Еркінбек Шоқай: "Мен қалай Құранды толық жаттап алдым?"
Еркінбек Шоқай: "Мен қалай Құранды толық жаттап алдым?"
6 жыл бұрын 11007 aikyn.kz
Жадыра АҚҚАЙЫР

Мұсылман қауым отыз күн оразадан соң, берекелі мереке – Ораза айтты тойлайды. Бұл –  парызын өтеген мүміннің шүкірі іспеттес. Құран айымен қоштасар тұста еліміздегі белгілі қари, Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқаймен сұхбаттасқан едік. Кейіпкеріміз қари болудың қыр-сырымен бөлісіп қана қоймай, бірқатар кеңестерін де атап өтті.

Алғашқы Құран сабағы мен бірінші ауызашар 

Бесінші сыныпта оқитын кезім. 1992 жылдың көктемі әлде күзі болатын. Тәуелсіздік алып, мемлекет дінге рұқсат берген шақ. Осыған орай, халық та дінге бет бұра бастаған еді. Ауылға молдалар тағайындалып жатты. Сөйтіп бір күні имам мектепке келді. «Сендерге құран, араб тілін үйретейін. Қаласаңдар, жазылыңдар» деп хабарландыру жасап, азғантай соманы атады. Құран мен үшін жаңа дүние болды. Қатты қызықтым. Балалық көрсеқұмарлық та болса керек. Үйге барып, осы ниетімді ата-анама айттым. Ол кісілердің діннен аса хабары жоқ-тын. Қарсы болды. Дегенмен, жалынып тұрып рұқсатын алдым. Сөйтіп, алғашқы сабақтарға қатыса бастадым. Барсам, әріптер біздікінен өзгеше: оң жақтан бастап жазылады екен. Бала деген өзі жаңа дүниеге құмар келеді. Мысалы, үйдегі ескі ойыншықтардан гөрі жаңасымен ойнағанды құп көреді. Сол сияқты, Құран үйренуде де сондай құбылыс байқалды. Мектепте үздік оқыдым, жаттау қабілетім де жақсы еді. Алғашқы сыныптарда төрт жолдан тұратын тақпақты қолға ұстатқан бойда жаттап алатынмын. Әріптерді, кәлиманы жаттау қиынға соқпады. Жалпы араб тілін үйренуде қиналмадым. Одан қала берді жарысып оқитынбыз. Қай жерде де бірінші болуды көздейтін мен екінші болып қалмауды мақсат ететінмін. Бір сүрені жаттаған соң, келесісіне көшуге құштар болып тұратынбыз.

Өміріме үлкен серпіліс сыйлаған жағдайды баяндап берейін. Рамазан айында жайылатын ауызашар дастарханы қашанда ерекше. Әдеттегіден өзгеше, берекелі болады. Сол жылдары ауылда әр үй ауызашарға шақырып, жақсы үрдіс қалыптасты. Әсерлі әңгіме айтатын, үлгі болатын қариялар отырыстың көркін қыздырады. Бәрі бірігіп, ақшам намазын оқиды. Іле-шала бірінші тамақ ішіп, артынша құптан, тарауық оқылады. Одан кейін тағы дастарханға жайғасып, шәй ішеді. Осылайша түнгі бірлер шамасында тарқайды. Бір күні ауылдың молдасы, Шынбол ұстазымыз ауызашарға ертіп барды. Ол уақытта Құран үйреніп жүргенімізбен, әлі намаз бастамаған едік. Үздік оқып, курсты тастамай келіп жүргеніміз үшін жасалған сый деп қабылдадық. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы жағдай бәріне белгілі. Көл-көсір жайылған дастарханнан дәм күнде бұйыра бермейді. Балаға бұдан артық не керек? Шақырған үй алдымызға бар тәттісін ұсынады. Ақсақалдар арқамыздан қағып, «молда бала» деп атайды. Бізге бұл ұнап қалды. Артынша намаз бастадық. Алғаш рет тарауыққа тұрған кезімізді есіме алсам, күлкім келеді әрі ұяламын. Ауызашарға үш-төрт бала бардық. Әрі тұрмыз, бері тұрмыз намаздың бітетін түрі жоқ. Жан-жағымызға қараймыз, ішіміз пысып кетіп, күлеміз. Біреуіміз сәждеге барсақ, келесіміз ақырын ғана теуіп жібереміз. Мұнымыз үшін кейін ұстаздан үлкен ұрыс естідік. Есесіне, ертеңіне тәртіпке бағына бастадық. Мінеки, менің намазға келуіме қасиетті Рамазан айындағы отырыс себеп болды.

