Ерлан РЫСҚАЛИ: "Мұсылманмын" деп ауыз толтырып айта алмаймын
Ерлан РЫСҚАЛИ: "Мұсылманмын" деп ауыз толтырып айта алмаймын
9 жыл бұрын 4865
Сұхбаттасқан Марфуға Шапиян

– Ерлан аға, жақында Әміре туралы ән жаздырғаныңызды әлеуметтік желідегі парақшаңыздан оқып, тіпті тыңдап үлгердік. Өзге әншілерден бөліп-жарып Әміреге ән арнауыңызда қандай да бір сыр бар ма?

2011 жылы Әміре Қашаубаев атындағы Республикалық байқау Өскемен қаласында өтті. Қонақ ретінде қатысып, бастан-аяқ тамашаладым, галаконцертінде ән айттым. Өкінішке қарай, сол конкурста Әміре атамызға арналған ән айтылмады. Итальяндықтардың бүкіл опера саңлақтары бас иіп мойындаған Энрико Карузо атты әншісі бар. Сол Карузоға арналып, оны сағынып жазылған «Память о Карузо» деген ән бар. Оны «менмін» деген опера әншілерінің барлығы орындайды. Дәл сол уақыттары бұл ән аңыз әнші Лучано Павароттидің орындауында бүкіл әлемге таралып жатыр еді. Осы әнді тыңдағаннан кейін маған «Әншінің соңынан ерген біздерге Әміреге неге  әннен ескерткіш қоймасқа?» деген ой келді. Сол ойдың жетегімен осы ән туды.

Сонда ән өзіңіздікі ғой?

Иә, ән менікі. Сөзін де өзім жазып көрдім. Жазған сөзді талқыға салып, достарыма көрсетіп едім, онша көңілден шыға қоймады. Әрі ойланып, бері ойланып «кімге жаздырамын?» деп жүргенде, Ұлттық академиялық кітапханада Несібек Айтов ағамыздың 7 томдық шығармаларының тұсауы кесіліп, сонда ән айтып қайттым. Ертеңіне С.Сейфуллин мұражайының ішінде «Сыр сандық» деген кітаптың тұсаукесер рәсімі болып, ақын аға ән айтып беруге тағы шақырды. Барып, ән айттым, банкетіне қатыстым. Қонақтар қайтып кеткеннен кейін ағамен оңаша қалғанда Әміреге қатысты бұйымтайымды айттым. Несіпбек аға: «Домбыраңды ал, әніңді тыңдайын», – деді. Өзімнің сөзіммен айтып бердім. «Ән керемет екен, бұған енді керемет сөз керек қой», – деді, ақын аға. Сол отырған жерінде қолына қалам-қағазын алып, бірдеңелерді жаза бастады. Маған әнді айтқызып қойып, өзі жаза берді. Солай бес-алты сағат тапжылмай отырып қалыппыз. Өлең солай туды. Әнге қосып орындап, видеоға түсіріп алған едік, әлеуметтік желіге салынып, бірден таралып кетті. Бірақ ол түбегейлі сөз емес. Әзірге маған қайырмасы ғана қатты ұнады. Шумақтары әлі де көңілімдегіге жетпей тұр. Несіпбек ағаға осыны айтып едім, ол кісі өзгертуге көшті. Тек «Қайырмасына тимеңіз» дедім. Қайырма төгіліп түскен:

 Әміре, сенің әніңе,

Тамсанған адам баласы,

Шалқыған қазақ даласы,

Толқыған Париж қаласы,

Аңсайды асқақ дауысыңды,

Аспан мен жердің арасы, – дейді.

Болашақта бұл әнді өзім орындармын, өзге әріптестерім де айта жатар. Ол енді уақыттың еншісіндегі дүние.  

Сіз «Қазақ даласында Әміреден асқан ұлы әнші болған жоқ?» дейсіз. Бізде небір бұлбұл әншілер болды ғой. Сонда олардан Әміренің ерекшелігі неде?

