«Аллаyың көктер мен жерді жаратқан күні жазған үкімі (орнатқан заңдылығы) бойынша айлардың саны он екі, олардың төртеуі харам айлар. Міне, ең дұрыс үкім, әрі мінсіз жүйе (есеп) – осы... ».1
Осы аяттағы харам яғни құрметті айлар нақты аталмаса да, Ақиық елші өз хадистерінде атап: «Бір жылда он екі ай бар. Олардың төртеуі құрметті. Олар: қатарымен келген үш ай Зул-қағдә, Зул-хижжә және Мухаррам, жеке Жұмәәди мен Шағбанның арасында келген Ережеп (Мұдр немесе мұдар) айы» деген.2
Жоғарыдағы аяттың жалғасында «Осы айлардың ішінде өз нәпсілеріңе зұлымдық жасамаңдар...» дегендегі арабшасында «Фиһиннә»дағы һунна көптік жалғау қайда қайтады?" деген пікірталас өрбіген. Кейбіреулері сол төрт айға оралып тұр десе, кейбіреулері он екі айды толықтай қамтып тұр дегенді алға тартады.3 Негізінде жалпы дамир ең жақынына қайтады ережесіне бағынсақ сол аталмыш төрт айды меңзегені мәлім.
Зул-қағдә, зул-хижжә, мухаррам және ережеп. Міне сол төрт ай араб ай санағы бойынша: "Зул-қағдә - он бірінші ай, Зул-хижжә - он екінші ай, Мухаррам - бірінші ай, Ережеп - жетінші ай" болып саналады.
Бұл төрт ай Ибраһим атамыздан бері құрметтеліп келген-ді. Ал осы айларда жасалған қылмыстың жазасы да басқа айлардан қарағанда ауыр болатындығы жайлы көзқарас Шәәфиғи мәзһабында бар екенінде атап өту керек.4
«Ережеп - Алланың айы, Шағбан - менің айым, ал Рамазан - үмбетімнің айы», - атты хадис хадистанушылар тарапынан қатты сынға ұшыраған.5
Ережеп - Алланың айы делінуі құрметті айлардан болғандығы. Әйтпегенде ай атаулының барлығы Аллаға тән. Шағбан менің айым деуі Айша анамыздан: «Ол (Ақиық елші) Шағбан айының барлығын ауыз бекітіп, ақыры рамазан оразасына қосатын»6 және «Шағбан айындағыдай, Ол кісінің өте көп ауыз бекіткенін көрмеппін»7– деген. «Уа, Аллам! Ережеп пен Шағбанды бізге берекелі етіп, Бізді Рамазанға сау-сәлемет қауыштыра көр»8 - деген дұға хадис жинақтарында келген. Міне, бұл қандай ғажап дұға деңізші!
Иә, Ережеп пен Шағбан айы бар жоғы 60-ақ қонақ еді, міне 27 ғана күні қалды. Осы күндерде ақиреттік аламан бәйгеге, ақыл-есі бүтін, кәмелет жасқа толған әрбір мұсылман ерекше дайындық жасауы қажет. Аламан бәйге дейтініміз, бәйгенің тай жарыс, құнан жарыс, дөнен жарыс және жорға жарыс деген түрлері бар. Ал аламан бәйге жүйріктің жасына, жынысына қарамайтын әрі ең алыс қашықтыққа жіберілетін түрі. Бәйгеге атын қосу үшін атын баптауды атбегілерден, қансонарда қыран салуда қандай дайындық жасауды құсбегілерден басқа кім жақсы білмек.
Жүйрік баптау дегеніміз – түптеп келгенде атты шынықтыру деген сөз. Жалпы жүйрік баптауды түбірлі түрде қарастырар болсақ:
- дайындық кезеңі;
- баптау кезеңі;
- бәйгеден кейінгі кезең.
Және тыныс ашу, қара жарыс, тер алу, ішін тарттыру және суыту үрдісі тағы бар.9
Аламан бәйгеде бабы мен бағы сай келіп, шашасына шаң жұқпай, маңдайы жарқырап алда келуі үшін қаншама рет қара жарысқа салып ащы терін алатыны ақиқат.
Біздің сол қара жарысқа бастау кезеңіміз Ережепте ораза ұстаумен басталмаса, нәпсіміздің жілік майы әбден толып, шыңырау шегіне жеткені мәлім. Сол үшін дайындық кезеңі - Ережеп, баптау кезеңін - Шағбан, аламан бәйге - Рамазан оразасы, әсіресе соңғы тақ күндеріндегі «Қадір түні» десек дұрыс болмақ. Ал бәйгеден кейінгі кезеңді келер оразаға дейінгі уақыт деп ұқсатсақ ақылға қонымды, ойға орамды болып табылады. Жарыс пен сайыстың қай түрі болсын алдын-ала дайындықсыз жеңіске және нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.
