раббымыз осыған меңзейтін аяттарында былай дейді:

«Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және бәрің ертеңгі күнге не әзірлегендеріңе көз салыңдар» («Хашр», 18).

ӨТЕ ШЫҚПАЙТЫН БІР ҒАНА «ЕРТЕҢ» БАР

Бәрімізге белгілі, бұл дүниедегі барлық ертеңдер бүгінгі күнге ғана қатысты ертең деп аталады. Ертең деген күніміздің бәрі уақыты келген кезде кеше деген атқа ие болады. Бірақ біздің алдымызда сондай бір күн күтіп тұр, Ол күніміз дүниелік түсініктегі ертең емес, ол – жалғыз шынайы ертең, еш таусылмайтын мәңгі күн. Яғни, бір сөзбен айтқанда – ақырет. Біздің шынайы болашағымыз, сол болашақтағы ертеңімізде айқындалмақ. Ол күні бізге осы дүниедегі тіршілігіміздегі жазылған таспамыз түгелімен көрсетіліп, Хақ Тағала бізге:

«Кітабыңды оқы! Бүгін сенен есеп алуға өз ұжданың да жетіп, артылады!»

- дейтін болады. («Исра», 14).

Сол себепті де өміріміздегі негізгі уайым - Ертеңгі күні табысты болу үшін мәңгілік кешегімізге ең көркем түрде дайындық жасау болуы керек.

Өйткені қиямет күніне дайындықсыз барғандарға ол күн өте қорқынышты әрі жан түршіктірерлік болмақ. Хақ Тағаланың білдіруі бойынша ол күн өте қиян күн. Бірақ оның қиындығы мен барлық қорқынышы – оған дайындықсыз, ғапыл түрде барғандар үшін.

Осы дүниелік сынақ әлемінде басымызға сәл ғана қауіп төнсе үйрейленіп кетеміз. Кішкене бір жер сілкінсе, кішкене бір сел басса, қаттырақ дауыл соқса жанымыз шүберектің ұшына түйіліп, жүрегіміз аузымызға келіп, қорқамыз. Өйткені жанымыз тым тәтті. Бірақ біле-білгенге қорқыныштардан құтылудың бір ғана жолы бар – ең қорқынышты ұлы күнге толық дайындық жасау. Өйткені (қиямет қайым болғанда) бұ дүниеде де, қабірде де, қияметте де қашып, бас сауғалайтын жер жоқ. Сол себепті Ұлы Алла Тағала өз қамқорлығының панасын паналауға шақырады.

 «Аллаға асығыңыдар!...» («Зарият», 50).

Аллаға асығудың уақыты осы дүниеде. Оны өткізіп алсақ орны толмас өкінішке тап боламыз. Өйткені өткен уақыт қайтпайды.

ӨМІР ӨЗЕНІ ҚИЯМЕТКЕ ҚАРАЙ АҒЫП БАРАДЫ

Ағысы жылдам өмір өзені кері қарай ақпақ емес. Ағыс, тек алдыға ғана. Соны түсінуімізді қалайтын Ұлы Жаратқан бізді әрбір аятымен тәфәккурге (пікірлеуге) және ойлануға шақырады. Біздің бойымыздан көргісі келетін сипаттарды "қиямет таразысымен" тарта отырып талап етеді және сол сипаттарға қол жеткізген құлдарының маңызды бір ерекшелігінен былай деп хабар береді:

«Ол құлдарым – қорқынышы барлық жерді жайлайтын сол күннен қорқып, берген уәделерін орындап жүреді». («Инсан» сүресі, 7).

ҚИЯМЕТТІҢ ҚОРҚЫНЫШТЫ САХНАСЫ

Қиямет жайындағы аяттар сан алуан. Кейбір аяттар қуантады, кейбір аяттар қорқытады. Мысалы, қияметтің үрейлі саханаларын сипаттайтын аяттардың бірінде былай делінген:

«Ол күні көкті, кітаптың бетін бүктегендей бүктейміз де, әуел бастағыдай қайта жаратамыз. Бұл Бізге бір міндет. Шынында Біз орындаймыз». («Әнбия», 104).

Түрілген көкті көз алдымызға елестетіп көрейікші. Шексіз мұхиттай көк жүзі. Онда қанша жұлдыз бар, санына жете алмаймыз. Егер есептесек, сандарымыз таусылып, жетпей қалады. Теңізде, шөлдерде қанша құм данасы болса, соншалықты жұлдыз бар, галактикалар бар. Сол күні соның бәрі бір кітаптың парағы мыжылып түрілгендей түріледі. Адамдар ол күннің қадір-қасиетін жете түсінсін, келешектеріне дайындалсын деп, Алла Тағала бізге қазірден бастап білдіріп жатыр. Адамдар ғапылдық пен жалқаулықтан арылып, құлшылықтарында жігерлі және ынталы болулары керек. Әйтпесе ол күн басымызға келгенде бәрі де кеш болады. Ол күні қанша өкінсек те пайда бермейді. Ол күні ғалам сілкінетін сілкініс болады.

«Ол күні, әр емізушінің емізгенін ұмытқанын және әрбір буаз жәндіктің іш тастағанын көресің. Адамдарды мас түрде көресің. Негізінде олар мас емес. Бірақ Алланың азабы қатты» («Хаж» сүресі, 2 аят).

«Егер өтіріксінсеңдер, балалардың да шашын ағартатын күннен қайтып сақтанасыңдар». («Мүзәммил», 17).

Біз бұл өмірде әлдебір сәбидің қорыққанынан шашы ағарып, қарияға айналғандығын көрдік пе? Көрмедік. Бірақ ол күні (қиямет қайым болған күні) солай болатынын, сәбилердің шашын ағартып, жүкті әйелдердің іштегі баласын түсіретін қорқыныш болатынын Раббымыз ескертуде...

 Автордың «Ықылас пен тақуалық» атты кітабынан.

 

0 пікір