– Әлемдік стандартта әншінің дауысына қойылатын талаптар бар. Ол дауыс ешкімнің үніне ұқсамайтын бояуы қанық, салмақты, бай болуы керек. Дауыс сұлу, еркін, қуатты әрі дыбыстың ұшуы (полетность) болуы қажет. Дауыста бас, ортаңғы, жоғарғы регистрлер деген болады. Соның барлығы жіпке тізілгендей болып бір деңгейде жұмыс істеп тұруы керек. Жоғарғы нотада қуатты айғай қалай шығып тұрса, ортаңғы нотада да дауыстың күші солай шығып тұруы міндетті. Төменгі дыбыстарда да сыбырлап қалмай, гүрілдеп шығуы керек. Әлемдік деңгейде сондай дауысы бар әншілерді «әнші» дейді. Бізде қазір жоғарғысы шықса, төменгісі салбырап қалып, «һіііі» деп асылып қалатын әншілер көп. 99 пайызы регистрдің, дауыстың не екенін білмейді. Ал Әміре – Құдай соның бәрін үйіп-төгіп беріп қойған әнші. Оның үнінен жоғарғы да, төменгі де ноталар бір деңгейде шығады. Ол Парижде ән салғанда академиктер, музыка ғалымдары тамсанған, таңғалған. Ол кездегі Еуропаның, Париждің тыңдаушысын қазіргі қазақ тыңдарманымен салыстыру мүмкін емес. Өйткені олардың музыкалық тұрғыда сауаты басымырақ еді. Сондай өресі биік тыңдарман Әміренің әншілігіне бастарын иген. Бұл – Әміренің ғажаптығы. Ол – Құдай талантты бере салған әнші. Ондай әншілік, ондай дауыс қазақ даласында болған жоқ. Қазір де оған ешқандай қазақ әншісі жете алмайды. Мүмкін кей әншілер «мен жетемін» дейтін шығар. Жете алмайды! Олар бірінші октаваның «до»-сын аламыз деп талпынады. Көп болса, бір-екі рет алар. Сосын дауыстары шаршап қалады. Әміре әр айтқан әнінде осы «до»-ны алып отырады. Оның құдіреті сонда. Дауысы шаршамайды, үнінің сұлулығы жоғалмайды. Көптеген әншілеріміздің «до»-ны аламыз деп салған әндері құр айқай болып кетеді. Әміренің жоғарғы нотасы бұлбұлдың үніндей сайрап тұрады. Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, тіпті әншілік өнерде өз заманының Әміресі атанған Жәнібек Кәрменовтей мықты бұлбұлдардың өткенін білеміз. Бірақ олардың үні де Әміренікіндей жоғары емес еді. Ал кейінгі әншілер, яғни біздер туралы сөз қозғаудың өзі керек емес. Біз тіпті маңайлай да алмаймыз. Опера, эстрада саласындағы әншілер де осы ең жоғарғы нотаны тыңдаушының айызын қандырып айта алмайды. Әміре – жалғыз! Оның үстіне қазақ әнінің шекарасын кеңіткен алғашқы қазақ та осы – Әміре. Ол – Парижде, Франкфуртте, Майнинде, Мәскеуде ән салған тұңғыш қазақ. Әміредей әншілер көп болғанда ғана біздің өнер өрге жүзеді.

Әміредей әншінің қазір қазақта жоқ болуының себебі неде? Әлде әншілеріміз талантын әрі қарай шыңдай алмай жүр ме?