         Ауылдан қашу операциясы 

Қарилық жайлы ол кезде ойламадым. Мұндай ой мектепті бітірер шақта келді. Ер балалар ішінде үздік бітірген жалғыз мен болдым. Әрине, ата-анам, ұстаздарым мені дұрыс оқуға түседі деп жоспарлап жүрген. Араб тілін ескі, төте деп санайтын. Дінді оқитын болса, қайда жұмыс істейді деп уайымдады. «Бұл бала журналист, философ болуы тиіс» дейтін. Сөйтіп бір күні Шынбол ұстаз жоспарым жайлы сұрады. Саясат, тарих, журналистика салаларының ішінен қайсысын таңдарымды білмей жүргенімді айттым. Курсымыз тоқтап қалса да, ұстазымыздың үйіне барып, сабақ тапсырып жүретінмін. Содан ұстазым Шымкенттегі медресеге түсуге кеңес берді. Үздік оқысам, Араб еліне барып, білім шыңдауыма болатынын тағы айтты. Осыдан кейін ойым өзгерді. Үйге келіп, жоспарыммен бөлістім. Курсқа сұранған кезден он есе артық жалындым. Айналамның бәрі қарсы шықты. Бұл ойымды құптаған жалғыз кісі – әкемнің інісі. Туыстарымды көндіре алмай жүргенімде ол қаладан қара шаңыраққа сәлем бере келген еді. Кетерінде оған ойымды жеткіздім. «Егер ауылдан қашып барсам, мені қолдайсыз ба?» деп сұрақты төтесінен қойдым. Ағам сөзге келместен келісті. Енді қалаға қашу операциясының жоспарын жасауға кірістік. Әлбетте, мұндай әдіс істеуге кеңес бермеймін. Бірақ бастан өткен жағдай осындай болды. Ініме әке-шешеме арналған сәлем хат қалдырдым. Заттарымды жинап, дорбаға салдым. Жоспар бойынша, мен көше жаққа ақырын шығып, інім шарбақтан сөмкемді беруі тиіс. Хатты мен автобусқа мініп, ауылдан біршама асып кетпейінше бермейміз деп келістік. Өйткені ерте беріп қойса, соңымнан қуып жетуі мүмкін еді. Осылайша, операция сәтті жүзеге асты. Қалаға ағамның үйіне барып, медресеге тапсырдық. Алғашында ашуланған ата-анам уақыт өте келе көнді. Жаздың ортасы болатын. Сабақ әлі басталған жоқ. Үйдегілер қыркүйек болмай тұрып келіп, баталарын алып кетуімді сұрады. «Ақыры таңдаған жолың осы екен, аман бол» деп рұқсаттарын берді. Үйден қашып шықсам да, ата-анамның разылығынсыз сабақ бастамадым. Оқуға бәрінің ақ батасын алған соң ғана кірістім.

Кумирім – Кәмілжан қари

Адам бойында біреуге еліктеу деген қасиет бар. Меніңше, біз балаларды мықты адамға қызықтыра білуіміз керек секілді. Мұсылман үшін, бірінші кезекте үлгі тұтар тұлға – Пайғамбарымыз (с.а.у.). Медресеге алғаш түскенімде Кәмілжан қари есімді ұстазымыз Құраннан сабақ берді. Ұлты – өзбек. Өзі Құранды толық жаттаған кісі еді. Бірте-бірте оның бойындағы көп қасиеттер үлгі аларлықтай екенін байқай бастадым. Сабақ үстінде анда-санда «мені сынап көріңдер. Құранның кез келген бетін ашсаңдар да, айтып бере аламын» деп кішігірім «шоу» жасап беретін. Сонымен бірге жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, киім киісі керемет болатын. Осылайша ол кісі кумирімізге айналды. Тарауықта халықтың алдына шығып, имамдық етсем, Құранды толық хатым қылсам деп армандадым. Қарилыққа деген қызығушылық тіптен еселене түсті. Бір жылдық медресені тәмамдаған соң, ұстазым қарилар дайындайтын оқуға жіберді. «Қазақтан шыққан қарилар өте аз. Сенің қабілетің бар. Сол жерден білім ал» деді. Күткенім де сол еді. Қуана келістім. Сол жерде жүріп Құранды толық жаттауды Алла нәсіп етті.

