Белгілі бір жобаны соңына дейін жеткізу, шет тілін үйрену курсын жарты жолда тастап кетпей, оқып бітіру, артық салмақтан арылу, кәсіби шеберлікті арттыру, жаңа жетістіктерге қол жеткізу бізден ерік күшін талап етеді. Бірақ қайтсек ерік күшін арттырамыз? Ол үшін нақты не істеуіміз керек? Осы сұрақтарға мақаламызда жауап іздеп көрдік.
Ең әуелі, ерік күшінің табиғатын айқындап алайық. Ерік күші – адам баласы бойында жетілдіруі мүмкін ең үлкен қасиеттердің бірі. Ерік күшінің арқасында жасауыңыз маңызды болған істі жүзеге асырасыз, жасамауыңыз керек болған істен бас тартасыз. Ерік күшін арттырудың ең оңтайлы жолы – оны қолдануды әдетке айналдыру. Неге? Себебі, ерік күшін қолдану автоматты түрде жүзеге асса, көп энергия үнемдеуге болады. Әдет – аса көп күш жұмсауды талап етпейтін күнделікті қайталанатын іс. Үнемделген энергияны жеке дамуыңызға жұмсап, көп жұмысты бітіре аласыз.
Ерік күші арттыру тақырыбында көптеген еңбектер жазылды. Солардың ішінен іріктеп, өміріңізге өзгеріс енгізуі мүмкін пайдалы кеңестерді ұсынбақпыз.
- Нәпсіге жағатын істерді кейінге қалдыру.
Оқушы мектептен келген соң, сәл тынығып алып, үй тапсырмасын орындауға кірісу керек. Әдетте нәпсіге жағатын қалауларымызды (тәтті жеу, теледидар қарау, электронды ойындар ойнау, ештеңе істемеу) бірінші кезекте қанағаттандыруға тырысып жатамыз ғой. Біз бұған уақытымызды, бастысы күшімізді, энергиямызды жұмсаймыз. «Үй тапсырмасын жасап бітіруге әлі де уақытым бар» деп ойлаймыз. Бірақ күн соңына қарай күшіміз де азайып, зейін қойып оқуға, жаттауға, жазуға құлықсыз екенімізді байқаймыз. Осыған ұқсас мысалдарды кез келген салада кез келген жастағы адамдардың көпшілігінің өмірінен көруге болады.
Ерік күшін бойыңызға сіңіру барысында Интернетті шарлап кету, ТВ қарай тұру, телефонмен сөйлесе тұру, кинотеатрға бару сияқты нәпсіге жағатын қалауларды кейінге қалдыруды үйрену маңызды. Ең әуелі өміріңіздегі маңызды деген істерді соңына дейін жеткізуіңіз керек. Күнделікті күн тәртібіндегі кейінге қалдыруға болмайтын қысқа және ұзақ мерзімдегі мақсаттарыңыздың аясындағы негізгі 3 істі анықтап, оны қағазға жазып қойыңыз, бірінші кезекте соларды орындауға барыңызды салыңыз. Осыны дағдыға айналдыра білсеңіз, өмірде көп жетістікке жетіп, өзелерден оқ бойы озып тұрасыз.
- Ерік күшін үнемдеу, болмашы істерге жұмсамау.
Бұл тақырыпты зерттеу мақсатымен бір ғылыми тәжірибе өткізілген еді. Қатысушыларды екі топқа бөлді. Әр адам бөлек бөлмеде отырғызылды. Бірінші топтағы адамдарға тапсырма ретінде ащы көкөністі жеу берілді. Сондай-ақ әрқайсысының жанына түрлі тәттілер қойылды. Оларды жеуге рұқсат берілмеді. Екінші топтағы қатысушыларға сол тәттілерді жеу рұқсат етілді. Тәжірибе нәтижесі алғашқы топтағылардың өзін қинап, шыдау үшін ерік күшінің 50%-ын жоғалтқанын көрсетті. Сонымен қатар бұлайша ерік күшін орынсыз қолданудың әсері кейінгі интеллектуалдық тапсырмаларды орындауда білінді. Екі топқа да бірдей есеп берілді. Ұйымдастырушылар шешімі жоқ бұл есептерді аз уақытта шығарылатын есептер деп таныстырды. Ащы көкөніс жеп, тәттілерден бас тартуға мәжбүр болғандардың күші тек 8 минутқа жетті. Тәттілерді емін-еркін жеген екінші топтағылар 19 минут бойы бас қатырып, кейін шығара алмайтынын айтқан.