Айналып келгенде оның барлығы біздегі оқу жүйесінің дұрыс болмауынан деп ойлаймын. Бізге мамандар жетіспейді. Ұстаздарымыз қағазбасты. Менің өзім де сабақ бердім. Ұялғандықтан ғана сенбі, жексенбі күндерімді шәкірттеріме арнайтынмын. Басқа күндердің бәрінде жұмыс уақытында қағаз толтырумен айналысасың. Арым жібермей, амалдың жоқтығынан «Шәкірт менің класыма өзі таңдап түсіп тұрған соң, оның тағдырымен неліктен ойнауым керек? Оның келешегіне жауаптымын ғой. Оның әншілігін шыңдамасам, әнді дұрыс үйретпесем нем ұстаз?» деген оймен демалысымды арнадым. Әйтпесе, ол шәкірт ертең мүгедек болып қалады. Қол-аяқтың кемістігі ғана емес, әншілікте дауыстың кемтарлығы да мүгедектікке жатады. Қағазбастылық, көзбояушылықтан құтылмайынша таза өнерге жете алмаймыз. Құдай берген табиғи таланты барларды қолдағанның орнына тұншықтыратынымыз және бар. Осындай нәрселер өнерге кері әсерін тигізеді. Одан өнер өспейді. Әйтеуір өлместің күнін көріп ырду-дырдумен жүре береді. Айқайлағанның бәрі әнші болады, ол айқайдың есекте де бар екенін білмейді. Жәнібек Кәрменовтің «Өнерпаз өрелі болса, оның өнері нәрлі болады» деген керемет сөзі бар. Қазіргі орындалып жатқан әндерден әншілердің өнерін де, өресін де байқауға болады. Сондай нәрсіз дүниеден сусындап жатқан халық та азып бара жатыр. Жақсы әнші мен жаман әншіні айыра алмай қалды. Халыққа не болса соны тыңдата бермей, қатаң жүйе орнату керек.

Жоғарыда мықты әнші болып қалыптасу үшін «оқу жүйесі дұрыс болуы керек, оларды дайындайтын мамандар керек» дедіңіз. Бірақ кезіндегі Біржан сал, Ақан серілер де, кешегі Әмірелер де еш жерден оқыған жоқ қой, музыкалық білім алмады...

Әміре Парижде ән салып жатқан кезде сондағылар Мұстафа Шоқайдан: «Бұл әнші қай елдің консерваториясын бітірген?» – деп сұрайды екен. Сонда Шоқай: «Даланың консерваториясын бітірген» деп жауап беріпті. Даламызда әншілік мектеп болған. Біз Кеңес үкіметі кезінде сол мектептен айырылып қалып отырмыз.

Ол қандай мектеп?

Үлкен өнерпаздардың алдын көру, олардың разылығына қол жеткізіп, батасын алу. Қазақ ұғымында бата маңызды рөл ойнаған. Үлкен өнерпаздар кез-келген адамға батасын бере салмаған. Тоқаның батасын алуға анау Қаратаудан Сүгір Арқаға келеді. Соның өзінде Сүгір бойындағы барын сарқып көрсетіп, күш-жігерін сарп еткенде ғана Тоқа әрең дегенде разылығын берген. Біржан салдың Сегіз серіден бата алуы, Біржан салдан Үкілі Ыбырайдың бата алуы, Әміренің Үкілі Ыбырайдан, Жаяу Мұсадан бата алуы жайдан-жай дүние емес. Бата өнерпазға шын риза болғанда ғана: «Айналайын, болайын деп тұрған бала екенсің. Бағың жансын, разымын саған», – деп беріледі. Өнердің не екенін жақсы білетін өнерпаз алдына келген шәкірттің өнерін көргеннен кейін, әнін тыңдаған соң кемшілігін айтып, түсіндіріп, оған тағлым берген. Сұрапыл әнші Әсет Найманбайұлы: Бозбала, осы әнімді үйренерсің,

Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің.

Білмесең сыр мінезін текті өнердің,

Домбыра қайдан жорға күйге келсін?

Асау ән жетегіңе жүрмеген соң,

Біріңнен-бірің көріп, сүйрелерсің.

Боршалап, іреп, сойып өз бетіңмен

Тоқпақтап, найза сұғып түйрелерсің.