Аламан бәйгеде иманды қуаттап, намаз, оразаның қазаларын өтеп, садақа тіпті зекетке дүние мүлкімізді есептеп одан қалды әлем мұсылмандардың рухани құрылтайы қажылыққа да жіті дайындық ниетті туралай бастау нағыз ерлік ісі. Қадір түнінің қадірін білу үшін түнгі құлшылықтардың санымен қоса сапасын арттырып, осы жылғы көктем айларына сәйкес келген берекелі сәттерді қалт жібермеуге тырысқан жөн.
Аламан бәйге деп ұқсатуды мына аяттардың аясынан алып отырмын: «Әр қауымның бет бұратын құбыласы, ұстаған жолы һәм көздеген мақсаты бар. Ендеше, (сендердің құбылаларың, жолдарың һәм мақсаттарың белгілі, сондықтан жұдырықтай жұмылып) жақсылықта жарысыңдар һәм топ жарыңдар...»10
«Олар Аллаға һәм ақирет күніне кәміл сенеді һәм (ел-жұртты) жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыюға тырысады. Сондай-ақ, қайырлы, игілікті істерде бір-бірімен жарысады. Міне, солар ізгі жандардың қатарында»11
«Ол әрбіріңді өзіне берген (Кітап) арқылы сынау үшін осылайша әр алуан үмбет етіп жаратты. Ендеше, (қол қусырып отырмай немесе кері кетпей) игілікті істерде бір-біріңмен жарысыңдар...»12
«... олардың арасында Алланың қалауымен қайырлы істерде алдына жан салмайтын ізгі жандар бар. Міне, (Алланың) ең үлкен шарапаты осы»13
Ал өлім мен өмірдің өзі жан баласына кім жақсырақ амал жасау үшінгі бір сынақ екені де мәлім.14 Аталмыш ардақты аяттардың тек жақсылықта жарысу мәселесін алып отырғанымды қайталап айтып қояйын. Әйтпегенде Ережеп айына дәлел келтіріп отыр деген жаңсақ түсінік қалыптаспасын. Ал жарыстың негізгі мәресі мен сыйлығы «Раббыларыңның жарылқауына һәм шынайы тақуалар үшін әзірленген кеңдігі жеті қат аспан мен жердей болған жұмаққа асыға жарысыңдар»15
Ораза тек қана ішіп-жеуден тыйылу ғана емес екенін, ораза тұтушы жұрт жетік естіп үлгерді. Демек оған жан-жақты, тып-тиянақты дайындалу қажеттігін еске салып отырмын. Оразаға қазірден дайындалып, бапталып қарсы алсақ, бабымызбен кіргендіктен тек бақты ғана мүмкіндікке қалдыра аламыз.
Бірде бір қолбасшы, тіпті кей жерде Иса (ғ.с) немесе бір данышпан айтыпты-мыс деген аңыз бар еді ғой. Сол оқиғаны жазумен аяқтағым келіп отыр. Мен қолбасшы деп жалғастыра берейін. Қолбасшы әскерлеріне көзге түртсе көрінбес қараңғы түнде "Ала алғандарыңша қойын-қоныштарыңды тас-топырақпен толтырып алыңдар", – деп жар салады. Әскерлер аң-таң. Бұйрық қатты, жан-тәтті берілген соң орындау керек деп ойласа да әрбіреуі әртүрлі жүзеге асырады. Бірінші топ тексермейтін шығар деп еш нәрсе алмайды. Екінші топ әйтеуір сұрап қалса көрсетерміз деп бірнеше кесек ала салады. Үшінші топ бұйрықты бұлжытпай орындайды. Арайлап таң атқанда қараса, алғандары қып-қызыл алтын боп шығады. Алмағандар алмағаны үшін, аз алғандар көп алмағаны үшін, көп алғандар одан да көп алмағандары үшін қатты өкінеді. Бірақ мүмкіндік қолдан бұлбұл ұшты...
«Бұл ай сондай бір ай болып табылады. Амалдар осы айда Аллаға ұсынылады. Мен ауызым берік күйде амалдарымның көтерілуін қалаймын»16 – деген еді Шағбан айы жайлы дана елші (с.а.у.).
Иә, өмірде солай. Сол секілді осы Ережеп, Шағбанды сауапты істермен өткізіп Рамазанға ерекше дайындықпен кірудің күні қазірден басталғаны абзал. Раббым, барша адам баласын, соның ішінде мұсылман жұртшылығын өкінгендердің қатарынан қылмасын!
Сілтемелер:
- Тәубе сүресі – 36 аят.
- Бұхари
- Табари, Тәубе сүресінің 36 аятының тәпсірі.
- Тағы сонда
- Мәудуғ хадис
- Ибн Мәжа, Саум; 4.
- Бұхари, Саум; 51.
- Мүснәд, I/259.
- Қазақтың атбегілік өнері, Бекен Қайратұлы, 132 бет «Жарыс.кз» Астана - 2014
- Бақара сүресі 148 – аят.
- Әлү-Имран – 114 аят.
- Мәида сүресі 48 - аят.
- Фатыр сүресі 32 – аят.
- Мүлік сүресі 1 – аят.
- Әлү-Имран 133 – аят.
- Нәса-ій, Саум, 70.