         Қаридан құнды кеңестер 
  • Құранның бір ерекшелігі – ұстаздың аузынан алынатынында. Кітаптан оқып алып, үйреніп кететін ілім емес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Құранды қалай оқыған болса, солай оқуға міндеттіміз. Мұны «иджаза» деп атайды. Бұл не үшін сақталды? Өйткені Пайғамбарымыздың (с.а.у.) оқыған үлгісі қияметке дейін жалғасуы тиіс. Әріптердің дыбысталуы, қай жерде созу керек, қай жерде тоқтауға болады, қай жерде болмайды деген сынды көптеген мәселелер бар. Одан қалса, «дамма», «кәсра», «фатха» қалай болады, тақлил қалай оқылады деген сынды сансыз сауалдар бар. Оны жәй ғана тәжуид кітаптары (дыбыстардың дұрыс айтылуын қадағалайтын ережелерге сүйене отырып, Құранның дұрыс оқылуын үйрететін ғылым – авт.) арқылы үйрене алмаймыз. Басқа ілімдерде өздігімен, кітапты оқып, түсініп кетуге болады. Бірақ Құранның жөні бөлек. Оны тек ұстаздың көмегімен меңгереміз. Бірінші кезекте, жақсы ұстаз табыңыз.
  • Ұстаз таңдаған соң, оған күнделікті сабақ тапсырып отыру қажет. Бүгінде көп мешіттерде құран сабағы өтеді. Сондықтан бұл орайда аса қиындық тумауы тиіс.
  • Құранды онлайн үйренуге болады. Бірақ толығымен оған сүйене алмайсыз. Монитордың ар жағындағы ұстаз сізге ақпарат бергенімен, сіздің қалай үйреніп жатқаныңызды қадағалай алмайды. Оның айтқанын түсінесіз, қабылдайсыз. Бірақ өздігіңізбен жүзеге асырасыз. Яғни қатеңізді білмейсіз. Көзбе-көз үйренудің басым тұсы да – осында.
  • Үйрететін адамның кім екені өте маңызды. Таңдағанда сенімді, ҚМДБ-ның аттестациясынан өткен, арнайы дипломы болуы тиіс. Көрінген адамнан үйренуге болмайды. Соның салдарынан зардап шегуіңіз мүмкін. Мысалы, мұхиттың ар жағындағы шейхтардың уағыздарын тыңдап, қанша бауырларымыз адасып жатыр.
  • Құран үйренуге ниеті бар адам өзін барынша тазалауы керек. Қалай болса солай отырып, бетін ашып оқи беруге болмайды. Бой дәретінің болуы шарт. Құранды Алланың нұры десек, ол күнәһар немесе таза емес адамға қонбайды. Егер дәретіңіз бен Құранға деген құрметіңіз болмаса, бәрі бекер.
  • Қасиетті кітапты кіндіктен жоғары ұстап, құбылаға қарап отырып оқу қажет.
  • Даусы әдемі қарилардың аудиожазбаларын тыңдаңыз. Олардың өмірбаянымен танысыңыз. Қалай қари болғанын біліңіз. Олар айтқан кеңестерге құлақ түріңіз.
  • Адам бейнеттенетін болса, алмайтын қамалы жоқ. Құранды жаттап, хатым қылып жатқан мұсылмандардың саны аз емес. Демек, біреудің қолынан келген істі келесі адам жасай алады деген сөз. Өзіңізді дайындаңыз. Үйренуге ниет етіңіз.
  • Қай тірлікті болсын бастағанда оңай болмайды. Істің көзін тапқан соң әрі қарай жүгі жеңілдей түседі. Құран жаттауда да солай. Алғашында қиын болады. Зейін ашылмайынша, бір жолға түспегенше, жаттаудың әдістерін таппайынша қиналасыз. Бірақ 2-3 парадан (бөліктен) соң бір соқпаққа түсесіз. Көзін тапқанша шыдаңыз.
  • Жас шыбықты қалай исеңіз, солай иіледі. Сол сияқты білімнің барлық түрін жастайынан бастаған жеңілмейді. Сонымен бірге адамның жасы ұлғайған сайын өмірінде мәселе, ақпарат көбейе түседі. Сәйкесінше, жаттау қабілеті өзімен бірге қартаяды. Ол – табиғи үдеріс. Сондықтан Құран үйренуді жас күнінде бастаған жөн. Жас күнінде жасалған құлшылықтардың қабыл болу ықтималы көбірек.
  • Есте сақтау қабілеті – Алла Тағаланың берген нығметі. Адам неғұрлым көп оқыған сайын ол қабілет арта түседі. Сондықтан, Құранды көбірек оқуға дағдыланыңыз.
  • Мейізді көбірек жеңіз. Ол жадыңызды жақсартады. Өз басым мейіз қосып шәй ішкенді жақсы көремін. Сонымен бірге тәтті тағамдардың да есте сақтау қабілетін арттыратын қасиеті бар.
  • Дұғалардың түр-түрі бар. Көлікке мінгенде, жаңбыр жауғанда, дәретханаға кіргенде деген сынды түрлі жағдайларда оқылады. Ол – мұсылманнан қаруы. Үнемі іштей дұға етуді әдетке айналдырсаңыз, Жаратқанмен тікелей байланыстың орнауына негіз болады. Алланың аты аталған жерде шайтан болмайды. Иман күшейтіп, нәпсіні сындырудың бір әдісі – осы.
Қари қай сәттерде қиналды?