Әнімді үйренгенің үйренерсің,

«Өтті» деп «қайран Әсет» күңіренерсің, – дейді. Бұл жерде Әсет бір-екі ауыз сөзбен өнердің «тектілігін» сипаттап тұр. «Оның қыр-сырына үңілмесең, сенен ештеңе шықпайды» дегені. Ақан сері: «Бозбала, әнге салсаң – қайғың кемір» дейді. Ал Шәкәрім:

Ұйқасты,
Сипатты
Ішкі сырлы жырыңды әнге қос,
Сөзі – жан,
Әні – тән,
Жарасымды болса, тыңдар оны дос, –
деп жырлайды. Әннің сөзі – оның жаны, ал әні – тәні. Осы екеуі үйлескенде ғана жанды дүние болады. Бұрынғы әншілер осыған мән берген. Тұрсынжан Шапай атты сыншы ағамызбен бір әңгімелесіп отырғанда ол кісі: «Бұрын жоғарғы дыбысты алу үшін әншілерге ұстаздары ішіне ағаш тіреп қойып айқайлатады екен» деген еді. Менің әкем де қазақ даласында дауысты шығару үшін осындай әдістің болғанын айтатын. Демек, біздің қазақ даласында әншілік мектеп болған. Дыбыс шығару, домбыраның қағысы секілді дүниелер үйретілген. Ұстаздың жанында жүрген оның бүкіл дүниесін сіңіріп, бар өнерін үйренеді. Ол да – дәстүр. Қазір біз осы мектептен айырылып қалдық. Еуропаның мектебіне бейімделіп, басыбайлы солай қарай кетіп бара жатырмыз. Ұлттық өнерімізге көңіл бөлу қалды. Керсінеше, ұлттық құндылығымызды қадірлеуіміз керек емес пе?! Шетелге барғанда талай рет ұлттық өнерімізге бағаның асқанын байқадым. Оған талай рет өзге елдің сахнасында ән салған мен куә болдым. Италияны операмен таңғалдыра алмайсың. Олардан Карузо, Павороттилар өтті. Америкаға барып Майкл Джексон сияқты шоумен бола алмайсың. Өйткені, сен – қазақсың. Ол жаққа барғанда сені қадірлемейді де. Олар Майкл Джексонды тыңдап үйренген. Бірақ олар Әміре Қашаубаевты тыңдаған жоқ, Жәнібек Кәрменовтің үнін естіген жоқ. Дәстүрлі киімімізді киіп, домбырамызды қолымызға алып, шетел сахнасына шыға қалсақ, олар бізді таңсық көреді. Біздің ән, күй өте сұлу, иірімге де, қайырымға да бай. Орындаушы мықты болса болғаны. Өзіміздің елде қатардағы біреу болып, шетелге шыққанда жұлдыз болатынымыз сондықтан. Біздің өнер кезінде, Өзбекәлі Жәнібеков, Темірбек Жүргенов, Еркеғали Рахмадиев секілді мықты-мықты азаматтар министр болып тұрғанда дамыды. Ал қазір ондай тұлғалар жоқ, бәрі сатулы заман. Ақшаң болса, атақты да сатып аласың.

Сіздің ән шығаратын өнеріңіз бар екенін жаңа біліп отырмын. Бұл нешінші әніңіз? Алғашқы әніңіз қашан туған еді?

Біраз әндерім бар. Бірақ оны жариялағанды онша ұната бермеймін. Кейін шыға жатар. Менің артымнан жоқтаушы біреу шығар, оған да бірдеңе қалсын.

– Ерлан аға, алғаш көлік алғанымда бауырым сіздің ән топтамаңызды сыйға тартты. Содан көлік жүргізген үш жылда ол менің көлігімнің сәні болды десем артық айтқандық емес. Үш дисктен құралған ол топтамада қателеспесем, 60-қа жуық ән болды ғой деймін. Әрі онда кірмей қалған әндеріңіз қаншама. Кей әншілеріміздің репертуары жұтаңдау келеді ғой. Мұншама әнді сіз қайдан тауып алғансыз?