Осыған ұқсас 200-ге тарта тәжірибе өткізілді. Барлығының нәтижесі мынаған кеп саяды: ерік күші бейне бір бұлшық ет іспеттес, қызу жұмыстан шаршайды. Мысалы, бізге қатысы жоқ мәселеде өзгелермен қызыл кеңірдек боп, дәлелдеп, таласқанша, бар күшімізді маңызды істерге арнауымыз керек. Сондықтан ерік күшін болмашы істерге жұмсамай, орынды қолдана білуіміз маңызды.
- Тұрақты түрде физикалық жаттығулар жасау немесе күнделікті жаңа білім алу арқылы ерік күшін арттырып отыру.
Бірқатар тәжірибелер өмірдің бір саласында ерік күшін арттыру оның басқа да салаларда көрініс табатынын дәлелдеді. Осыған байланысты өткізілген тәжірибелердің бірінде 18 бен 50 жас аралығындағы 24 қатысушы арнайы спорт бағдарламасына жазылды. Оларға екі ай бойы тұрақты түрде ауыр көтеруге, шыдамдылыққа баулитын физикалық жаттығулар жасау жүктелді. Спортзалға барып тұру олардан ерекше ерік күшін талап етті. Тәжірибе аяқталған соң, қатысушылардың спортзалдан тыс өмірі назарға алынды. Сөйтсе, спорттық жаттығулар арқылы шыныққан ерік күші өмірдің басқа салаларында да көрініс тауыпты: қатысушылар пайдалы үй жұмыстарымен айналысып, жағымсыз әдеттерін тастап, дұрыс тамақтануды қолға ала бастапты.
Осыған ұқсас басқа бір тәжірибе жүргізілді. 4 айлық қаржылық сауаттылықты арттыру курсына еріктілер таңдап алынды. Басымдық ақшаны ысырап етпей, сақтап үйренуге берілді. Қатысушыларға мейрамханада тамақтану, кинотеатрға бару сияқты әдеттерінен бас тартуға тура келді. Сонымен қатар күнделікті сатып алған заттарының есебін жүргізіп отыруы керек болды. Курс барысында қатысушылардың қаржылық жағдайы жақсарды. Таңқалдырарлық жайт, олар өмірдің басқа салаларында да тәртіпті, жауапты бола түскен. Бұдан шығатын қорытынды: өмірдің бір саласында ерік күшіңізді арттырсаңыз, бұл басқа да салаларға әсерін тигізеді. Күнделікті 5 уақыт намаз оқып, жылына бір рет 30 күн бойы ауыз бекітіп, тыйым салынған нәрселерден бойын аулақ ұстап, ерік күшін жетілдірген мұсылманның өмірдің басқа салаларында да үлкен жетістіктерге жетіп, өзін табысты һәм бақытты сезінері анық.
Табысты адамдарды өзгелерден ерекшелейтін қасиеті – олардың өз ерік күшін арттырып, оны дұрыс қолдана білуі. Нәпсі қалауларын кейінге шегеріп, маңызды болған істерді алдыңғы кезекте орындап, болмашы істерге күшіңізді, энергияңызды жұмсаудан бас тартып, қандай іспен айналыссаңыз да, соңына дейін жеткізуге тырысу арқылы сіз де ерік күшіңізді арттырып, талай шыңдарды бағындыра аласыз.
*Мақалада келтірілген ғылыми тәжірибелердің нәтижелері Чарлз Дахиггтің "Сила привычки. Почему мы живем и работаем именно так, а не иначе" кітабынан алынған. Сонымен қатар мақаланы жазуда Шамиль Аляутдиновтің "Стань самым лучшим и самым богатым - 1" кітабындағы ерік күшіне арналған бөлім негізге алынды.