Маған ең қиын болған беттер – «Нұр» сүресіндегі әйелдерге байланысты аяттар. Араб тілінде ер кісілердің есімдігі оңай дыбысталады. Мысалы, «олар» – «һум». Салыстыру үшін мынаны қараңыз: Кул-лил-Му-минина йагудду мин абсарихим уа йахфазу фуружахум. Мағынасы – Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. («Нұр» сүресі, 30-аят). Енді тура осы аяттан кейін әйелдерге байланысты аят келеді. Дыбысталуын қараңыз: Уа кул-лил-Му-минати йагдудна мин абсарихинна уа йахфазна фуружахунна. Мағынасы – Мүмін әйелдерге де айт: (Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын («Нұр» сүресі, 31-аят). Көрдіңіз бе? Дыбыстау сәл күрделірек. Осы аяттарды жаттағанда біраз қиналдым.

Құран жаттау жүйесі

Құран үйренудің Орта Азиядағы негізгі тәсілдерінің бірі – санақ. Ұстаздарымыз көбіне осы әдіске жүгінеді. Бірден көп жаттауға қызықпаңыз. Қабілеті жақсы адамдар болады, бір күнде көп жаттайды. Бірақ тез жатталғанымен, көп оқылмаған Құран болашақта тез ұмытылып кетеді. Мысалы, күніне он бет жаттағандарды білемін. Яғни, бес-алты мәрте оқып, жаттап алып сол бойда жатқа айтып тапсырады. Десе де, келесіде сол жаттағанын ұмытып қалады. Яғни, әр жаттаған сайын жаңадан оқығандай болады. Егер күніне он беттен емес, екі беттен жаттаса қалай болады? Бірақ соны 200-300 рет қайталап оқыған болса, есінде жақсы қалады. Еске түсірерде еш қиналмайды. Құранды қаншалық көп оқысаңыз, есте жақсы сақтайсыз. 5-6 рет қана оқып, жаттап тапсырудың бір жаманы – 600 бет Құранның сол жеріне қайта келгенде ойыңыздан шығып кетеді. Сонымен бірге, тым көп бет жаттасаңыз, зорығып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан мынадай тәсілді ұстануға кеңес берем: екі бет жаттаңыз да, соны 200 рет қайталаңыз. Жақсылап жаттаған соң, ұстазға тапсырасыз. Құранды толық жаттаған соң, тағы бір мәрте айналдырасыз. Бірақ бұл жолы екі бет емес, төрт беттен оқисыз да, санақты 150-ге азайтасыз. Келесі қайталағанда 130 мәрте оқисыз да, беттің санын беске көбейтесіз. Бұдан кейін санақты 100 рет қылып, алты беттен оқисыз. Одан кейін сегіз беттен оқып, 70 рет қайталайсыз. Келесісінде санақты 50-ге түсіріп, бетті он қыласыз. Осылайша, уақыт қысқара береді. Мысалы, Құран оқуда алғашқысында бір жылда бітірген болсаңыз, екіншісін жеті айда, кейінгісін бес айда бітіруіңіз мүмкін. Яғни, Құранды толық оқып шығып, хатым етесіз. Бара-бара күніге екі парадан оқып, он мәрте оқисыз. Осылайша, 15 күнде хатым қыласыз. Соңында 5 параға көтересіз. Бұл – біздің жүйедегі шың. Бас-аяғы алты күнде толық оқып шығасыз. Осылайша, ұстазыңыздың алдында екі жарым-үш сағаттай отырып, тапсырып бересіз. Сәтті өтсеңіз, «Ал, мінеки, қари болдың» деген батасын аласыз. Осы жүйе бойынша жаттасаңыз, санақтың жалпы саны 1000 мәртеден асады. Бұл – Құранның құдіреті. Бұдан басқа ешқандай кітапты мұнша рет оқу мүмкін емес.

 

0 пікір