Консерваторияны бітірген күйшілердің өзі кемі 100 күй білуі керек. Әншілер 200-ге дейін ән білуі қажет. Менің репертуарымда консерваторияда оқып жүргеннің өзінде 500-дей ән болған. Ұнатып қалған әнім болса, бір күнде жаттап, бір күнде репертуарыма қосып аламын. Ертеңіне сахнаға шығып айтып бере саламын.

– Сіздің орындауыңыздағы Абайдың, Біржан сал, Ақан серінің, Қасымның әндерінің орны бөлек десек те, «Молдабайдың әні» туралы ерекше сұрай кеткім келіп тұр. Өйткені осы әнді сіз секілді нақышына келтіріп орындайтын әнші кемде-кем. Бұл ән репертуарыңызға қалай қосылды?

Замандастарымның арасынан да, шәкірттерімнен де бұл әнді орындап жүрген әншілер көп. Бірақ солардың ішінен бұл әнге қатысты бақты Құдай маған берген шығар. Дәл осы «Молдабайдың әні» арқылы танылдым. Алғаш орындаған «Ақ сиса», «Бозқараған» секілді әндер де болды. Студенттік кезімде ұлттық музыканы тыңдайтын ортада осы әндермен өзімді мойындата бастадым. Бірақ «Молдабай» күні-бүгінге дейін қалмай келе жатыр. Қай жерге барсам да, осы әнді сұрап жатады. Еш қиындықсыз орындап беремін. Бұл ән маған әбден сіңген. Басқа әндерді сұраса оларға кішкене дайындық керек болып жатады. Алғаш бұл әнді Әли Құрманов атамыздың орындауында таспадан тыңдап, қатты ұнаттым. Ол кісі өзгеше орындайды. Сосын студент кезімізде Бекболат Тілеухан аға орындады. Солай Әли Құрманов пен Бекболат ағаның ортасындағы дүниені алып, «Молдабайдың әнін» репертуарыма қосып алдым.

 – Өзіңіздің көптен намаз оқитыныңызды, әйеліңіздің басынан орамалын тастамайтынын білеміз. Ислам әлемінің есігі сізге қалай ашылды?

– Бір қызығы, мен – бала күнімнен Құдайға ғана құлшылық еткен адаммын. Біреулер амулет, енді біреулер тұмар тағып жүргенде, жақсылық болса, сәтсіздікке ұшырасам да, менің бала күнімнен көп айтатын сөзім «А, Құдай!» болатын. «А, Құдай! Өзің көмектес!», «А, Құдай! Өзің жар бола гөр!» деп жүретінмін. Бала болып бірдеңе бүлдіріп қойсам «А, Құдай! Әке-шешем ұрыспаса екен!» деп жалынатынмын. Ең қызығы, сол тілектерім орындалып жататын. Әке-шешем «Алла бар, осылай құлшылық жаса» деп айтқан емес. Тек жұма сайын Құранын оқытқызып, дастарханнан «әмин» деп тұрғызатын. «Бісмілләсіз» ісіміз басталмайтын. Нағашы атам Құранды, қисса-дастандарды жатқа білетін кісі еді. Үйіне барғанымда төсекте жатып алып, бір сүреден кейін екінші сүрені жатқа оқып жататын. Соның бәрі менің құлағымда. Діннен алшақ болған жоқпын, Құдайды біліп, сезіп өстім. Кейін консерваторияға түскеннен кейін түрткі болған – Бекболат аға. Ал шариғи білімімді жетілдіріп, оны толықтырып тұруға Абайдың өлеңдері мен қара сөздері себеп болды. Ақынның:

Мен жасымнан көп көрдім,
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қирағатын оқытып,
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді.
Намазшамның артынан
Құржаң-құржаң етеді.
Жер ұшық берген кісідей,
Тоңқаңдай ма, не етеді, –
деген бір молданы сынап тастайтын өлеңі бар ғой. Осы өлеңді оқып таңғалдым. Намазды қирағатына келтіріп, дұрыстап оқуымыз керек екен ғой деп ойладым. Абайдың сөздері ой салып отырды. Сосын:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас.

