لَعَنَ رَسُولُ اللَّٰهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ الْمُتَشَبِّهِينَ مِنَ الرِّجَالِ بِالنِّسَاءِ وَالْمُتَشَبِّهَاتِ مِنَ النِّسَاءِ بِالرِّجَالِ
«Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) (сөйлегенде, жүріс-тұрыста, киім киісте) әйелдерге ұқсауға тырысқан ерлер мен ерлерге ұқсағысы келген әйелдерге лағынет айтты».[1]
(Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) жеткізген. Бұхари, Либәс 61; Тирмизи, Әдәб 24; Ибн Мажә, Никах 22).
Хадиске түсіндірме
Бұл хадисте пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Алланың жаратқан табиғи болмысынан ауытқып, адам айтқысыз кейіпке енген ерлер мен әйелдердің Жаратқанның рақымынан мақұрым қалатынынан хабар беруде. Пайғамбардың теріс батасын алып, Жаратқанның қаһарына ұшырағаннан жаман не бар бұл жалғанда?!
Әбу Хұрайра (р.а.) жеткізген бір хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйелге еліктеп киінген еркекке және ер адамға еліктеп киінген әйелге лағынет айтты делінген[2]. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тағы бір хадисінде: «Әлі күнге дейін өз басым көрмеген тозаққа кіретін екі түрлі топ бар. Біріншісі, қолдарына өгіздің құйрығындай ұзын қамшы ұстаған, өздеріне бағынышты жандарды аяусыз қамшының астына алатын қатыгез залымдар. Екіншісі, жартылай жалаңаш әйелдер (яғни, Алланың нығметіне бөленсе де шүкіршілік сезімінен жұрдай әйелдер; ашық-шашық киініп, жартылай жалаңаштанып жүретін немесе тәні көрінетіндей тым жұқа әрі бар болмыс-бітімін айқындап тұратын тар киім киетін әйелдер; яки, сырттай шариғат талаптарына сай киінсе де, жан-дүниесі жалаңаш ұятсыз әйелдер) сондай-ақ (сөйлегенде, жүріс-тұрыста, киім киісте, жалпы түр-тұрпатта) тура жолдан және табиғи болмысынан ауытқыған, онымен қоймай, өзгелерді де өздері сияқты болуға үндеп, азғырушы және бастары[3] бейне бір түйенің құлама өркешіндей қоқырайған әйелдер. Міне, мұндай әйелдер жұмаққа кірмейді, кірмек түгіл, оның хош иісін де сезбейді. Ал, жұмақтың хош иісі пәленбай[4] жерден сезіледі», – деген[5].
Негізінен бұл хадистер Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хақ пайғамбар екендігінің тағы бір айқын айғағы болып табылады. Бұл хадистерден пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аталмыш күнәһарларды көзі тірісінде көрмегенін, олардың келешекте пайда болатынын айтып, болашақты дәл болжағанын көреміз. Ал ғайыпты бір Аллаһ тағала ғана біледі, әрі оны пайғамбарлар мен әулиелер сынды қалаулы құлдарына ғана білдіреді.
Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тағы бір хадисінде: «Алла Тағала қиямет күні үш түрлі адамға назар салмайды. Ата-анасын құрметтемеген кісіге; еркек-шора әйелге және әйелін, қыздарын, әпке-қарындастарын қызғанбайтын, олардың теріс қылықтарына көз жұма қарайтын ар-намыстан жұрдай кісіге (рақым назарын салмайды)», – деген[6].
Жоғарыдағы хадистерде негізінен адамның өз болмысынан жеріп, заты бөлек өзге жыныс өкіліне ұқсауына қатаң тыйым салынуда. Яғни, ерлер түр-тұрпатта, жүріс-тұрыста және киім киісте заты бөлек әйелге ұқсаудан, ал әйелдер өздерінің нәзік табиғатына жат еркек-шоралықтан тыйылуда. Өкінішке орай, бүгінгі таңда батыс елдерін былай қойғанда, мұсылман елдерінде де талай қыз секілді майысқан еркектер мен еркек-шора әйелдерді көруге болады. Тіпті, кейбір еркектер мен әйелдердің киім киісте, жүріс-тұрыста және түр-тұрпатта асқан жасандылықпен бір-біріне ұқсауға тырысқанын былай қойғанда, азғындықта шектен шыққан енді біреулердің медициналық жолмен жынысын өзгертіп, Жаратқанның ісіне қарсы келіп жатқанына да куә болып жүрміз.