Аманту оқымаған кісі бар ма?
Уәкутубиһи дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға, –   д
ейді ғой, Абай. Осындағы «аманту», «кутубиһи» дегендердің не екенін білгім келді. Өлеңдердің соңындағы түсініктерінде «діни бірдеңе» деп қана жаза салады. Сөйтіп жүргенде консерваториядағы біраз жігіттер діни курстың ашылғанын естіп, күндізгі өз сабағымыз аяқталғаннан кейін кешке барып оқып тұрдық. Солай екі жыл білім алдық. Араб тілін танып, Құранды тәжуидпен оқуды үйрендім. Фиқһ, ақида, хадис сабақтары бойынша дәріс алдым. Шариғи білімімді арттыруыма осылай себепші болған – Абай өлеңдері. Қазір де негізінен Абайды оқимын. Әр оқыған сайын жаңа қырынан түсінгендей боламын.

Аға, жасыратыны жоқ, сіздің көптеген замандастарыңыз түрлі ағымның жетегінде кетті. Араларында ән айтпай, музыкаға жоламай кеткендері де болды. Сізді бұл теріс жолдардан аман алып қалған қандай күш?

Әртүрлі жамағаттарға қосылып, зікір салып кеткендер, сүннетті алып тастап, Құранмен жүріп кеткендер, группаластарымның арасында шиизмге кіріп кеткендер де болды. Осыдан қалай аман қалғаныма өзім де таңғаламын. Аман қалуым – Алла тағаланың маған берген нығметі болар. Өйткені мен жай жүрген кездің өзінде де ішімнен Фатиха сүресін оқып жүретінмін. Дәретсіз болсам да, дұға ретінде іштей қайталай беретінмін. Соңында: «Ей, Алла! Осы сүренің ішінде бәрі бар ғой. Дұғамды қабыл ет», – дейтінмін. Мен адамдармен көп сөйлесе бермейтін тұйық жанмын. Көпшілікпен кездескен уақытта біреулер қал-жағдайды сұрасып, әңгімелесіп жатады. Сондай кездері мен ішімнен «Фатихамды» оқып отыра беремін. Сұраған сұраққа ғана жауап беріп қоямын. Іштей Құдайымды есіме алып, Оған тәсбих айтумен боламын. Киінгенде де, көлікке отырғанда да дұғам жанымда жүреді. «СубханАллаһ уа бмхәмдик» деген дұғаны күніне 100 рет айтқан адамның күнәсі теңіздің көпіршігіндей болса да кешіріледі» дейді ғой. Соны нақты «100 рет» деп санамасам да тоқтаусыз айта беремін. Кәлимаға да тілімді қайта-қайта келтіре жүремін. Абай «Ақылды адамға иман – парыз, Иманды адамға құлшылық – парыз» деген ғой. Бәріміздің өлетініміз анық. Хан бол, патша бол, бүкіл әлемді биле, бәрібір өлесің. Мықты әнші бол, дүлдүл бол, бұлбұл бол, бәрібір өлесің. Бірақ көкейде «Қандай өліммен өлесің? Қай жерде, қандай кейіпте өлесің?» деген сұрақ тұрады. Өлетін болғаннан кейін өлімге дайын жүруіміз керек. Құдайсыз адам өлімнен қорқады. Құдайға сенген адам өлімнен қорықпайды. «Өлімнен қорықпайды» деп оларды террористермен шатастыруға болмайды. Террористердікі – мұсылмандық емес, таза дұшпандық, хайуандық. Ал шын мұсылман ондай әрекеттерге бармайды. Өлім – бір өмірден екінші өмірге өтетін есік. Өмірің де, өлімің де елге үлгі болуы үшін үнемі жақсылыққа талпынып, Алланы еске алып жүру керек. Іштей еске алу керек. Мұсылман екеніңді, намаз оқитыныңды айтып, айғайлап жүрудің қажеті жоқ. Өйткені намазды өзің үшін оқып жүрсің. «Елім, жұртым аман болсын» деп оқып жүргендер жоқ шығар, бар болса да аз шығар. «Бәленбай дүркін қажы болдым» дейтіндердікі тіпті атаққұмарлық.

Атаққұмар жандардың аз болмайды әлегі.

Құдай басқа бермесін, ондай кесел-пәлені.

Ат шығару жолында, арын аттап, ант бұзған.

Жазылмас бұл ауруға кімнің қандай бар емі?

Ой-өресі өредей қыр аспайтын қырттар-ай...  

Перғауын мен пайғамбар болудан да дәмелі, – дейді марқұм Жарылқасын Аманұлы деген ақын ағамыз. Атаққұмар адамдардың ісі сондай болады. Діни тұрғыда айтқанда мұның барлығы – «рия». Адамның мұсылмандығы тілінде емес, ісінде көрініс табуы керек. Өзімді «мұсылманмын» деп ауыз толтырып айта алмаймын. Мен – мұсылман болғысы келіп жүрген адаммын. «Мұсылман болу – әсте-әсте, кәпір болу – бір пәсте» деп бекер айтылмайды. Нағыз мұсылман болу – қиынның-қиыны. Мұсылмандықтың барлық шарты өмірімізден көрініс тапқанда армансыз өле беруге болады. Кеше ғана бір сайттан оқып қалдым. Бір мешіттің азаншысы таң намазының азанын шақырыпты да, өмірден өтіп жүре беріпті. «Әшхәду ә лә иләһә иллә Алла» дегенді айтқан күйі жан тапсырған не деген бақытты адам. Өліп бара жатып соңғы сөзіміз: «Құдай-ау, пәтердің ақшасын қашан төлеймін?» болмаса екен деп тілейміз. «Лә иләһә иллә Алла, Мұхамадур РасулАлла» деген сөзді айтып өлсең рахат қой. Онда жәннаттық болғаның. Сондай өлімді армандау керек. Ондай өлімге жету үшін іштей кәлимәні күніне пәленбай қайтара айту керек. Несіпбек Айтұлы ағамыздың «Сөзіңнің сыйқы түзелмей, Көзіңнің жасы құрғай ма?» деген сөзі бар ғой. Тіл деген шөміш сияқты, ішкі жан-дүниеңде не жатса, сол сыртқа шығады. Әзірейіл келіп алқымнан алған кезде аузыңнан жаман сөз шықса, құрдымға кеткенің. Сенің оқыған намазың, алған білімің, елдің қошеметіне бөленгенің түкке татымай қалады.

Дініміздің елімізде кеңінен қанат жаюына әр адам өз шама-шарқынша үлес қосатыны белгілі. Сіздің әндеріңізде бұл тақырып қаншалықты жиі көтеріліп отырады?

Қазақтың классикалық әндерінде, халық әндерінде, халық композиторларының әндерінде адамның дүниетанымын кеңейтетін, жаныңды жадырататын, рухани байытатын, ойлы, терең философиялық әндер көп. Мысалы: «Дүние, өткенің бе, екі-ай келмей» деп бір ауыз сөзбен мына өмірдің жалғандығын айтып тұр. Немесе «Жиырма бес қайта айналып маған келмес» дейді.

Дүние тұманданған, мұнарланған,

Білмеймін, кім алдаған, кім арбаған?!