Бұл жалғанда адам баласының өзінің табиғи болмысынан мұншалықты жеріп, жасандылыққа бой алдыруынан асқан жиренішті нәрсе әрі Жаратқанның ісіне қарсы келуден асқан ауыр күнә жоқ шығар, сірә! Әсілі, мұндай жиренішті іске барушылар әзәзіл шайтанның арбауына түскен бейбақтар. Өйткені, Алланың шексіз рақымынан мәңгілікке аласталған Ібіліс Құранда Жаратқаннан қияметке дейін мұрсат алғанында былай деп ант ішкен: «Ант етемін! Оларды тура жолдан тайдырамын һәм оларды қол жетпес нәрсеге ұмтылдырып, жеткізбейтін желік үмітпен алдаймын. Сондай-ақ, олар менің бұйыруыммен (пұттарға арнап құрбан шалу үшін өздеріне харам еткен) малдардың құлағын кесіп ен салатын әрі Алланың жаратқанын өзгертетін болады». Аталмыш аяттың соңында Алла тағала: «Ендеше, кімде-кім Алланың орнына шайтанды дос тұтса, анық зиянға ұшырағаны»[7], – деп шайтанға ергендердің ақырының жақсы болмайтынын ескерткен.
Ендеше, біз мұсылмандар шайтанға азып, адам айтқысыз жиренішті іске барудан бір Алла сақтасын дей отырып, жастарымызды әрі өзге қауымдарды да аталмыш істерден қолымыздан келгенше жирендіруіміз керек. Ол үшін ең алдымен өзіміз болып, имандылыққа, адамгершілікке бет бұрып, асыл дініміз бен діліміздің іргетасы саналатын асыл құндылықтарды қайта жаңғыртуымыз әрі бойымызға сіңіруіміз қажет.
Құранда Алла Тағала: «Шүбәсіз, адам баласын (һәм тәні, һәм рухани жан-дүниесі жағынан) ең көркем түрде, ең керемет бейнеде жараттық» деген. Міне, сондықтан да ер адам өзінің жаратылысына сай болғанда, әйел заты да Жаратқанның өзіне берген әйелдік қасиеттерінен айнымай, нәзік жанды әйел болып қалған жағдайда ғана көркем болмақ. Болмыста әрбір жаратылыс өзінің табиғи болмысынан титтей де айнымастан, жаратылыс мақсатына сай әрекет етеді. Әсілі, бұл жанды-жансыз, әрбір жаратылыстың өзіне тән құлшылығы десек те болады. Ендеше, Алланың Өзі ардақ тұтқан және періштелердің ықыласына бөленген, саналы да, жан-дүниесі әр алуан асқақ сезімдермен безендірілген адам баласына табиғи болмысынан айнымай, жаратылыс мақсатына сай әрекет ету ғана жарасады. Міне, сонда ғана ол Жаратқанның жер бетіндегі халифасы деген асқақ атқа лайық болмақ. Барлық иләһи діндер мен хақ пайғамбарлардың басты мақсаты – адамзатқа өзінің жаратылыс мәнін ұғындырып, соған қарай әрекет етуге шақыру.
[1] Яғни, ондайлардың Алланың рақымы мен мейірімінен мақұрым қалуын тіледі.
[2] Әбу Дәуіт, Либәс 28; Ахмед ибн Ханбал, Мүснәд 2/325
[3] Шаш баптау үлгісі
[4] әт-Табарани жеткізген басқа бір хадисте Жұмақтың хош иісі бес жүз жылдық жерден сезіледі делінген.
[5] Мүслим, Жаннат 52
[6] Нәсәи, Зекет 69.
[7] «Ниса» сүресі, 118-119 аяттар