Дөңгелеп, дөңгеленген арбасынан,

Қайтеді, лақтыра ма, мына жалған?!

Дүние қудым сені, жалықпай-ақ,

Судағы ұстатпадың балықтай-ақ, – делінеді. Не деген керемет! Бұл –дүниенің қуып жүріп, Құдайымды ұмытып кеттім ғой дегені.

Алданған дүниенің қызығына,

Көз жұмдың пақыр Әсет бітті-ау демің, – дейді Әсет ақын. Бұлбұл әншінің өзі осылай деп отыр. Кемпірбайдың Әсетпен қоштасып бара жатқанда:

Әсетжан, осы аурудан өлем, білем,

Алланың аманатын берем, білем, – деген сөзі бар. Аманат – жан ғой. Осы сөздердің өзі қаншама ғибратқа толы. Ол өнеге Сегіз серінің, Біржан салдың, Ақан серінің әндерінде де бар. Біржан салдың «Айбозын» айтайық:

Бақ-дәулет кейін қалар келді кезің,

Құдайым, күнәмді кеш, жалғыз Өзің!

Өзіммен теңдес құрбым болмаған соң,

Өтеді енді кімге айтқан сөзім? – дейді. Біржан «Өзіммен сырласатын адам жоқ, Құдаймен сырласпағанда кіммен сырласамын?» деп тұр. Байғұс Біржан! Алты алашты аузына қаратқан Біржанның өзі солай дейді.

Ұлыңыз Қанапияның тілі әлі шыға қоймаған көрінеді. Ал қыздарыңыз Ләйлім мен Хабибаның Құран аяттарына да, Абайдың өлеңдеріне де жүйріктігін байқап отырмын. Бала тәрбиесіне кім көбірек көңіл бөледі, сіз бе, анасы ма?

Екеуміз екі жақтан ат салысып жүрген дүние ғой. Оларды отырғызып қойып «Былай жатта» деп айтпаймыз. Өзіміз үйде жатқа айтамыз, көлікке отырғанда аудиосын қосып қоямыз. Балалар жанымызда отырады, содан құлақтарында қалған ғой. Қазір көлігімізде Құранның 30-шы парасы қосулы тұр. Оны өшірмейміз, ауыстырмаймыз да. Ләйлім содан ұнатқан сүресін қайталатып қойдыра береді. Үш-төрт рет қайталанғаннан кейін жаттап алып, бізге айтып береді. Кішкентай қыз да үлкенге еліктеп, жаттап алып жүр. Өзім Құранды толық жаттай алмадым, жаттауға тырысып жүрмін. Ал балалардың басы бос, милары тап-таза. Осындай кездерінде жаттап алса, өле-өлгенше жадында қалады ғой. Жадыра екеуміздің балаларымыз Құран мен Абай өлеңдерін жатқа білсе деген арманымыз бар. Абайдың өлеңі болғанда да ғашықтығын емес, философиялық тұрғыда жазылған өлеңдерін жаттаса дейміз. Мысалы:

Адам бір боқ, көтерген боқтың қабы,

Одан сасық боласың өлсең-дағы,

Менімен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі ол баяғы, – немесе:

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар, өмірде одан басқа?! – деген секілді ойлы өлеңдері балаларымыздың аузында жүрсе екен дейміз.

Тұрақты сұрағымыз, islam.kz порталына лебізіңіз:

– Қашан да еліміздің төрт қабырғасы тең, бауыры бүтін болсын. Алла Тағала сіздердің атқарып жатқан әр істеріңізге қайыр, береке берсін. Әр қазақтың шаңырағында бақытқа толы күндер көп болсын. Алла бәрімізге иман берсін, жанымызды иманмен алсын! Тауфиқ, хидаят берсін! Небір ірілер сыйған жерге тірілер менмендікке салынбай береке-бірлігі жарасып сыя берсін. Ынтымағымызға берік болайық.

0 пікір